Орталық Азия барысы «Азия жолбарысына» соқпақ салды
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Азия жолбарысы» Оңтүстік Кореяға екі күндік мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін берді. Сеулдегі «Чонгвадэ» президенттік сарайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Оңтүстік Корея Президенті Ли Мён Бак кездесуінің ресми рәсімі өткен соң, екі ел Мемлекет басшыларының келіссөздері жүргізілді.
Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелерінің кең көлемдегі түрі талқыланып, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті бекіте түсуге бағытталған шаралар анықталды. Қазақстан мен Оңтүстік Кореяны ертеден келе жатқан достық, әріптестік қатынастар байланыстырса, бүгінде екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының дамуы жедел қарқын алып келеді. Қазіргі кезде Қазақстанда корейлік капиталдың қатысуымен 300 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясының жалпы көлемі 3,4 миллиард долларды құрайды. Тараптар өңірлік саясаттағы негізгі мәселені – Орталық Азиядағы және Корея түбегіндегі жағдайды, ядролық қарусыздану мен оны таратпау проблемасын, Ауғанстандағы істің жай-күйін талқылады. Қазақстан және Корея Президенттері сондай-ақ әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарларын еңсеру және дағдарыстан кейінгі дамудың негізін қалыптастыру тақырыбын қозғады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Қазақстан мен Кореяның осы тақырыптағы көзқарастары ұқсас. Қазақстан Оңтүстік Кореяның «Үлкен жиырмалық» аясындағы қызметін қолдайды. Келіссөздердің қорытындысы бойынша екі елдің Президенттері бірлескен баспасөз конференциясын өткізді. Қазақстан Президенті Корея Президенті Ли Мён Бакпен жүргізген келіссөздер қорытындысын жоғары бағалады.
Қазақстан-оңтүстік Корея қарым-қатынастарының дамуында сапалы серпін жасалғаны атап өтілді. Корея Республикасының компаниялары Каспий маңындағы инфрақұрылымдардың құрылысына қатысатын болады. Ал Корея Республикасына 2 миллион тонна қазақстандық астық экспортталып, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық кеңейе түседі. Президент Нұрсұлтан Назарбаев корейлік әріптестерді Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы жоспарын іске асыруда ынтымақтастыққа шақырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанда өмір сүріп келе жатқан 100 мыңға жуық корей диаспорасының Қазақстан-Корея достығын нығайтуға үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті. Корея Республикасында ашылған Қазақстан жылының аясында «таңғы шық» елінің ірі қалаларында 30-дан астам іс-шара өтетін болады. Елбасымен кездескен кореялық мәдениет және өнер қайраткерлерінің арасында қазақ көрермендеріне кеңінен таныс «Ханзада Жумонг» тарихи телесериалында басты рөлде ойнаған Соң Иль Гук деген актер де болды.
Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Сеулдегі Корея университетінде болды. Онда университет ректоры Ки Су Ли Қазақстан Президентіне Корея университетінің құрметті докторы атағын табыс етті. «Маған Корея университетінің құрметті докторы атағы берілгендігі үшін шын жүрегімнен алғыс айтамын. Корея университеті мен оның түлектері сіздердің елдеріңіздің дамуына зор үлестерін қосты. Әртүрлі уақыттарда олар Корея Республикасының әлемдік саясат пен экономикада алдыңғы қатарға шығуына ықпал етті. Сондықтан да сіздердің университеттің көптеген мықты түлектерімен, соның ішінде Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бакпен бірге құрметті доктор атағын алып жүру мен үшін зор құрмет болып табылады», – деді Н.Назарбаев аталмыш университеттің профессорлар және оқытушылар құрамының алдында сөйлеген сөзінде.
Қазақстан басшысы Н.Назарбаев Корей ғылыми қоғамдастығының алдында Астанадағы биыл ашылатын, осы заманғы зертханалық және ғылыми-зерттеу орталықтарымен жарақтандырылған Жаңа университетпен ынтымақтасуға мүмкіндіктер ашылып отырғанын атап өтті. Қазақстан Президенті сондай-ақ Жаңа университет жұмысына әлемнің көптеген елдерінен мамандар тартылатынына және аталған университетте Корея Республикасының профессорлары да өз лекцияларын оқитынына сенімін білдірді. Қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарында Қазақстаннан 100 студент білім алып жатқанына тоқталып өткен Елбасы Қазақстанның «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алмасу аясын кеңейтуді қарастыратынын жеткізді. «Біздің елдеріміз арасындағы келешектегі қарым-қатынастарды осынау жас толқын айқындайтын болады. Біздің елдер халқының арасындағы сенімді нығайту, жалпы құндылықтарды одан әрі қалыптастыру, болашақ Еуразия және күллі әлемнің игілігі мен қауіпсіздігі үшін еңбек ету міндеті соларға жүктеледі», – деп атап өтті Қазақстан Президенті Н.Назарбаев. Кеше түстен кейін Елбасы Оңтүстік Кореяның орталығындағы Тэджон қаласында орналасқан «Даэдок Иннополис» зерттеу орталығын аралап, оның бірқатар институттарының, мәселен, Корей атом энергетикалық ғылыми-зерттеу институты, Электроника және телекоммуникация зерттеу институты және Корей өмір және биотехнология туралы ғылыми институтының жұмысымен танысты.