Мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменовтің Петропавл қаласының тарихи атауын қайтару туралы Премьер-министрге жолдаған сауалы қазір Қызылжарда талқыланып жатқан нөмірі бірінші тақырыпқа айналды. Өкінішке қарай, қолдаушылармен қатар тасадан тас лақтырушылар қазақтардың арасынан да табылып қалып жатыр.
Алдымен Сенатта отырған Тасбай Симамбаевтың «бүйректен сирақ шығарғанын» көргенде, жұрт жағасын ұстады. Оның айтуынша, қаланың атауы ауысса, өзге ұлт өкілдері үдере көшеді-міс. Қарап тұрып, еріксіз күлкің келеді. Енді оның ізін ала сайлаушылары – қалалық мәслихат депутаттары да Симамбаевша сайрай бастады. Жапа-тармағай жиналыс өткізіп, жергілікті газет беттеріне қарсы мақала жазатындай олардың бастарына не күн туды екен? Оқып көрейік: «Петропавл қалалық мәслихатының «Нұр Отан» фракциясының отырысы өтіп, онда «Петропавл қаласының атын өзгерту жөнінде депутат Жарасбай Сүлейменов жария еткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары тобының мәлімдемесі туралы» мәселе қаралды... Депутаттар қаланың тарихи атауын өзгертуге қарсы бірауыздан пікір білдірді... Жарасбай Сүлейменовтің бастамасы оның жеке ұстанымы болып табылады деген ортақ пікірге келді». Бұл «Солтүстік Қазақстан» газетіне шықты.
Мәслихат депутаттары шамасы қаланың тарихи атауы қайсы екенін ажырата алмай жүрген сыңайлы. Әлде Петр мен Павелді пір тұтатын олар Жарасбай Сүлейменовтің мәлімдемесінде келтірілген тарихи деректерді мойындағысы келмей ме? (оқыңыз: «Алаш айнасы» №164 (390) 24 қыркүйек 2010ж.). Қызылжарлық болуды қаламайтындардың қатарында бүгінгі күнге дейін ұлтжанды азамат деп келген Жангелді Тәжин ағамыз да жүр. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді .....» демекші, депутаттықпен қоса мектеп директоры ретінде ұрпақ тәрбиелеп жүрген ағамыздың жеткен жері осы болса, өзгелерден не қайыр?
Қаланың атын ауыстыру Жарасбайдың жеке пікірі ме? Жоқ, әрине. Бұл тақырып Тәуелсіздік алғаннан бері күн тәртібінен бір түскен емес. Бұқаралық ақпарат құралдарында қаншама мақалалар жарияланды. Ғалымдар мен өлкетанушылар да талай жазған. Ал қалалық мәслихат депутаттары болса аспаннан түскендей әсер қалдырады.
«Артық қыламыз деп, тыртық қылып алмайық...» деп айқайлатып мақала жазған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы Кәрібай Мұсырманды да жұрт түсіне алмай әлек. Бұл кісі де қала Қызылжар атанса, қазақ пен орыс жаға жыртысады деп қорқатынын білдіріпті. «Осы жөнінде былтырлары неше түрлі алыпқашпа, қаңқу сөздер өршіп, қала мен өңірдегі қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төнуге айналған кезде облыс әкімі Серік Біләлов жұртшылықты тыныштандыру мақсатымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мәлімдеме жасап, Петропавл қаласының атауын өзгерту мәселесі әзірге күн тәртібіне енгізілмейтінін мәлімдеуге мәжбүр болғаны белгілі. Мұны дұрыс түсінбей, басқаша жорып, өңір басшысын ашық та, сырттан да сынап-мінеп жүргендер жоқ емес. Бірақ бұл әділдікке жатпайды» дейді Мұсырман мырза мақаласында. Әңгіме ауанын аңғарған боларсыздар, екі жыл бұрын ойын ашық білдіремін деп опық жеген әкім бұл жолы өзгенің қолымен от көсеп жатқан сыңайлы. Әкімнің «әділетсіз» сыналуына мына сөзі себеп болған еді: «Біздің облыста әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық қалыптасқан. Соны бұзбау үшін облыс орталығы өзінің тарихи атауын (!!?) сақтап қала бермек. Петропавл болған, бола да бермек» (8.07.2008). «Балық басынан шіриді» деген, сірә, осы болар.
Билік басындағылар мен аға буын өкілдерінен қайыр болмаған соң жергілікті жастар өздерінше әрекет етуге кірісті. Олар қол жинап, Үкіметке, Президентке ашық хат жолдауды көздеп отыр.
Уәлихан АРЫҚБАЙ, Қызылжар қаласының тұрғыны:
– Еліміз ғана емес, санамыз да, тіліміз де Тәуелсіздікті қалайды. Қаланың христиан дінінің өкілдері Петр мен Павелдің атымен аталуы жастардың тәрбиесіне кері әсерін тигізеді деп ойлаймын. Сондықтан да болар, қазақ жастарының арасында шоқынып кетіп жатқандары бар. Бұл ұлт болашағына жасалып жатқан қасірет дер едім. Мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменовтің Премьер-министрге жолдаған сауалын өте орынды және мерзімінде көтерілген мәселе деп ойлаймын. Қаланың атын ауыстыруды қызылжарлық жастар қолдап отыр, тек аға буын тарапынан белсенділік байқалмайтын сыңайлы. Сондықтан жастар қол жинап жатырмыз. Кейін оны жергілікті әкімдікке, Үкіметке, Президент Әкімшілігіне жіберуді көздеп отырмыз.
Қарасақалдылар «Қызылжардан» неге қорқады?
Последние статьи автора