Кез келген халықтың ата-бабасынан жалғасып келе жатқан дәстүрлі ұлттық өнері бар. Соның бірі – киелі де, қастерлісі би. Әншілік, күйшілік өнер сияқты би өнерінің де өзіндік ерекшеліктері, тарихы, тағдыры бар. Би эстетикалық тәрбие беретін өнер туындысы.
Жақында А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жастар комитеті мен студенттік ректораттың ұйымдастыруымен «Қамажай» ауыспалы би сайысы болып өтті. Би сайысына оқу ордасының сегіз факультеті мен магистратура бөлімінен екі-екіден өнерпаздар қатысты. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға ұлттық биімізді насихаттау және биге қызығушылығын тудыра білу. Сонымен бірге Тәуелсіздіктің 18 жылдығын айрықша атап өтуге бағытталған.
Тәуелсіз ел атанғалы қол жетпес құндылықтарымызды жастарға түсіндіріп, олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруде ұлттық бидің де маңызы ерекше екені анық. Сайыскерлер сахна сыртында жұптарымен қобалжып, үнемі дайындық үстінде болды. Көрермендерге өздері дайындап келген кез келген биді ұсынды, ал екінші бөлімде түрлі елдің сан алуан музыкасына сай шапшаң билеп, өнерлерін ортаға салды. Әр жұптың мың бұрала билеп, өнер көрсеткенін саралаған әділқазылар «Экономика» факультетінен қатысқан «Әдемі» би тобының өнерпаздары Хабдалқызы Жанбота мен Дилшат Жайдарды жеңімпаз деп тапты.
Моңғолия елінен атамекенге келіп білім алып жатқан Ж.Хабдалқызы: «...Мен қазақтың билерін бала күнімнен билеп келемін. Сондықтан бұл сайысқа қатысып, жеңімпаз атанып отырғаныма қуаныштымын. Біздің билеріміз сан алуан. Соңғы уақытта «Қара жорға» биі ел арасында жиі дәріптеліп жүр. Оны моңғолдың биі деп жүргендер де бар. Бірақ ол нағыз қазақтың биі, себебі қазақтың биінде буын-буынның бәрі қозғалады. Ал моңғолдың ұлттық билерінде тек жауырынмен билейді», – дейді. Шынында да, «Қара жорға» биінің тарихы ХІІ ғасырдан әріге кетеді.
Сол сияқты, «Қамажай» биінің де өзге билер сияқты қазақтың ұлттық өнерінің биік шыңы болғандығын дәлелдейді. Өкінішке қарай, кейінгі ғасырларда би дәстүрін жалғастырушылар азайып, бұл өнерде сабақтастық үзіліп қалды. «Қара жорға» биін соңғы бес-алты жылдың көлемінде ғана Қытай қазақтары қайта жаңғыртып, сахналық үлгісін халықтың назарына ұсынып жүр.
Кеш соңында халқымыздың тірлік-тынысын, талайлы тағдырын паш ететін ұлттық биімізді биікке көтеруге талпынып, жанкештілікпен өнерлерін паш еткен барлық сайыскерлерге ұйымдастырушылар атынан естелікке шағын сыйлықтар тапсырылды.Төл өнерімізді шама жеткенінше дәріптеп, дамытуға күш салатын ауыспалы би сайысы өз жалғасын таба бермек.