Желіде полицейлердің төбелесі басталмай тұрып кафеде не болғаны түсірілген видео пайда болды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Павлодардағы кафе қонақтары мен полицейлер арасындағы төбелестің видеосы Instagram желісінде пайда болған еді. Видеодағы кадрлардан екі жігіттің кафе қонақтарына жақындағаны көрінеді. Олардың бірі қонақтар отырған үстелге жақындаса, екіншісі шөлмегін ұстап алып, бір топ адамға барып сөйлей бастайды.
Біраз уақыттан соң үстелде отырған әйелдердің бірі жігіттің бетіне стақан сусынын төгіп жібереді. Жігіт болса, оған жауап қайтармақ болып әйелді ұрмақшы болады. 27283fffggg есімді пікір білдіруші әйелдің қолындағы стақанда сыра болғанын, ал жігіттің қолында шырын құйылған стақан болғанын айтады.
"Мен сол жақта тұрдым, олар ұрысқан да жоқ. Қолдарындағы стақандарын бір-біріне төккені болмаса, басқа ештеңе болған жоқ. Екі минуттай уақыт аралығында болды. Біздікі дұрыс болмады және біз бұл жерде полицейлер кінәлі деп отырған жоқпыз. Осы мәселенің шешілгенін қалаймыз, полицейлерді қамауға алмасын", - деп жазған Желі қолданушысы.
"Арай" кафесінің әкімшілігі оқиғаның ғимараттың ішіндегі видеобақылау камераларына түсірілгенін және бұл видеоның полиция қызметкерлеріне жолданғанын айтады.
Ал полициядағылар ұсталғандармен төбелес шығарған полицейлердің жұмыстан қуылғанын хабарлады. Оларды жұмыстан шығаруға ҚР млекеттік қызметкерлерінің қызметтік және Әдеп кодексін дөрекі бұзғаны негіз болған.
Жұмыстан қуылғандардың екеуі жол-патрульдік қызметте жұмыс істеген, екеуі - иснпекторлар. Қазіргі уақытта полицейлер мен ұсталғандар арасындағы төбелеске қатысты арнайы тергеу басталды.
Сондай-ақ, осыған дейін Павлодар полицейлерінің өздері ұрып-соққан кафе қонақтарын жазаламақшы екені хабарланған болатын.
"Павлодар облыстық ІІД Тергеу комитеті биыл 3 тамызда болған оқиға бойынша "Билік өкiлiне қатысты күш қолдану" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады", - деп хабарлаған еді Павлодар облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі өкілдері.
Еске сала кетейік, полицейлердің ұсталған жігіттерді аяусыз соққыға жыққан видеосы Желіде 11 тамызда таралған болатын. Оқиға Павлодар дүкендерінің бірінде орнатылған бейнебақылау камерасына жазылған. Видео кадрларынан полицейлердің қабырғаға тақалып тұрған жігіттерді ұрып-соққанын көруге болады, бірі тіпті отырған ер адамның басынан тебеді. Соған қарағанда, тәртіп сақшылары оларды қызметтік көлікке отырғызғысы келген болуы керек.