Өзіміз емес, өзгелер білген батыр офицер қыз – Алтыншаш Нұрғожинова

Фашизмнің қара түнегі ел басына төнгенде, Отанды қорғауға ерлермен бірге, әскери қызметке міндетті болмаса да мыңдаған қыз-келіншектер де өз еріктерімен майданға сұранған болатын.
Соғыстың соңғы бір сәтінде Кеңес Армиясында 600 мыңнан астам әйел жауынгерлер болса, оның 80 мыңы офицер еді. Олар ұшақпен аспанда самғады, танк жүргізді, барлауға барып, ұрыс даласында мергендік көрсетті. Атқыш мергендер мектебін бітірген әйелдер 12 мыңнан астам жаудың көзін жойды. Майдандағы дәрігерлердің 41 пайызы, фельдшерлердің 43 пайызы, медбикелердің 100 пайызы әйелдер болатын. Ұлы Отан соғысында 100 мыңнан астам әйелдер ордендермен, медальдармен марапатталды, олардың 91-і Кеңес Одағының батыры атағын алды.
Соңғы архивтік мәліметтерге қарағанда, Қазақстаннан майданға 5183 қыз-келіншек аттанған.
Олар қай майданда болсын батырлық пен табандылықты, Отанға шексіз берілгендіктің жарқын үлгілерін көрсетті.

Ел басына күн туған қиын-қыстау күндерде азамат жүгін арқалап, мыңдаған қазақ қыз-келіншектері уақыт сынынан, тарих талқысынан сүрінбей өтті. Аяғына солдат етігін киіп, Отанымыздың астанасы Мәскеуден Берлинге дейін шеру тартты. Рейхстагта желбіреген Қызыл Туда қазақ әйелдерінің де даңқ жолы, ерлік дастаны бар. Оны бір мақала түгіл, бір кітапқа да сыйғызу мүмкін емес.

Қазақ даласының қос сұңқары Әлия мен Мәншүкті бүгін кім мақтан етпейді. Бүкіл дүниежүзі жырына қосып, ерлігіне бас иді. Өсер ұрпақ сіңлілеріне ерліктің биік шыңын қалдырды. Ана «қос ботам» десе, қарындас «менің шығар аспаным» дейді. Шынында да, Шығыс әйелдерінің өміріндегі тұңғыш тарих беті ашылып, кейінгі ұрпаққа ерліктің мұрасы қалды. Енді ерлік – біз қол созар арманымыз ғана емес, мақтанышымыз!

Отан соғысына қатысқан қазақ әйелдері аз емес. Оларды майданның әр тұсынан, әскери құрамалардың әр түрінен кездестіруге болатын. Олардан ұшқыш та, танкист те, барлаушы да, партизан да шықты. Айталық, штурман, гвардия лейтенанты Хиуаз Доспанова, ұшақтың механигі Дәмелі Жәкеева, зенитті артиллерия расчетінің командирі Ақлима Ақжолова, танкистер – Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмилә Талқанбаева, пулеметші Жәмилә Бейсенбаева.

1-інші Прибалтика майданының «Жауға қарсы аттан» газетінің 1944-1945 жылдардағы сандарында майдан шебінде жүрген қазақ қыздарының есімдері жиі кездеседі. Соның бірі – туысқан Беларусь пен Литва, Польша жерлеріндегі қатты соғыстарда болып, ақыры фашистік Германияға бұзып өткендердің ішінде болған Ертістің шығыс жағалауынан келген Баян Байқожина еді. Оның Германия жерінде жүргізген ауыр да даңқты ұрыстардағы көрсеткен ерлігі жөнінде «Правда» газеті жазып, қарапайым қазақ қызының есімін дүниежүзіне таратты.

Сондай-ақ «Қызыл әскер ақиқаты» атты майдан газетінің қызметкері Рахима Жанбекова, медициналық қызметтің капитаны Мәриям Сырлыбаева, майдан дәрігері Роза Момынова, радистер – Орынкеш Мысырова, Шәкира Ботақанова, Бикен Сәдуақасова, Шағила Құсанова, барлаушы Рахима Ералина, рота басқарған Құралай Натулаева, пулеметші Зинат Оңайбаева, мерген Мәликә Тоқтамысова, медбикелер – Рәзия Ысқақова, Мая Ғабитова тағы-тағы сол сияқты көптеген қаһарман қазақ қыздары Отан үшін жанқиярлықпен шайқасты.

Соғыс жылдарының шежіресіне назар аударсақ, қазақ қыздарының ерлігі қайран қалдырады.

Соңғы кезде «Егемен Қазақстан», «Алматы ақшамы», «Дала мен қала» газеттерінде батыр қыз Алтыншаш туралы деректер беріліп жүр. Бұрын-соңды Алтыншаш Нұрғожинова туралы сөз кездестірмеген едік. Содан газет тігінділерін ақтарып отырып «Қазақ әдебиеті» газетінің 1988 жылғы 28 қазандағы санында «Үшінші батыр қыз – Алтыншаш» деген мақалаға тап болдым. Мақала авторлары – Бақытжан Қанапиянов пен Жүсіпбек Қорғасбек. Мақала «Ленин комсомолына – 70 жыл» деген айдармен шығыпты. Төрт шумақ өлең мынадай жолдардан басталады (Үшінші батыр қыз... Төмендегі деректерге қарағанда, оның Әлия мен Мәншүктен кейін осы атаққа ұсынылғаны анық):

«Екі фашист танкісін жойған комсомол қыз Алтыншаш Нұрғожиноваға арнаймын.
Мен гүлденген Украинаданмын,
Маған қымбат Днепр жағалауы.
Астықты алқап әнменен тербелетін,
Көзді арбап кешкі алауы.

Бірақ мен де ол секілді,
Қазақстанда туғандаймын,
Қазақ жерінде өскендеймін...
Жымиып күлгенін, көздерін, қос
бұрымын көремін
Тұманды, түтінді кештен кейін.

Ақсақалды ақын кешкілік осы ауылда,
Домбыраға қосылып жыр айтқандай.
Бізді бастап ол кенет алға ұмтылды,
Жау қолынан атылды сұм оқ қандай...

Таулы өңір тыныш ұйқыға батар,
Басылып соғыс күркірі.
Таңдарын күтер жарқырап атар,
Даланың тірі бір гүлі».

Бұл 1944 жылы майдандық «Патриот Родины» газетінде «Даланың тірі бір гүлі» деген тақырыппен жарияланған жауынгер ақын Михаил Левченконың өлеңі. Кейіннен ол майдан жолдарын топтастырғанда, бұл өлеңді де жинағына енгізген. Ақын бұл жырды фашистердің екі танкісін жойған комсомол қыз Алтыншаш Нұрғожиноваға арнап жазған.

Өлең авторы соғыстан кейінгі өмірінде он шақты жыр кітапты жазған. Бұл күнде Одесса университетінің оқытушысы, филология ғылымының докторы, профессор. Алтыншаштың есімін алғаш «Майдан дәптері» атты жинақтан кездейсоқ ұшырастырған белгілі ақын Бақытжан Қанапиянов болатын.

Көп ұзамай Бақытжан Михаил Александровичтен төмендегідей хат алады.

«Менің өлеңім Алтыншаш Нұрғожинованың өзім көзбен көріп, куәсі болған ересен ерлігінің ізі суымай жатып жазылған еді. Мәселе былай болған. Ол кезде мен «Патриот Родины» газетінің қатардағы қызметкері едім. Майданда материал жинап жүріп, бір топ солдаттармен және офицерлермен бірге неміс фашистерінің қоршауында қалып қойдым. Меніңше, бұл Катовице маңында болса керек. Жағдай тым қиын еді. Кенет жауынгерлердің арасынан қаршадай бір қазақ қызы шыға келді де, қорғаныс ұйымдастырып, алға ұмтылды. Гранатамен жаудың бір танкісін отқа орады. Орнынан тұрып, «алға» деп ілгері ұмтылғанда, тасадан екінші темір тажал шыға келгені ғой. Әлгі қыз әй-шайға қарамастан, соған қарсы ұмтылды. Өзі де мерт болды. Жолдастарына да жол ашты. Ол осы батальонның комсоргі Алтыншаш Нұрғожинова екен. Өлгеннен кейін оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынды.

