Орынды ой, қағытпа қалжың, әдемі әзіл

Елбасының шетелге сапарларындағы қызықты жайттар

1991 жыл, қыркүйек. Баку

Бес қаладағы келіссөздер мен кездесулер, жүздесулер мен жауаптасулар шаршатқан шақ еді. Төрт жыл соғысып жатқан жұртты төрт күнде тыншытудан қиын не бар?!

Тура қайтадан Алматыға аттанар алдында тілшілердің бірі: «Сіз енді әзірбайжан әлде армян коньягін артығырақ көресіз бе?» – деп сұрады.

Астары түсінікті. Талайлар үшін мұндай сұрақ тығырық болмақ. Назарбаев тұйықта қалмады. Табанда тапқырлық танытты. Тілшінің Мәскеу басылымынан екенін байқай отырып: «Бізге қолайлысы орыс арағы емес пе?» – деп қалжыңдады.
Әңгіме арақта, шарапта, коньякта емес, саясатта еді. Саясат болғанда қандай саясат десеңші...

1991 жыл, желтоқсан. Алматы

Алып сахнаның ауқымды шымылдықтары ысырылып, ар жақтан әскери оркестр көрінер сәтте «ойпырым-ай» десіп қалдық. Өйткені шымылдық одан бергі тұғырдағы Қазақстан туына жанасып, бір дір еткізіп кеткен. Сол шымылдық қайта жабылғанда, күдігіміз дәл шығып, туды қағып-ақ кеткені. Көлемді ту сәл болмағанда берідегі биік орындағы Президентті жауып қала жаздады. Спортты күнделікті серік ететін сергек Нұрсұлтан Назарбаев шалт қимылмен, спортшыларыңыз қызығардай жылдамдықпен туды құлатпай сақтап қалды. Сарай толы қалың жұрт сонда барып «уһ» деп дем алған.

Ертесіне бір газет «Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан туын берік қолда сақтап қалды» деп жазды.

Тура және ауыспалы мағынасында да ол газет дұрыс жазған. Біз Нұрсұлтан Назарбаев болашақта да Қазақстанның туын құлатпай алып жүре берсін деген тілекті қостық.

1991 жыл, желтоқсан. Минск

ТМД елдері жаппай нарықтық экономикаға түсіп, социализм ауылынан бет бұрған кез. Егер ТМД құрамындағы елдерді басқарып отырған Президенттердің барлығына жуығы бір замандарда партиялық қызметтерде болғанын ескерсек, кезінде марксизм-ленинизмді кеміргендері анық.

– Қап, – дейді кездесуде Украина Президенті Л.Кравчук. – Марксизм-ленинизмді жаттауға қаншама жылдарымды бекер жібергеніме енді өкініп жүрмін.

– Менің металлург болып жүріп, Маркс пен Ленинді оқуға еш қолым тимеп еді, – деп қалжыңдайды сонда Назарбаев. – Енді соным дұрыс болған екен деп жүрмін.

1992 жыл, қазан. Анкара

Екі елдің мемлекеттік әнұраны орындалды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев елшілікті ашудың рәсімін бастады:

– Біздің Тәуелсіздігіміздің тілектесі, осы елшіліктің құрылуына үлкен қамқоршы Түркия Республикасының Президенті Тұрғыт Өзалға, үкімет басшысы Сүлеймен Демирелге өзімнің және халқымның атынан алғыс айтамын. Екі елдің арасындағы туысқандық, достық нығая берсін!

Микрофонын ұмсынып, ұзын бойлы, ақ сары қыз Президентке ағылшынша тіл қатты. «Би Би Си» тілшісі екен.

– Ағылшынша аударатын кім бар? – деп Елбасы айналасындағыларға көз тастады. Ешкім үндемейді. Қазақстан делегациясы саса бастады. Біраз уақыттан соң:

– Мен бармын, – деп Мұртаза Бұлұтай деген жас жігіт алға шықты. Ол болмаса, ағылшынды орысшаға не түрікшеге аударып, одан қазақшалап жатар ма едік, қайтер едік. Бұған да шүкіршілік!

2006 жыл, қыркүйек. Иордан Хашимиттік Корольдігі

Елбасы сапарына ілесіп жүретін бір топ журналист Иорданияға қажетті визаны ұшақ бортында толтыратын болдық. Алдын ала солай деп ескертілді. Өйткені жоспар бойынша алдымен Түркияға соғатын болғанбыз. Бірақ, қызық болғанда, Түркиядағы сапарды аяқтап, Иорданияға келіп, қонғанға дейін бізге протокол қызметінен ешкім виза толтыру қажеттігі туралы ештеңе айтпады. «Қап, енді визаны әуежайда толтырып біткенше Президенттің кортежінен қалып қоятын болдық-ау», – деп қатар отырған әріптестер бір-бірімізге қарап, қинала бастадық. Алайда бекер абыржыппыз. Протокол қызметінің өкілі келіп: «Саспаңыздар, Иордания Корольдігіне визасыз аяқ басатын болдыңыздар. Король Абдалла Екінші бен Хусейн Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне сіздерді де қадірлі қонағы ретінде қабылдап, визасыз кіруге рұқсат етті», – дегені. Сөйтсек, Король біздің Елбасымызды «аса құрметті қонағым» деп мәлімдеп қана қоймай, бізге визасыз кіруге де рұқсат бергізіпті.

Мұндай тәжірибе бұрын-соңды қай елдердің екіжақты қатынастарында болғанын білмейді екенмін, бірақ біздің сол жолы Қазақстан Президентінің арқасында Иорданияда үш күн визасыз қыдырғанымыз бар.

Президент ұшағы Амман әуежайына келіп қонып, қарсы алу салтанаты біткен кезде біз халықаралық кездесулердің қатып қалған хаттамалық рәсімі бұзылғанына тағы бір куә болдық. Н.Назарбаевты әуежайдан күтіп алған Король Абдалла Екінші Қазақстан Президентіне арнап тартылған көліктің рөлін өзі ұстап, қалың делегацияның машиналарын соңынан шұбырта, Амманға қарай өзі зуылдата жөнелді.

2006 жыл, қыркүйек. Вашингтон

Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары. Президенттік пул журналистері Ақ үйдің «доғал» залына кіре берісте Елбасының АҚШ Президенті кіші Джордж Бушпен кездесуін күтіп тұрғанбыз. Міне, ар жақтан кіші Джордж Буш та шығып, Елбасымен амандасты да, бірден ресми әңгімеге ыңғай берген. Алайда Н.Назарбаев әңгімені өзінің кеше келіп, үлкен Бушқа барып сәлем бергенінен бастады. Сол үйде дәм татып, қонып шыққанын тілге тиек ете келе: «Үлкен Буш сізге «алдағы сенбіде құйрығыңнан таспа тілемін» деген сәлемін айтты», – деді. «Доғал» залда тұрған ағылшын тілін білетін бүкіл жұрт ду күлді. Кіші Буш та қарқылдап күлді. Осылайша, ресми кездесу емен-жарқын, көңілді сипат алып жүре берді.

Кейін білдік. Расында да, біздің Президент үлкен Бушқа «балаңызға кездескенде, не сәлем айтайын» дегенде, сондай сәлем жолдапты. Сөйтсек, Буштардың отбасында өздері ғана білетін әзіл бар екен. Көпті көрген үлкен Джордж Буш Қазақстан Президентіне ризашылығы ретінде кіші Бушпен алдағы кездесуінің ресми тінін сөгуге мүмкіндік беретін осы әзілді әдейі айтыпты. Бұл да болса, Қазақстан Президентінің әлемдік саясат сахнасындағы салмағы мен көрегендігін айғақтаса керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста