Дертіңізге дауа болады деген дәрілердің өзінен ши шығып жатыр бүгінде. Аурудан айықтыра ма деген дәрумендердің өзі қайта дерт жамауда.
Еліміздегі фармакологиялық бақылау саласының мамандары жуырда 10 мың препаратты тексеруден өткізген болатын. Жағдай жаға ұстатарлықтай. Сүзгіден өткен дәрілердің 20 пайызы жарамсыз болып шыққан. Ең қорқыныштысы, олардың нұсқаулығындағы дәрі туралы мәліметтер, құрамы сай келмейді. Нұсқаулық айдалаға лағып кетіпті. Мамандардың тексеру қорытындысы мүлдем бөлек болып шыққан. Жыл басынан бері еліміз бойынша 20 адамның дәріден улану фактісі тіркелген. Фармакологиялық бақылау басқармаларына дәріге байланысты 150-ден астам шағым түсіпті. Сондай-ақ отандық өндірісте өндірілген препараттардың 30 пайызының жарамсыздығы анықталып отыр. Елімізде дәрі өндірісімен айналысатын зауыттардың саусақпен санарлықтай екені белгілі. Енді солардың өзінен ши шығып жатқан соң, не амал?! Бас ауырып, балтыр сыздай қалғанда екінің бірі пайдаланатын «Аналгин», «Ацетилсалицил қышқылы» препараттары құрамының стандартқа сай еместігі де анықталып отыр. Адам денсаулығының кепілі делінген дәрілерден қайран болмаса, онда не істеу керек? Негізінен, отандық болсын, импорттық болсын – дәрі-дәрмектердің барлығы мемлекеттік тіркеуден өтіп, содан кейін ғана елімізде сатылуына рұқсат етілуі тиіс. Алайда бұл талаптың көбіне сақтала бермейтіндігі анық. Оған осы салаға қатысты әр жерден бой көтеретін дау-дамай дәлел. Дәрі-дәрмек саласына қатысты дау-дамайда сабақтаулы инедей ілесіп жүретін тағы бір мәселе бар. Бүгінде желілік маркетинг бойынша сатылатын дәрі-дәрмектер жетіп- артылады: дәріханаларда емес, жеке адамдардың қолында. Оның лицензиясын сұрап жатқан жан жоқ. Пайда табу үшін жарнамасын қаптатып, саудасын да қыздырып жүргендер көп. Пайдасынан гөрі, зияны көп осындай дәрілерге шектеу бола ма? Бұл – жауабы жоқ сұрақ. Әрі жуық арада нүкте қойылуы да белгісіз. Елімізде отандық фармацевтикалық өнімдердің тек 10 пайызды құрайтыны белгілі. Сонда елімізге ағылып келіп жатқан дәрілердің 90 пайызы импорттық өнім деуге болады. Одан бөлек шекарадан заңсыз өткізіліп жатқан дәрілерді қосыңыз. Әсіресе қытайдың қауіпті дәрілері базарларда заңсыз сатылымда жүр. Тіпті жуырда арықтаймын деп есінен адасқан қыз туралы басылымдар жарыса жазды. Шынында да, Қытайдан әкелінетін дәрілерге құмартушылар көп. Бұрындары салмақ тастауға арналған дәрілерге сұраныс көп болса, бүгінде жүктілікке қарсы дәрілердің алушылары артыпты. Қытайдан әкелінген түсік тастау мақсатындағы дәріні ішкен 170-ке жуық әйел өлім аузынан қалған. Бүгін оны қолданғанмен, ертеңгі күні ана атану бақытынан мүлдем айырылу қаупі тұрған жоқ па?! Оны аналарымыз бағамдап жатқан жоқ...
Жеңіл жаза заңсыздыққа жол ашар
«Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы» РМК дәрілік заттар айналымы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы болып табылады. Орталық 2002 жылы құрылған. Ұлттық орталықтың негізгі мақсаты – аты айтып тұрғандай, дәрілердің қауіпсіздігі мен сапасын анықтау. 2007 жылы Қазақстан дәрілік заттарды мониторингілеу бойынша ДДҰ Халықаралық бағдарламасы қауымдастығының мүшелігіне өткен болатын.
Дәрілердің сапасын талдауда үнді фармакопеясы алдыңғы қатарда әрі әлемдегі фармацевтикалық өнім өндірудің ұлттық стандарты елі ретінде саналады. Жапонияда дәрілік заттардың сапасын қатаң бақылауда ұстайды. Сондай-ақ АҚШ-тың дәрі және тамақ өнімдерін бақылау бойынша басқармасы (FDA) талапшылдығымен басқаларға үлгі бола алады. Мәселен, АҚШ-тың дәл осы басқармасы үй жануарларына арналған тағамдар құрамынан улы қоспаларды анықтаған соң, Қытайға қарсы нота жолдағаны белгілі. Ал біздің ел Қытайға қарсы «майдан» аша алмай отыр. Тіпті бір емес, бірнеше рет адамдардың улану фактісі тіркелсе де, бұл салада – «өлі тыныштық»... Фармабақылаудың бірден-бір таңдаулы ұлттық жүйесі Еуропада және Ұлыбританияда бар. Осы елдерде тәжірибеге аяқасты хабарлама жүйесі енгізілген. Ұлыбританияда бұл жүйе сары карта сызбасы деп аталады. Ол бойынша, дәрілік және тамақ өнімдерін бақылау жөніндегі ұлттық денсаулық сақтау агенттігіне қауіптенген жағдайда пошта арқылы хабар жіберіледі. Сары карта сызбасы бүгінде әлемнің барлық елінде фармақадағалау жұмысының негізгі анықталған әдісі болып келеді. Елімізде 2005 жылдан бастап аяқасты хабарламалар әдісі енгізілген. Отандық және шетелдік өндірушілердің елімізде тіркелген дәрілік препараттарының қауіпсіздігін бақылау үшін жолға қойылған. Осыған сай нормативтік-құқықтық құжаттар бекітілген. Алайда арнайы заң болғанымен, оның орындалу деңгейі тым төмен.
Дәрі.кз-ның қауқары қандай?
Дәрі-дәрмекке жауапты мамандар қауіпті таблеткалармен күресу үшін dari.kz атты порталды іске қосып отыр. Аса қажетті осы сайт арқылы тұтынушылар қандай дәріге лицензия берілгендігімен, дәрі-дәрмектің құрамы қандай екендігімен, тіпті арнайы нұсқаулығымен толық таныса алады делінген. Мамандар порталға енбеген өнімдерді сатуға рұқсат жоқ деп отыр. Алайда аты бар да, заты жоқ болып шықты. Аса қажетті дәрілерді айтпағанның өзінде екінің бірі пайдаланатын «Аналгиннің» өзін таба алмадық. Іздегеннен пайда жоқ. Сабанның арасына түсіп кеткен инедей «іздеу» нүктесін басқанмен, табу мүмкін болмады… Шеттен келетін және отандық дәрілердің сапасын қатаң қадағалау үшін министрлік төрт кезеңдік бақылау жүйесін енгізіп отыр.
Дәулет Сәбденәлиев, Дәрі-дәрмектерді тексеру ұлттық орталығы директорының орынбасары:
– Төрт кезеңнен тұратын жүйенің негізгі мақсаты – дәрілердің сапасын арттыру, екіншіден, шекара асып келетін дәрілерді қатаң қадағалау, одан кейін тексеріс кезіндегі жемқорлықты жою. Сондай-ақ тұтынушының құқығын қорғау да назардан тыс қалмайды.
Жұмыс атқарылып жатыр. Алайда нәтиже кемшін. Заңсыз дәрілердің айналымда жүргені – жүрген. Тіпті улану фактілері көптеп тіркелсе де, қолданылып жатқан шара кемшін. Себебімен емес, салдарымен күресіп жүргендейміз... Тәртіп сақшылары тарапынан қолға түскенімен, жеңіл-желпі айыппұлмен құтылып кететін көрінеді. Заңсыз дәрі сатқандарды ұстап, ісін сотқа өткізгенімен, сот айыппұл салып, бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айырады. Жеңіл жаза емес пе?! Одан бөлек бюджетке салық төленбейтіні тағы анық. Осы кәсіптің құлағын ұстағандар екі жеп, биге шығып отырғандай. Оған тоқтам салуға солқылдақтық танытып отырғандаймыз...
Есте сақтар ескертпе
Дәрі-дәрмектердің ішкі-сыртқы орамдарында дәрілік заттардың атауы, қай елден, қандай өндіріс орнынан шыққаны, дайындалған күні, қолдану әдісі, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, әлбетте, көрсетілуі тиіс. Олардың кейбірі белгілі температурада, салқын жерде, жабық сөрелерде сақталуы керек. Дәрінің сапасын анықтайтын сәйкестік сертификаты болуы керек. Ал дәріхананың лицензиясы болуы шарт. Дәрінің қолданылу мерзімі өтіп кеткен болса, ондай жағдайда сол дәріхана иелері «Дәрілік заттар туралы» заңның 35-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Фармацевтік бақылау басқармасына хабарласу керек. Ондай жағдайда қолыңызда, әлбетте, чек болуы қажет.