Кейін қарулас достары Мәскеуде болып, қыздың туған-туысқандарын тауып алып, менің өлеңімді көрсетіпті. Олар мені қонаққа шақырды. Алайда жағдай болмай, бара алмай қалдым. Сонымен байланыс үзілді. Жылдар жылжып, уақыт зулап, бір отты оқиғаның кейбір тетіктерін жадымыздан өшіріп те тастады ғой. Алайда бір менің ғана емес, ондаған, жүздеген жолдастарының өмірін аман сақтап қалған қаһарман қазақ қызының бейнесі көз алдымда тұрады да қояды».
Бұдан кейін Алтыншаш туралы дерек жинауға Жүсіпбек Қорғасбек кірісіп кетті. Мәскеу, Подольск қалаларына барып, Қорғаныс министрлігі архивтерінен іздестіргендегі анықтағаны мыналар:

Нұрғожинова Алтыншаш Өскенбайқызы – 1924 жылы туылған, ұлты – қазақ. Әскерге Мәскеу қаласының Сталин аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. 1941 жылы Орал әскери округінен алты айлық комсоргтар курсын бітірген, гвардияның лейтенанты. Орталық Воронеж және Украина майдандарында соғысқан. 237-інші, 70-атқыштар дивизияларында да батальон комсоргі болған. Ол 1942 жылдың желтоқсанында, 1943 жылдың ақпаны мен сәуірінде жараланған. Жарақаттан жазылып шыққан соң, басқа әскери бөлімдерге ауыстырылып отырған.

1944 жылғы 4 қазандағы 207-Қызылтулы гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия подполковнигі Демков гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғожинованы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттау қағазында мынадай мінездеме жазған:

«Гвардия лейтенанты Алтыншаш Өскенбайқызы батальон жұмысын жандандыруға көп еңбек сіңірді. Командованиеге елеулі еңбек сіңірді, жастар жетекшісі бола білді, жауынгерлер арасында беделі артып, құрметке бөленді. Нұрғожинова жолдас ұрыста батыл шешім қабылдап, көзге түсті. Сондай ұрыстардың бірінде ол өзі пулеметтен, минометтен қарша бораған оқтан ауыр жараланған алты жауынгерді аман алып шықты. Сонымен бірге басқаларды сөзімен де, іс-қимылымен де жігерлендіріп, ерліктің үлгісін көрсетті».

«Үкімет наградасы – «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттауға лайық деп танылды» делінген.

Одан әрі қарай: «Қызыл Жұлдыз» орденін алуға лайықты делініп, дивизия командирі мен саяси бастығы 1944 жылы 17 қазанда бұйрыққа қол қойған. Ал гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғожинованы марапаттау туралы 101-атқыштар корпусының бұйрығы 1944 жылы 22 қарашада шығарылған. Бірақ бұл кезде төртінші рет ауыр жарақат алған батальон комсоргі Алтыншаш далалық госпитальде көз жұмған еді...

Оның денесі Польша жеріндегі Краковск воеводасының Гутополянск елді мекенінің солтүстік-батыс жағындағы бауырластар зиратында жерленген.

Он сегізге толар-толмас шағында лейтенант атағын алып, батальон комсоргі болған Алтыншаштың аты-жөні Мәскеудегі орталық мұрағаттағы офицерлер құрамы тізімдеген картотекаға қырық жылдан соң ғана, онда да қаламгер Жүсіпбек Қорғасбектің тікелей араласуынан кейін тіркелді. Не ата-анасына хабарланбай, не туған, қаза болған жылдары мұрағат өмірдеректерде сақталынбай, орден-медальдары табыс етілмегендердің құжаттарымен бірге, ескерусіз жатқан ол туралы құнды деректер енді табылып отыр. Ал Алтыншаштың Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған марапаттау қағазы көзден таса қалып, із-түзсіз кетпесіне немесе мазмұны өзгертіліп, қайта басқаша жазылмасына кім кепіл?
Сол кезде Алтыншаш Нұрғожинованың әке-шешесі Мәскеу қаласында қызмет істеуі мүмкін. Ал Алтыншаш болса Мәскеуде білім алған. Өйткені Қызыл Армия қатарына Мәскеу қаласындағы Сталин аудандық комиссариатынан шақыртылған. Құжатта наградталған адамның және оның жанұясының тұрақты мекенжайы: «Мәскеу қаласы, Большая поляна көшесі, жаңа корпус, 19-үй, 13-пәтер» деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген.

