Қарақұйрықты қалай қорғап қаламыз?
Ен даланың еркесіне айналған ақбөкенге ұқсайтын қарақұйрық атты жануар бар. Оған көрер көзің сүйсіне түседі. Сүп-сүйрік жіңішке, сұлу да өте сымбатты. Шағын, жеңіл денелі, ұзын мойны бар, әдемі. Кішкентай басында үлкен де сәл бадырайған мөлдір бота көздері бар. Кең даланың еркесі – қарақұйрыққа көзің түссе, қызықпай өте алмайсың. Оған қызықпайтын жан жоқ шығар. Табиғаттың барлық таңғаларлық сұлулығын осы бір жануардың басына үйіп-төгіп бере салғанын қарасаңшы. Жарықтықтың тұяғының басқан ізінің өзі де сұлулықтың символындай, өте үшкірленген жіңішке, жүрек тәріздес сымбатты-ақ. Қарақұйрық өте жылдам жануар. Басын тіп-тік ұстап, орғып-қарғып, сағатына 50-60 шақырым шапшаңдықпен зулап жүгіреді. Бүкіл дүниежүзілік табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген аң Армения мен Тәжікстанда жойылып кетсе, қырғыз елінде саусақпен санарлықтай қалған екен. Қазақстандағы жағдай да соның маңайында десек те артық емес. Осы мәселе төңірегінде ой толғайды.
1950 жылдары Қызылқұм бойымен Ақтөбе облысы Шалқар ауданы арасында 20-25 мыңдап, Маңғыстау және Үстірт бойында жүз мыңдап кездескен қарақұйрықты он мыңдап аулап, дәмді еті халық шаруашылығына пайдаланылған. Бүгінгі таңда ше? Тұзды Арал теңізінің ащы суын рахаттана сусын етіп, дархан далада өр көңілмен өмір кешетін бұл хайуанның қазақ жеріндегі қазіргі күйі адам аярлықтай екені жан ауыртады.
Сыр өңірінің табиғаты жөнінде зерделі зерттеу жүргізіп келе жатқан биолог Оразбай Қосановтың айтуынша, бұл күндері қарақұйрықтың саны елімізде бірнеше мыңнан аспайтын көрінеді. Ал, Арал теңізінің Құланды түбегі мен Аяққұм құмы (Шалқар ауданы, Ақтөбе облысы) арасында үйір-үйірімен жосып жүретін қарақұйрық қазіргі таңда әрбір мың шақырымда бір түйірден ғана кездеседі. Адамдардың осы аңға деген тағылық көзқарасы осылай жалғаса беретін болса, оларды сақтап қалудың шұғыл шарасы қолданылмаса, қарақұйрық та Қазақстан құланы сияқты жойылып кетуі ғажап емес. Бейкүнә да ешкімге зәбірі жоқ, пайдасы шаш етектен келетін осы түз тағысының осыншама жедел қарқынмен жойылуының ең басты себебі – Адам, яғни табиғаттың қас жауы саналатын – браконьерлер.
Қарақұйрықтың қас дұшпандары браконьерлер мұздай қаруланып, күндіз де, түнде де, аспаннан да, жерде де шабуыл жасап, осы аңның тұқымының тез құруына себеп болып отыр. Қарақұйрықтың табиғи осал тұсы да бар. Ол жазық далада жиі соғатын үскірік борандарға, қары қалың қысқа, мұздақтарға төтеп бере алмайды. Яғни, тебіндеп жайыла алмайды. Ол қуаңшылыққа да шыдамсыз. Су көздері құрғап қалса, бір аймақтан келесі аймаққа, 450-700 шақырымға шейін, қиналмастан су іздеп көшіп, топ-тобымен мекен ауыстырып жүре беруге дағдыланған.
Қарақұйрықтар қысты күндері Солтүстік Аралдың үскірік-ызғырық, желді-қарлы тегіс даласынан Оңтүстік Қызылқұмға ойысады, ал көктем туа кері бағытқа көшеді. Қазақтың сайын даласының ерке сылқым сұлуы қарақұйрықтың барлық тіршілік әрекеті – жайылымға шығуы, қорек түрлерін қатаң сақтауы, дем алып тыныстауы (егер сырттан басқа бір себеп болмаса) қатаң тәртіпке бағындырылған.
– Республикамыздың құба жон даласына тән, нағыз шөл еркесі деуге тұрарлық бұл бөкендердің өзгелерден ерекшелеу, өздеріне тән қоректері бар. Олар сексеуілді-жыңғылды, бүйірғұнды-бетегелі, баялышты-жусанды, миялы-қияқты, адыраспанды-қоңыр басты қатты сазды, тастақты шөл даланы мекен етеді. Қарақұйрықтар өсімдіктердің 42-47 түрімен қоректенеді десек те, олар қорек жөнінен ешкіммен бәсекелеспейді, өзгелердің тамағына (ақбөкен және кемірушілерден басқа) көз алартпайды, ешкімге зәбірі жоқ. Бұл да керемет хайуанның кереметтігі емес пе! Дегдарлық деген осы шығар, – деді О.Қосанов ағамыз бізбен әңгімесінде.
Осы дала төресінен айрылып қалмау үшін 1929 жылы Арал теңізіндегі Барсакелмес қорығына екі еркек, 7 ұрғашы қарақұйрық әкеліп жерсіндірілген. Жұмыс нәтижелі болып, олардың саны 350-ден 500-ге өсті. Алайда, Арал теңізінің тағдыры тәлкекке түсіп, сор сасыған көлшікке айналған тұста қорықтың күйі де мүшкіл халге жетті. Қайран қарақұйрықтар өсуін тоқтатты. Біразы «күштілердің қолында, тістегеннің аузында» кетіп, біразы басқа жаққа қоныс аударып, талан-таражға түсуде.
Онсыз да Бүкіләлемдік табиғат қорғау Одағының «Қызыл кітабына» алғашқылардың бірі болып орын алған, Кеңестер Одағы, Қазақстан Республикасы осындай кітаптарына тіркелген қарақұйрықтарды жер бетінен жоғалып бара жатқан аң ретінде облыс аймағында аулауға қатаң тыйым салынған. Алайда, бұл бөкендерді сақтап қалу үшін облыс аймағында браконьерлердің тағылық әрекеттеріне үзілді-кесілді тиым болмай отыр.
Сыр өңірінде қарақұйрықты қалай сақтап қалуға болады. Бұл жөнінде О.Қосанов ағамыз мынадай ұсыныс айтады. «Қалай да Барсакелмес қорығы сақталып қалуы керек және ондағы осы хайуанның талан-таражға түспеуі қадағаланғаны жөн. Өсімтал да күй талғамайтын, бағалы да дәмді ет беретін, қорегі жөнінен ауылшаруашылығы малдарымен бәсекеге түспейтін қарақұйрықты кәсіптік маңызы бар жануар ретінде ақбөкендермен қоса өсіретін арнайы шаруашылық ұйымдастырудың тиімділігі айтпаса да түсінікті. Бұл үшін мал шаруашылығының басқа саласымен айналысу тиімсіз саналатын, бос жатқан шөл дала Құланды түбегі (Арал ауданы) таптырмайтын орын» дейді ол.
Бұл түбек Ақтөбе облысының Аяққұм, Сарыой, Бозой даласы арқылы Үстірт шыңдарымен жалғасады. Қарақұйрыққа осындай шетсіз-шексіз құба дала керек. Қысқасы, қарақұйрыққа қамқорлық қажет-ақ...