Өндірісте жүріп өлім құшу я мертігудің кемитін түрі жоқ. Ресми деректер бұл жаманат жағдай азайды десе де, өндірістегі оқиға басқаша сөйлейді. Әсіресе қазір қарқынды жүріп жатқан құрылыста адамның майып болуы туралы ақпар жиі тарайды. Төтенше жағдайлар қызметінің дерегіне сүйенсек, олардың жас шамасы – 20 мен 30-дың арасы. Өңшең жастар. Еңбек қауіпсіздігін керек қылмайтын жауапсыз жұмыс берушілер тыйылмайынша, бұл қайғылы оқиға да сиреуі неғайбіл.
Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасындағы жазайтым өндірістік оқиғаларды жіпке тізбей-ақ, Астанадағы ахуалдың өзі – сөзіміздің жаны бар екенінің айғағы. Тамыздың басында Астана қаласының ТЖД биылғы жылдың жеті айында 69 төтенше жағдайдың тіркелгенін жария етті. Оның 42 жағдайында биіктен құлау болса, алтауы құрылыс және өнеркәсіптік нысандардағы электржарақатын алу. Құрылыста 13 адам көз жұмса, ал 58 адам дәрігерге жүгініпті. Департамент таратқан мәліметтер құрылыс саласында құлау салдарынан жастардың көз жұмуы көптеп кездесіп отырғанын айтады.
Астана қаласының сақтандыру компанияларының дерегінше, бүгінде өндірістегі ең қауіпті мамандықтар қатарында осы құрылысшылар да алдыңғы орында тұр. Оның алдында тау-кен жұмысшылары, қызмет көрсету саласының және теміржол жұмысшылары бар. Бұлар бүгінгі таңда ең қатерлі жарақат алу мүмкіндігі зор мамандықтар. Ал бұлардың «алдыңғы» қатарға шығуының төркінінде сол қызмет беретін жұмыс берушінің жауаптылығы жатыр.
Халықаралық еңбек ұйымы жыл сайын 270 млн адам өндірісте жарақат алса, 160 млн адам кәсіби ауруға ұшырайды дейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда 20 жыл ішінде өндірістік жарақат алу үш есеге кеміді. Есесіне, кәсіби аурулар деңгейі жоғары деседі. Шынымен, солай ма?
Өндірістердегі жазатайым оқиғаның ақ-қарасы ажыратылады дегенге ел қазір сенуден қалған. Өйткені өндіріс иелері көбіне-көп жұмысшының өзін кінәлі етіп шығарады. Немесе деректердің аздығынан ашылмай қалады. Ал жапа шеккендер осы аралықта 18 мың адамды құраған еліміз бойынша. Ресми статистика кейінгі бес жыл ішінде өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан 2 мыңнан астам қазақстандық көз жұмғанын көрсетіп отыр. Көш бастап тұрған – Қарағанды облысы.
Сандар сөйлесе...
Қарағанды облысының статистика департаментінің анықтамасына сүйенсек, 2012 жылы облыста жазатайым оқиғалар кезінде 766 зардап шеккендер тіркелген. Оның ішінде әйелдердің үлес салмағы – 11,2%. 208 адам – топтық жазатайым оқиғалардан, 346 адам – кәсіптік аурудан және алты адам улану кезінде зардап шеккен. Орташа облыс бойынша 1000 жұмыс істейтіндерге есептегенде жарақаттанғандар саны 1,8 адамды құраса, жазатайым оқиғалардан 45 адам қайтыс болған. Олардың алтауы жолы жіңішке қауымнан.
Статистика департаменті «Жазатайым оқиғаның ең басты себебі зардап шегушінің абайсыздығы болып табылады. Осы себептен 151 адам зардап шекті, одан сегіз адам қайтыс болды» дейді. Оған қоса, жазатайым оқиға нәтижесінен 136 адам жабық сынық, 80-і – сыртқы жарақат, 50-і – шайқалудан болған жарақат және ішкі ағзалардың жарақаты, 38-і – күйік, 28-і – ашық сынық, 27-сі ашық жарақат алыпты. Ал Солтүстік Қазақстан облысы бойынша статистика департаменті алдыңғы жылғыға қарағанда, 2012 жылы өндірістегі жазатайым оқиғаның 2,9 пайызға артқанын айтуда. Сонда қай дерекке сенген абзал-ды?!
«Зардап шегушінің абайсыздығы...»
Жауаптылықтан жалтаруға көпшілігінде сылтау болатын – осы қасаң қағидат. Әлгі «Әкем өлсе, көмілер, атан өлсе, сойылар, маған мұндай қансонар, енді қашан табылар?» дегеннің сыңайы жұмыс берушілердің. Шыны керек, жұмысшысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті қандай компания болса да, отқа қарап отырған жоқ. Бірақ соны жұмысына енгізуге құлықсыз. Деректер, қауіп-қатермен жұмыс атқаратын компаниялар стандарттарға сай қауіпсіздік менеджменттерін өмірге енгізуде дейді. Айталық, еңбекті қорғау саласында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықаралық стандарттардың қамтылғанын айтады.
Кенжебек САНАБАЕВ, Еңбек және халыққа әлеуметтік көмек көрсету министрлігі еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры:
– 2013 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, республикада 1266 еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша 266 халықаралық және ұлттық стандарт енгізілген. Соның арасында тау-кен кәсіпорындарының 19-ында және көмір өнеркәсібінің үшеуінде халықаралық OHSAS 18001 стандарты қолданыста.
Бірақ солай бола тұрса да, ол кен орындарындағы апаттар азаймай тұр. Ол өз алдына, енді оған қызу құрылыстағы апаттар келіп қосылды.
Мәселен, бір Астана қаласының Алматы ауданында – сәуірде адам құлаған алты, Есіл ауданында бес дерек тіркелген. Оның біреуі көз жұмған. Бұдан бөлек, электр қуаты ұрып мерт болып жатқандар да бар. Дәл сол Астананың Алматы ауданында дәнекерлеуші жоғары қуатты электр желісін тартып жатқан жерінде ток ұрып, сол арада көз жұмған.
Талап күшеймей, жауаптылық жоқ
Қайғылы оқиға орын алғаннан кейін төленетін өтемақы адамның өмірін қайтара алмайды. Ата Заңда еліміздің ең басты байлығы адам делінген. Ендеше, сол басты байлықтың құқығы толық қорғалуы тиіс. Талап күшеймей, жұмыс берушіде жауаптылық болмасы тағы анық. Жабулы қазанды жабуымен қоя салатындай қазақ миллиардтап өсіп-өніп жатқан қытай емес.
Өндіріске адам өлем деп бармайды
Последние статьи автора