Осылай болса, қазақ қызы Алтыншаштың бұрынғы майдандас, қарулас серіктері мен қазір көзі тірі ет жақын туыстары, ағайындары бұл күнде республикамыздың түкпір-түкпірінде тұрып жатқаны анық. Сондықтан Алтыншаштың әке-шешесін және өзін білетіндер табылып жатса, мына мекенжайға хабарласса, нұр үстіне нұр болар еді:

Алматы қаласы, Прокофьев көшесі, 132-үй, Қуандықұлы Ауданбекке.

Бұл «Қызыл Жұлдызды қыз» деген мақала Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында «Дала мен қала» газетінің 2005 жылғы 1 сәуірінде жарияланған. Мақала авторлары – Қарлығаш Дүйсенова, Ауданбек Қуандықұлы.

Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы полковник Самиғолла Омаров былай дейді:

– Әке-шешесіне хабарланбаған және «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградтау қағазы мен ордені адресі белгісіз болғандықтан, табыс етілмегендердің документтері арасынан енді ғана табылып отыр. А.Нұрғожинованың Совет Одағының Батыры атағына ұсынылған марапаттау қағазы да, осылайша, әлде басқа себептермен көзден таса қалып, із-түзсіз жоғалып кетпесіне немесе мазмұны өзгертіліп, басқаша жазылмасына кім кепіл? Себебі ол соғыс кезі ғой. Мұндайлар сирек те болса, кездеседі. Мысалы, 1942-44 жылдары Одесса дивизиясының жауынгер барлаушысы Ысқақов Совет Одағының Батыры атағына ұсынылған. Ал ол наградтау қағазы жоғалып кетіп, ақырында ол жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталғаны маған белгілі.

Көрген көз, естіген құлақ аман болса, оның да дерегі анықталар деген үміт әзірге үзілмейді.

Соғыстан кейінгі Мәскеу қаласында бас қосқан полктастары Левченконың Алтыншаш ерлігі туралы жазған өлеңін Алтыншаштың әке-шешесіне арнайы іздеп барып, Мәскеуде табыс еткен. Бұл – жүрек тебірентерлік жағдай еді.

Ал Ж.Қорғасбек сол адрес бойынша 90-жылдардың басында іздеп барғанда, ол мекенжайда әке-шешесі болмай шыққан. Қайда кеткенін, өлі-тірісін көршілер білмеген. Мұның мақсаты – Алтыншашқа арналған «Қызыл Жұлдыз» ордені мұражайда жатқанын естірту еді. Әзірге білетініміз – осы. Болжамымыз бойынша, Алтыншаш Солтүстік, әлде Орталық Қазақстанда дүниеге келген сияқты. Білетіндер табылып жатса, «Алматы ақшамы» газетінің редакциясына хабар берер деген үміттеміз.

Қайткенде де, Алтыншаштың істеген ерлігі белгілі, атақ алмаса да, ерлігі мәңгілік. Оның Отаны үшін, қазақтың намысы үшін істеген ерлігі Мәншүк, Әлия сияқты мәңгі жасамақ.

Отандастар, Алтыншаштың ерлігі алдында бас иіп, тағзым етелік, бүгінгі болашақ қазақтың ұл-қыздары оның ерлігінен, намысқойлығынан үлгі алсын деп бата берелік! («Алматы ақшамы», 2003,   8 мамыр).

Белгілі жазушы Сарбас Ақтаев «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 7 мамырдағы «Алтыншаш. Апыр-ай, ә!.. Бұл батыр қыз кім болды екен?» деген мақаласында:

«...Он жеті жасында соғысқа өзі тіленіп барған қаршадай қыз алапат шайқастың күллі от-жалынын бастан-аяқ кешіп өткен. Бір емес, үш рет жараланса да, ол қас дұшпанын жер жастандырмай тыным таппасқа белін бекем буған.

Солай бола тұрса да, қаһарманның ерлік жолы күні бүгінге дейін елдестеріне де, жерлестеріне де кеңінен мәлім болмай келгені қынжылтады. Бір украин ақынының сонау сұрапыл тұстағы жалғыз жыры болмаса, оның есімін ешкім еске де алмайтындай түрі бар. Рас, сұрау салынып, іздестіру жұмыстары ілгерілі-кейінді жүріп жатыр. Тағы бір қынжыларлығы, Польшада шыққан екі томдық атақты «Память» деген кітапта өз жерінде жатқан жерлесіміздің есімі болмай шықты. Ал оның өзі соғысқа дейін ата-анасымен бірге тұрған Мәскеудің Үлкен Полянасындағы №19 үйдің он үшінші пәтерінде қазір мүлдем басқа адамдар тұрады екен. Тым құрығанда, Алтыншаштың шағын суреті де қолға түспей қойды. Суреті болса, батыр қыздың бет-бейнесін көріп, көңілді бір демдер едік қой.

Қалай айтқанмен, ешкім де, ештеңе де ізсіз-түзсіз кетуге тиіс емес. Кім білсін, Алтыншаштың туған-туыстары басқа жаққа көшіп кеткен болар. Әлде кешегі саптыаяқтан су ішіп, сабынан қарауыл қарап, екі көздің бірін-біріне аңдытып қойған зар заманнан запы болған жандар ма екен? Не 37-нің зұлматына ұшырап, әбден зәрезап болып, бас көтеруге жүрексініп жүр ме? Әйтеуір, Алтыншаштың туғандары тегін жандар болмаса керек. Мәскеуде тұрғанына қарағанда, не Алаш ардагерлерінің, не алғашқы қазақ оқығандарының бір жақындары болуға тиіс. Ата-анасы өмірден өтсе де, ағайын-туғаны, жақын-жұрағаты бар шығар. Солар үн қатып, жауап жазса, қаһарман қыздың өмір жолын айшықтай түсер деген ойдамыз».

Осы орайда өзі де сыбағалы атағын кезінде ала алмаған Қазақстанның Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтың мына сөзін еске ала кеткен артық болмас. «Жоқ, ағайын, жаланың да жаласы, жамандаудың да жамандау шегі болу керек қой! – деп жазды ол «Қазақ әдебиеті» газетіне. – Шындықтан аттамайық. Жетпіс жылдай Кеңес Одағы құрамында болған кезеңінде жаман болсын, жақсы болсын өз тарихымызды өшіруден, шындықты бұрмалаудан аулақ болайық. Кеңес халқының бұл жанқиярлық ерлігін жоққа шығару тарихқа қиянат».

Қорыта айтар болсақ, кешегі Ұлы Отан соғысына қатысқан әрбір жауынгер қазақ қызын нағыз батыр деп бағалауға болады. Өйткені өз тілегімен жас жанын қиып, өлімге бас тігу тек өз Отанын шынайы сүюден туады. Жастардың жүрегіне жауынгер қыздардың ерлік істері терең ұялап, олардың рухына бас иіп, тағзым етулері керек. Міне, сол қасиетті де киелі орын – Қазақстан әйелдерінің ерлік істерінің шежіресі – ескерткіш – мемориал болуы керек.

«Оның алдында жастарды, барлық келушілерді Әлия мен Мәншүктің, Хиуаз бен Алтыншаштың, Дәмелі мен Иісжанның, Майра, Мәриям, Рахиляның, Баян мен Мархабаның, Шағила мен Зураның т.с.с. қазақ қыздарының асқақ бейнелері қарсы алып тұрса» дейміз. Өйткені Ұлы Отан соғысының белгілі және белгісіз қаһармандары – замандастары мен ұрпақтар алдында өзінің алып тұлғасымен асқақ көрінеді. Қазақ әйелдерінің сәулетті болашақ үшін күресте көрсеткен ерлігі мен еңбекте қосқан сүбелі үлесі кейінгі ұрпақтарға тамаша үлгі болып қалуы тиіс.

Әлия мен Мәншүк, Хиуаз сияқты қаһарман қазақ қыздарының қатарын Алтыншаш толықтыра түссе, нұр үстіне нұр емес пе?

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста