Қайырымдылық жасауды қалай түсініп жүрміз?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Кең даладан дарқандықты бойына сіңіріп өскен қазақтың бойында көптеген асыл қасиеттер бар еді. Ертеден жетімін жылатқан жоқ. Оның көз жасын сүртіп, бауырына қысты. Жесірі де қамқорсыз емес. Оған да ағайын-туыс көмегін беретін. Бұл ертеден келе жатқан қасиеттің бірі болатын. Мейірбан қалпымызбен кейде қолындағы барын бөлісетін ағайындар көп-ті. Әрине, одан аз зиян да көрген жоқпыз. Кейде есіктен кіріп төр менікі дейтін адамдар да кездескен. Оларды бағып-қағып, қиналған сәтте қолтығынан демегенін кейбірі ұмытып та кеткен шығар-ау. Қалай десек те, адам баласының бойында осында асыл қасиеттердің болуы шарт. Бұл жайында түрлі діни кітаптарда айқын көрсетілген. Ол жайында қайталап айтып жатқанымыз артық шығар. Бір айта кетерлігі, ежелгі заманнан біздің дана халқымыз сондай қасиеттерді бойына сіңіріп өсті. Үлкеннің алдынан кесе-көлденең өткен жоқ. Солардың айтқанымен жүрді. Одан ешкім зиян көрмегені тағы белгілі. «Алаш айнасы» осы жайында ой толғайды.
Осындай қасиеттерді біздің көзіміз көріп өсті. Ақсақалдар оны үнемі айтып отыратын. Қазақ құдайы қонақты үйден құр шығармайтын. Барын алдына тосатын. Тіпті, жаяу-жалпы жүргеніне астына ат мінгізіп жіберетін сәттер де кездескен. Оны тарихтан джа білеміз. Құймақұлақ қарттарымыз да бұл жайында жиі әңгімелеп отыратын. Осыдан 20-30 жылдай бұрын жол шетінде көлігі бұзылып немесе басқа себептермен қалып қойған адамдар жақын жердегі ауылға барып, ол ауылдағы кез-келген үйдің есігін емін-еркін қағатын. Өзінің құдайы қонақ екенін айтып, бір күн түнеуді немесе қажетті көмекті сұрайтын еді. Мұндай өтінішке ешкім де бәлсініп қалмайтын. Қолынан келгенше көмек қолын созатын.
Қазір ше? Мұндай қасиеттер бойымыздан жоғалып бара жатқан секілді. Қала адамдарынан былай қойғанның өзінде, ауылдағы ағайын да мұндай құдайы қонақ түгілі ет-жақынына қарайласа қоймайтын әдет тапты. Мұны қалай түсінеміз? Тіпті, келген адамыңның өзінен үрке қарайтын уақыт туды. Солай болатын жөні де бар секілді. Себебі, қазір елдің арасында құдайы қонақтан гөрі құдай ұрған қонақтар көбірек жүретін жағдай туды. Біреудің үйінде қандай дүние бар, соны есептеп жүретін, реті келгенде соны үптеп кетуге дайын тұратыны тағы бар. Сонымен, қазақтың атадан бойымызға сіңген адал қасиеті адыра қалып, бір-бірімізге жау көзбен қарайтын жағдайға жеттік.
Оның себебін қалай іздейміз? Ілгеріде ауыл ақсақалдары жас буынға жақсы мен жаманды таразыға тартып отыратын. Ол жайында аңыз бен әпсана қозғап, санамызға шегелеп тастайтын. Содан кейін жүрегіңде мейірім оянып, әрбір адамды өзіңнің дос-бауырың көретінің ақиқат емес пе? Бұл қайта дәлелдеуді, қайта айтуды қажет ете қоймайтын дүние. Ілгеріден мұсылмандықты ізгі тұтып, соның жолында дарқан пейілін көрсеткен қазекем жайында кезінде біздің ұлан-ғайыр даламызға тағдыр талайымен келген талай ұлт пен ұлыс өкілдері жылы лебізін аз айтқан емес. Қолыңда барыңды бөлісіп, жығылғанды тұрғызып, сүрінгенді қолтығынан демеу әрбір азаматтың парызы болса керек-ті. Шындығында, қым-қуыт кезеңде мұндай жанашырлық пейіл көп ұлттардың бойында кездесе бермейтіні тағы бар. Дегенмен, сондай асыл қасиеттерін адыра қалдырмай, сол кескін-келбетімен әлем жұртшылығын аузына қаратып отырған ұлттар да баршылық. Өзіміз жиі мысалға алатын корей мен жапон жұрты әрдайым өзінің ізетін көрсете отырып-ақ, жер-жаһандағы жұртшылық алдында атақ-абыройы асқақтап келеді. Ендеше, біз үшін солардың үлгісін алудың ешқандай айыбы жоқ. Біз солардың жолымен жүре алсақ, ешқандай ұтылып қала қоймайтынымыз айдан-анық.
Қазіргі күні иісі мұсылман баласына асыл айдың бірі – рамазан болып жатыр. Жұмыр жердегі мұсылман жамағаты ауыз бекітіп, бес парыздың бірі өтеуде. Осы бір қасиетті айда қалтасы көтерген мұсылман баласына қайырымдылық жасау парыз саналады. Құдайға шүкір, адал ақы, маңдай термен тапқан табысын жоқ-жітіктің жүзіндегі жабырқау көңілін жазуға арнаған азаматтар да бар. Олар бұл ісін ешкімге жарнамаламай-ақ жасап жатады.
Енді тағы бір адамдарды көреміз. Жұртқа бергені болмашы ғана нәрсе. Соның жарнамасын жұртқа жариялап жатады. Әрине, бұл жайды көргенде еріксізден қынжылыс білдіруден басқа амалың қалмайды. Тіпті, оны имандылыққа ұйыған жан деп айтуға негіз бар ма? Өйткені, әшейінде алдына жағдай айтып барған адамға есігін ашпайтын олардың оразада өздерін көрсетіп қалғысы келетін әдеті бар. Бұны ешбір түсіне алмай келе жатқан жайымыз бар. Қазақта «Мұсылман болмақ әсте-әсте» деген сөз бар. Десе де оған кереғар осындай жайлар бізді ойландырады.
Бұрынғы кезеңде аталарымыз алдына жағдай айтып келген адамның меселін қайтармауға тырысатын. Жағдайы қиын болып тұрса оны қолтығынан демеп, еңсесін тіктетуге атсалысатын. Біз осындай жағдайларды көргеннен кейін қазіргі кейбір пенделердің тоғышар әрекеттеріне еріксіз қынжылыс білдіреміз. Айта кетелік, қазір ел ішінде түрлі отбасылар бар. Республикалық телеарна мен басылым беттерінде баласының ем-домына қажетті қаржы іздеп жатқан азаматтарды көруге болады. Олардың шетелде ем алуына көп қаржы керек екен. Өкініштісі, олардың көбісі сондай қалталы байларға барып, жағдайын айтып көруге тырысады. Алайда, олардың күзетшілері өз қожайындарына маңайлата қоймайды. Әйтпесе, күнінен қыруар қаржы тауып жатқан олар үшін әлгі отбасының мұңын тыңдап, қолдан келгенін көмегін беру түкке де тұрмайды. Сондай кісілердің қасиетті айда өздерін жақсы жағынан көрсетіп қалғысы келетін әдетін басқаша қалай түсінеміз енді?
Қайырымдылық – асыл қасиеттің бірі. Оны мүддемізге пайдаланып, жоқ жерден өзіне жарнама жасағанымыз қаншалықты дұрыс? Осы жағын ойланып көрелік...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста