Өзбектің есебі қазаққа кесел болып тұр
Еліміздің электр энергиясымен қамту жүйесі Орталық Азияның біріккен энергожүйесіне кіретіні белгілі. Алайда осы ортақ энергожүйенің кейінгі кездері пайдасынан гөрі, зияны артып бара жатыр. Оның басты себебі – Өзбекстан. Өзбек ағайынның күз түсе басталған энергия қуатын ескертусіз, шамадан тыс «сору» деректерінің жиілеуі оңтүстіктегі жұртымызды энергия тапшылығына ғана ұшыратып қоймай, тұтастай «Солтүстік-Оңтүстік» электр желісін апатты жағдайға душар қылуда. Сондықтан сала басшылары өзбек ағайын осынау «жиендігін» тоқтатпаса, Орталық Азия біріккен энергожүйесінен шығу ықтималдығымызды да қарастырып жатыр. Өйткені ала шапанды ағайынның осындай алақолдығының кесірінен желтоқсанның 20-сы күні ғана апатқа қарсы автоматика тәулігіне 50 рет іске қосылыпты.
Есте болса, 1999 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттері Орталық Азия электр жүйесімен параллельді жұмыс істеу туралы келісімге қол қойған болатын. Келісім бойынша әр ел белгіленген шектен асырмай, өзге мемлекеттерге кесірін тигізбей, өзіне тиесілі энергияны пайдалану керек-тін. Алайда бұл келісімді бүгінде өзбек бауырларымыз бұзып отыр. Бұл жайында газетіміздің қараша айындағы бір нөмірінде де жазған едік. Сол ақпаратта индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев: «Өзбекстан энергия тұтынудың тәуліктік жоғарғы межесінде 420 МВт қуатқа дейін электр энергиясын алып қоюда. Соның салдарынан автоматтық жүйелер апаттық жағдайда істеп, тұтынушыларымыз электр энергиясынан шектелсе, кей жағдайларда мүлде ажыратуға мәжбүр болдық. Мысалы, қарашаның 9-ында Оңтүстік Қазақстан облысында 110 МВт шектеу енгізілді. Ал «ҚазФосфат» кәсіпорыны 120 МВт-қа шектелді», – деді.
Бұл проблема, негізінен, қарашада емес, қазаннан басталған. Яғни Өзбекстан тарапы электр қуатын келісімшартта белгіленген мөлшерден артық пайдаланып отырған. Былайша айтқанда, күндіз электрдің дәл қажет кезінде молынан алып, түнде электр қуатына аса зәрулік тумаған уақытта артығымен лақтырып, есептесіп отыр. Саудаға жүйрік ала шапанды көршіміз осылайша айла қылған.
Осының кесірінен энергия режиміне залал келіп, қалыпты жұмыс бұзылған. Сонымен қатар Ресеймен бірыңғай электр жүйесінде жұмыс істеп келе жатқандықтан, шекарадағы электр желілерінің жөндеу жұмыстарын да тоқтатуға мәжбүр болыппыз. Оңтүстікте тапшылықтың орнын жауып отыру үшін электр қуаты солтүстіктен тасымалданатын. Енді Өзбекстанның электр қуатын шамадан тыс «сорып алып», оңтүстіктегі электр қуатын құбылтуына байланысты жөндеу жұмыстары да тоқтаған.
Кешеден бері Ташкентте Орталық Азия энергетикалық қауымдастығының кезектен тыс отырысы өтіп жатыр. Бұл проблеманы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі де бақылап отырған. Сол үшін үйлестіру штабын да құрған екен. Бұл штабтың құрамына Мемлекеттік энергия бақылау комитеті, «Самұрық-энерго» және «КЕГОК» компаниялары кіреді. Бұлардың барлығы қазір біріккен энергия жүйесінен шығудың жолын талқылауда.
Осы жерде тағы бір мәселенің ұшы шығайын деп тұр. Егер де біріккен энергия жүйесінен шығып кететін болсақ, Қазақстан оңтүстік аймақты жеткілікті түрде электр энергиясымен қамтамасыз ете ала ма?
Дәл қазіргі уақытта өзімізді өзіміз қамтамасыз етуге дайын еместігіміз жасырын емес. Жамбылдағы Т.И.Батуров атындағы ГРЭС-тің толыққанды жұмыс істеуі үшін бірталай техникалық шаралар атқарылуы қажет. Былайша айтқанда, электр қуатын өндіру деңгейін көтеру керек. Бұл ГРЭС-те бүгінгі таңда үш энергоблок жұмыс істеп тұр. Бұған 320 МВт шамасында жүктеме түседі. Жалпы, ГРЭС-тің өзі газдың жетіспеушілігіне байланысты мазутпен жұмыс істеуде. Ал мазут қымбат болғандықтан, отын мәселесін шешу бірінші кезекте тұр. Егер де қажетті шаралар жасалатын болса, бұл стансының 700-900 МВт-қа дейін электр қуатын өндіруге мүмкіндігі жетеді екен. «Егер осындай көлемде энергия қуаты өндірілсе, оңтүстік аймақты энергиямен толықтай қамтамасыз ету үшін Жамбылдағы ГРЭС-тің өзі де жеткілікті», – дейді «КЕГОК» АҚ корпоративтің даму департаментінің жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Марат Мұхамедсалиев.
Әрине, Қырғызстан мен Өзбекстан біздің бір жүйеде қалғанымызды қалап отыр. Бірақ «ортақ өгізің болғанша, оңаша бұзау артық» емес пе?
Марат МҰХАМЕДСАЛИЕВ, «КЕГОК» АҚ корпоративтің даму департаментінің жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері:
– Өзбекстанда энергия көздеріне қажетті отын жеткіліксіз. Сондықтан да, олар өзгенің есебінен өз отындарын үнемдеп, өздерінің энергетикаға қатысты проблемаларын шешіп алғысы келіп отыр. Өзбекстанның кінәсінен оңтүстік аймақтарда тәулігіне бірнеше рет апатқа қарсы жүйе іске қосылып, жарық автоматты түрде өшті. Жағдайдың қалай шешілетіні әлі белгісіз. Көп дүние Өзбекстанға байланысты болмақ. Қазірдің өзінде өзбектер 215 миллион кВт сағат энергия қарыз. Олар ол қарызды қайтара ма, жоқ па, ол да – шешілмеген мәселе. Бірақ Өзбекстан біздің бір жүйеде қалғанымызды қалап отыр.