Өзіміз де жасанды болып кетпесек игі

Өзіміз де жасанды болып кетпесек игі

Табиғи заттың  бәрі жасанды дүниеге көшкен қоғамда биологиялық белсенді қоспалардың бизнесі қыз-қыз қайнап тұр. Биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасы өлгенді ғана тірілтпейді, өңге ыңқыл-сыңқыл, ауру-сырқау бұларға бұйым емес деп басталады. Небәрі он жылға жуық уақытта ел ішінде ерекше ілтипатқа ие болып жүрген бұл заттар қаншалықты қауіпсіз? Оны әзірге елеп-екшеп жатқан жұрт некен-саяқ. Ең өкініштісі, мұның ем-домнан гөрі кәдімгі бизнес екенін екінің бірі, егіздің сыңары біле бермейді. Шетелдің ББҚ шекара асып келіп, бұқара арасында кеңінен сатылып жатыр. Ал оның залалсыздығына кепіл бар ма?
Нарықтың өз парқы бар. Бірақ парық­тан гөрі пайда көздеу көбірек, осы күні. Соның бірі – ББҚ. Қазір адамның жанынан басқаның бәрі табылады. Тек қалтаңызды қампитқан ақшаңыз болсын. Жасанды сүт ішеміз. Жасанды жеміс-жидек жейміз. Жа­санды биологиялық белсенді заттар ішеміз. Ағзамызды ауқаттандыру үшін. Ба­ра-бара жасанды резеңке ет жесек, оған да таңғалмаймыз. Жасанды еттің ағза­ға ай­тарлықтай пайдасы орасан деп отыра бе­реміз, талғап жұтып. Соның ішін­де ке­йін­гі онжылдықта жұртты он орап алған – био­логиялық белсенді қоспалар. Бұл қос­па­ларға қалай келдік? Мұны сатып алып ішуге не мәжбүрлейді? Әуелі осының басын ашып алайық.
Не Дәрі емес, Не тағам емес
ББҚ деген не өзі? Адамның денсаулы­ғына тигізер, оны емдеп-жазар қандай ке­ре­меті бар? ББҚ – бұл табиғи заттардан да­йындалған ағзаға қажетті биологиялық қо­сындыдан құралған қоспа. Бұл не дәрі емес, не дәрмек емес. Тағамға арналған қо­сынды. Мамандардың айтуынша, ББҚ екі­ге бөлінеді екен. «Біріншісі дәрілік зат­тарғ­а теңестірілгенін парафармацевтик деп ат­ал­са, екіншісі тек таза биоқосымшадан тұ­ратын, тағамға, дәрі-дәрмекке қосымша іш­і­летін нутрицевтик деп аталады. Халық­тың көбінесе биологиялық белсенді қос­па­лар дейтіні осы – нутрицевтикалық био­ло­гиялық қоспа. Бұлардың барлығы сауда орындарында сатылуға құқығы бар, олар­дың бәрі ҚР заңына сәйкес Тамақтану инс­ти­ту­ты­нан тексеруден өткеннен кейін ғана тір­кеуге алынады. Парафармацевтиктерді фар­мацевтикалық бақылау комитеті тек­серсе, нутрицевтиктердің реттелуін сани­тар­лық-эпидемиологиялық қызмет ко­митеті қадағалайды» дейді мамандар.
Таңдау: Биологиялық белсенді қоспалар әлде мықты дәрігер?
Адам болған соң басы ауырып, бал­тыры сыздамайтын пенде жоқ. Сондайда шырқыраған жаныңызды шүберекке тү­йіп, дәрігерге жүгінесіз. Жүгінген дәрігері­ңіз антына адал маман болса, Алланың жа­рылқағаны деңіз. Ал немқұрайдылық иек­теп, екі иығына мініп алғанына тап кел­сеңіз, көретін көрешегіңіз алда. Әсіресе от­­ба­сы­лық амбулаториялық емханаларда­ғ­ы дә­рі­герлерді немкеттілік әлдеқашан мен­шік­теп алған. Өлмек түгіл өмірем қаты­ңыз, селт етпейді. Сезімсіз деуге келмес. Бір­ақ біліктілігіне күмән бар. Содан келіп әлгі жар­намасы жер жарған, шекара асып кел­ген биологиялық қоспаларды алуға бірін­ші себеп пайда болады. Үміт етіп барған дәрігерден қайыр болмаған соң, жұрт­тан сұрастыра жүріп, әлгі «ауру» атау­лы­ны алып соғатын ББҚ-ны қалай сатып алғаны­ңыз­­ды да білмей қаласыз. Сонда мұның түп-төркінінде қазіргі медицинаға деген се­­нім­­сіздік тұр. ББҚ-ға апаратын көп се­беп­­тің бастауы – осы. Әлбетте, ББҚ туралы ға­лымдар мен дәрігерлердің пікірлері әр алуан. Оның ағзаға пайдасы болмаса, зия­ны кем дейді біреулері. Екіншісі, эколо­гиясы лас, тағамдануы дұрыс емес, ішкен ас-суының химиялық құрамы кем азық-тү­лік тұтынатындықтан ағзаға қосымша көмек болар ББҚ-ның залалы жоқ деседі.
Ғаламторда жарияланған құзырлы орын­дардың деректеріне үңілсек, 2010 жыл­дары Қазақстанда ББҚ-ның мемле­кет­тік тіркеуінде 45 елдің 478 өндіруші­лерінен 2768 ББҚ тіркеліпті. Ал енді бүгінгі таңдағы үрдісі бұдан артық болмаса кем еместігіне бәс тігуге бармыз. Бұдан бірер жыл бұрын еліміздің ғалымдарының өзде­рі де бұл ББҚ-ның жарнамалары көбінде шынайы еместігін айтып дабыл қаққан болатын. Соған орай ББҚ тіркелуін қадаға­лауды негіздеген заңнама дүниеге келген еді. Сол уақытта ол заңнама жалған жар­на­ма­лан­ған ББҚ-ға тосқауыл болады де­ген де пікір айтылған. Өйткені кезінде «Гер­балайф» компаниясының өнімдері кеңі­нен сатылып, оның денсаулыққа зияндығы мәлім болған соң аты өшкені белгілі. Дәл осындай кейіп кез келген ББҚ-да болуы әб­ден мүмкін. 100 пайыз қауіпсіз деп еш­кім де кепілдік бере алмайды.
Шетелден келетін ББҚ-дан төнуі мүм­кін қауіп ретінде ресейлік ғалымдар бір­қа­тар жайттарды атап отыр. Олардың қата­рында олардың әрекет етуінің түпкілікті зерттел­меуі, тиімділігінің нақтыланбауы бар. Оған қоса ББҚ құрамындағы заттардың кері әс­ер­лері. Жалпы, ББҚ құрамының жіті сарап­тан өтпеуі. Сондай-ақ ұзақ уақыт және ба­қы­лаусыз ішу салдарынан улану. Оның бас­қа дәрі-дәрмектермен әрекеттесуі де беймәлім күйінде қалуда. Тіпті қайсыбі­рінде жануарлардың майларының болуы да адамның жануарларда болатын түрлі ауруды жұқтырып алу мүмкіндігін де қадап ай­тыпты.
Борис СУХАНОВ, медицина ғылымының докторы:
– Сонымен, ББҚ құрамында не бар? Бұл арада «тыйым салынбағанның бә­рі­не рұқсат» принципі – негізгі ұстаны­мы. ББҚ құрамында болмауға тиіс өс­ім­діктер бар. Женшень, гинкго, йохим­бе және т.б. Міне, солардың ББҚ құра­мын­да болмауына қатаң бақылау қо­йылуы тиіс.

Өзге ел ББҚ-ға қалай қарайды?
Жапондар бұл қоспаларды 50 жылдан астам уақыт пайдаланып келеді екен. Ал АҚШ-тың есігін қаққалы 20 жыл болыпты. Сонымен қатар деректер Франция, Гер­ма­нияда да кеңінен қолданылса керек. АҚШ тұрғындарының – 80 пайызы, Жапония­ның – 90 пайызы, Ресейдің 3 пайызы ББҚ-ны тұтынатын көрінеді. Алайда, ең қызы­ғы, бұлар ББҚ осы екен деп бәрін жаппай тұтына бермейді екен. Мысалы, Грекия, Нидерланды, Бельгияда ББҚ ретінде дәру­мендер мен минералды заттарды таниды. Оның өзі бір рет және тәуліктік пайдалануы қатаң қадағалауда болатынын айтады де­ректер.
Плацебо
Жасыратыны жоқ, ББҚ-ны қабылдап, содан құлантаза айығып кеттім дейтіндер де осы плацебо-эффект (латынша placebo – «ұнаймын») болуы мүмкін деген пікірлер де айтылып жүр. Яғни адамның қандай да бір қабылдаған ББҚ-ға сенімінің күшеюі. Сонымен қатар ол ББҚ-ның әсері болмаса да, өзге жанама әсерлердің ықпалынан ауруынан айығуы. Осы күні ББҚ қабылдап, мүлдем жазылып кеттім дейтіндер де осы эффект емесіне тағы кепіл жоқ.

Тобықтай түйін
Мамандар «ББҚ қорапшасында міндетті түрде нұсқаулығы, ондағы ақпа­­рат қазақ, орыс тілдерінде жазылған болуы керек әрі қай комитет бекіт­се, соның растағандығы туралы көрсетілуі шарт. Егер мұндай белгілер бол­маған жағдайда оның жасырын жолмен жеткізілгендігіне күмән бар» дейді. Бірақ, өкінішке қарай, мұны назарда ұстайтын тұрғын кемде-кем. Сон­дықтан ББҚ ел ішінде емін-еркін қолданылып жүр. Бұл халық денсау­лығына қатер емес пе?

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста