Жақында қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында осындай шешім қабылданды. Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдады. Енді Алла сәтін салса, Үлбі өзенінің жағасындағы әсем көше Астана атауын иеленіп, жағалауға көріктендіру жұмыстары жүргізілетін болады. Айта кетейік, жаңа атауға ие болған көше бұған дейін Солнечная деп аталған болатын.
Өскемендегі өзекті мәселенің бірі – ономастика. Облыс орталығы тұрғындарының басым бөлігін орыс ұлтының өкілдері құрайтындықтан болар, бұл шаһарда көше атын өзгерту (қазақша атаулар беру) немесе ескерткіш орнату оңайға түспейді. Дегенмен соңғы кездері бұл бағытта оң өзгерістердің орын алып жатқаны қуантады.
Бұл атау текке алынып отырған жоқ. Осы айдың 20-21-і күндері Өскеменде Астана қаласының мәдени күндері өтеді. Яғни жаңа көше өскемендіктердің астаналықтарға жасаған сый-құрметі десе де болады. Дегенмен елорда жұрты да қарап қалмайтын секілді. «Сыйға – сый, сыраға – бал» демекші, Астана қаласы жаңа көшеге толықтай көріктендіру жұмыстарын жүргізуге уәде беріпті. Қаржы қалалық бюджеттің қазынасынан бөлінеді-міс. Сонымен қатар Арқа төріндегі шаһар «Астана жағалауы» атанатын көшеге ән салатын жаңа субұрқақты сыйға тартуды жоспарлап отырған көрінеді.
Әрине, бұл – қалпақты көкке атып қуанатын жағдай емес. Өскеменде өзгертілуге тиіс көше атауы әлі де жетерлік. Ондаған емес, жүздеген. Шаһарда 707 көше атауы болса, соның екі пайызы ғана қазақша. Сондықтан қала билігін ұстаған азаматтарға бұл бағытта атқарар шаруа ауқымды.
Өскеменнің өз Астанасы болады
Последние статьи автора