Елорда әкімдігі тегін берілетін баспана кезегіне тұрғандарға тексерісті күшейтті. Мұндай қадамға ерлі-зайыптылар арасында ажырасудың артуы түрткі болған.
Отбасылар оңай жолмен баспаналы болуы үшін қағаз жүзінде ажырасып, әлеуметтік осал топқа қосылады екен. Осылайша шын мұқтаждардың несібесіне ортақтасып жүр.
Ауданы 9 шаршы метр мынау аядай бөлме Татьяна Лычконың бүгінгі тұрағы. Жалғыз басты ананың төрт баласымен осы жерді мекендеп келе жатқанына да төрт жылдан асты. Оған дейін әр жерді паналап келді. Жеңілдікпен берілетін үйден үміттеніп, 7 жыл бұрын кезекке тұрыпты. Алайда тізімнің жылжитын түрі жоқ.
Татьяна Лыченко, жалғыз басты ана:
- Көп балалы аналарға баспана беріледі дегенді естідім. Сөйтіп құзырлы органға барып, пәтерге мұқтаж көпбалалы ана ретінде кезекке қоюын өтіндім. Ол үшін бұған дейін тұрған 7 жылғы кезек тізімінен шығарылып, мына тізімге қайта тұрады екенмін. Яғни тағы ең соңна тізіліп, 15 жыл күтуге тура келеді.
Ресми мәліметтерге қарағанда Елорданың өзінде жеңілдікпен берілетін пәтер кезегінде 50 мың адам тұр. Үштен бірі әлеуметтік әлсіз топ өкіліне жатады.
Әкімдіктегілердің айтуынша, өтініш берушілердің жағдайы шын мәнінде қандай екенін нақты анықтау қиын. Өйткені біреудің бар-жоғын санау құзырына кірмейді әрі заңмен реттелмеген.
Нұрсұлу Қожахметова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ директоры:
- Егер заң бойынша өтініш берушінің шынайы әлеуметтік жағдайын тексеруге мүмкіндік берсе өте жақсы болар еді. Өйткені мұқтаж болмаса да мемлекеттен қаржы жымқыруды көздейтіндер бар. Ондай деректер кездеседі. Оларға қарсы ешқандай қатаң шара қабылдай алмаймыз.
Баспана алу үшін қулыққа баратындар көп. Соның бір түрі қағаз жүзінде ажырасу. Сол арқылы ерлі-зайыптылар баспана алуға үміттенеді.
Дегенмен сот қызметкерлері әрбір ажырасу дерегін мұқият зерттеуге кірісті. Тіпт сол үшін отбасылық психологтар, кеңесшіллер мен медиаторлардан құралған арнайы комиссия құрылды.
Мая Қасымова, Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының судьясы:
- Егер жастардың мемлекетті алдап жеңілдетілген баспана алу мақсатында ғана ажырасып жатқаны анықталса, өздері шығынға батады. Яғни материалдық өтемақы төлеп, жауапқа тартылады. Бұдан бөлек заң жүзінде ажырасу адам психологиясына әсер етіп, отбасы мүлде қосыла алмай қалуы да ықтимал. Сондықтан баспана үшін осындай тәуекелге бару дұрыс шешім деп ойламаймыз.
Ең сорақысы соңғы уақытта заң жүзінде ажырасқандар саны артқан. Осындай қулыққа барып, баспана кезегіне тұрып жатқандар да жоқ емес. Бұлардың кесірі өзгеге тиеді. Себебі аляқтықпен алынған әр баспана шын мәнінде бірнеше баланы жетелеп жүрген жалғыз басты ананың несібесі болуы әбден мүмкін.