Отандық медицина отаның жаңа түріне дайын
Естіген де бар, естімеген де бар, ежелгі Қытайда кәдімгі бауырды дәрі ретінде пайдаланған деседі аңыздарда. Ал тарихшылардың зерттеулеріне қарағанда, бұл аңыз емес, ақиқат. Жер қойнына енген адамның бауырын тәнінен ажыратып алып, онымен тасжүрек, қатыгез жандардың мінезін жөнге салғандары, кім біледі, рас та шығар... Міне, бауырдың қасиеті қандай! Адамның сана-сезіміне, таным-түйсігіне қалай әсер етсе, бауыр адам ағзасы үшін де соншалықты маңызды. Сондай-ақ бауыр өте нәзік. Ол – адам ағзасының химиялық зертханасы іспетті. Бауырдағы 300 миллиардқа жуық жасушалар қаннан ағзаға керек қышқылдар мен қорек болар өнімдерді бөлу рөлін атқарады. Оларды сүзгілеп отырады.
Медицина ғылымына көз жүгіртіп отырып оқып-білгеніміздей, бауыр алмастырудың екі түрі бар. Бірі донор арқылы, екіншісі туыстық трансплантация. «Бауырын алмастырған науқастардың 95 пайызға жуығы аяқтарынан тік тұрып кетеді» дейді деректер. Әлем бойынша айтсақ, жалпы, трансплантация қарқын алу үстінде. Бір жылда жасалатын мұндай оталар саны – 40 мыңға жуық. Енді әңгіменің тоқетеріне келсек, біздің елде донорлық мәселесі көп көтерілсе де, ақыр соңында сұрау белгісінде қалады. Сол себепті де дұрыс жолға қойылмай-ақ қойды. Өйткені қоғам дайын емес. Ал шетелдерде әлем елдерінің барлығына ортақ проблема саналып отырған ағза тапшылығы көлденең тұрғанымен, біздегідей қоғам тарапынан талас жоқ. Бірқатар елдерде тіндер мен ағзалар базасымен қатар, оларды тасымалдау да кең қолданылады. Тіпті бір қаладан екінші бір қалаға да жеткізіліп жатады. Естеріңізге сала кетейік, донордан алынған бауыр 8-10 сағат аралығына дейін ғана жарамды. Сол уақыт ішінде ағза ауыстырылып үлгеруі тиіс. Ал туыстық трансплантация дегеніміз, бауыры циррозға ұшыраған адамға оның өзінің туысқаны бауырының жартысын бере алады екен. Бауырдың оң және сол жақтары болады. Пышаққа түскен бауыр біртіндеп бітіп кетсе керек. Мұндай аса күрделі ота асқан шеберлікті қажет етеді және ағза алмастыру шамамен 8-10 сағатқа созылатынға ұқсайды. Негізі, сөз болып отырған ота медицинасы көш ілгері елдердің тәжірибесінде бұрыннан бар. Айтпақшы, бауырын беруге келіскен жан мұқият тексеріледі және оның дені сау болуы тиіс.
«Донордың жоқтығынан қанша адам қайтыс болып кетіп жатыр. Егер қоғамның трансплантацияға деген көзқарасын өзгертіп, яғни қайтыс болған адамның жарамды ағзаларын соған зәру жанға қондырып отырсақ, қанша өлім-жітімнің санын азайтар едік», – дейді мамандар.
Ал отандық медицина тарихында тұңғыш жасалғалы отырған бауырды транспланттау отасы жыл соңына қарай жоспарланып, оны медицина ғылымының докторы, жоғары дәрежелі дәрігер, А.Н.Сызғанов атындағы хирургияның ұлттық ғылыми орталығының хирургия және бауыр, өт айдау жолдары мен ұйқы безі бөлімінің меңгерушісі Данияр Тоқсанбаев жасайды. Онымен тілдескенімізде:
– Адамның бауыры үшін, тіпті тек бауыр үшін ғана емес, өмірі мен денсаулығына қатысты айтсақ та, аса қауіпті ауру – цирроз. Цирроз – сондай-ақ жиі кездесетін дерттердің бірі. Тек Қазақстанда ғана емес, жалпы, бүкіл әлем бойынша статистикаға үңілсек, жағдай мүшкіл. Өздеріңізге белгілі, медицинада қазір гепатиттің бірнеше түрі анықталған. Міне, сол гепатит асқынса, жоғарыда сөз болған бауыр циррозына әкеп соғады. Әрине, цирроздың емі жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ тәжірибеде жасалып жатқан мұндай ем-дом құлантаза айықтырмайды, науқас тек белгілі бір уақытқа дейін ғана өзін жеңіл сезінеді.
Ең дұрысы – ағза алмастыру. Трансплантация адамның толық сауығып кетуіне мүмкіндік береді. Қазір мұндай ота медицина үшін жаңалық емес. Барлық дерлік елдер сәтті қолданып жүр. Қазақстандағы жағдайға байланысты бауыр трансплантациясын тезірек қолға алмасақ болмайды. Біздің елдегі соңғы мәліметке қарағанда, бауыр циррозына шалдыққандар саны 1800-2000 адамға жеткен. Өлім-жітім санын азайтуға ендігі жерде тек ағза алмастыру арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Бауыр ауруларынан қайтыс болғандар жайында нақты мәліметті айта алмаймын. Бірақ жылына 200-250-ге дейін жаңа науқас қосылып жатады.
Ота жасауға дайындығымыз жаман емес. Мен жұмыс істеп жүрген А.Н.Сызғанов атындағы хирургияның ұлттық ғылыми орталығы да, құзырлы министрлік те қазір бауыр трансплантациясын жасауға аса ынталы болып отыр. Мамандардың шетелдерде білімдерін жетілдіріп, тәжірибе алмасуларына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Керек медициналық құрал-жабдықтар жағы да сақадай-сай Бауыр алмастыруды аса қажет етіп отырған науқастар саны 72 болса, соның 12-сі келісімдерін беріп отыр. Донор солардың өздерінің туыстары болмақ. Бұл жерде қайтыс болған туыстары деп қалмаңыздар. Сап-сау жүрген туыстары өздерінің бауырының жартысын бере алады. Нақтырақ айтсам, туыстық трансплантация, – дейді Данияр Тоқсанбаев. Ресей, Беларусь және Германияда тәжірибе жинақтап қайтқан оның үлкен іс алдындағы толқуын байқау қиын емес. «Енді ше, бүкіл Қазақстан асыға күтіп отыр. Ал ең бастысы, адам тағдыры шешілгелі тұр емес пе», – дейді ол алаңдаулы екендігін жасырмай.
Отаның нақты қай күні, қай сағатта, қай минутта басталатыны әлбетте белгісіз, бірақ біз сол сәтке Қазақстанның денсаулық сақтау саласы үшін ең айтулы оқиға ретінде құлағымызды түріп жүреміз. А.Н.Сызғанов атындағы хирургияның ұлттық ғылыми орталығы мен оның тәжірибелі маманы Данияр Тоқсанбаевқа «іске сәт!» демекпіз.
Тарихтан там-тұм
Бауырға ота ең алғаш XVII ғасырдың 1716 жылы жасалыпты. Нақтырақ айтсақ, дәрігер бір әйелдің бауырының пышақ тиген тұсын кесіп алып тастап, орнын тігіп қойған екен. Ал бауыр трансплантациясы дәуірі 1960 жылдардың бас шенінде басталады. Бауыр трансплантациясын жасаған алғаш хирург – Томас Старзл. Белгілі хирург 1962-1981 жылдар аралығында АҚШ-тағы Питтсбург университетінде жұмыс істеген. Ол өзінің 1963 жылы жасаған бірінші отасының сәтсіз аяқталғанына қарамастан, 1967 жылы бағын тағы бір сынайды. Бірнеше жыл қатарынан жан-жақты дайындалған ғалымның екінші отасы оның есімін асқақтатып, төрткүл дүниеге танымал етеді.