Олимпиада ойындарының астарындағы саясат

Олимпиада ойындарының астарындағы саясат

Төрт жылда бір айналып келетін Олимпиада – күллі әлемді спорт сиқырымен арбап, жауласқанды табыстыратын бейбітшілік миссиясы орасан зор, бәсі биік аламан дода. Осымен өз тарихында үшінші мәрте Олимпиада ойындарын өткізу мәртебесіне ие болып отырған Лондон Олимпиадасы саяси рең алғандай. Фолкленд аралдары үшін 30 жыл бойы Ұлыбританиямен тартысып келе жатқан Аргентина Президенті Лондон Олимпиадасына барудан бас тартқанын мәлімдесе, Еуроодақ елдеріне әлдеқашан жолы жабылған Белоруссия Президенті А.Лукашенкоға Лондон Олимпиадасының мәртебелі мейманы болу бақыты бұйырмады.

Олимпиада – ежелден бейбітшіліктің додасы
Ежелгі Грекияда б.з.д. 776 жылдары пай­да болған спорттық ойындар 1896 жыл­дан бастап француздың қоғам қайрат­кері барон Пьер де Кубертеннің бастамасы­мен қайта жаңғырды. Жарықтық Кубертен айтып кеткендей, спорт бейбітшілікке қол жеткізудің төте жолы деп есептелуі керек. Олимпиада ойындары кезінде соғыстар тоқтатылып, тыныштық орнайтын болған. Тіпті бір айдан үш айға дейін бүкіл Эллада жерінде қару жұмсауға, тіпті ойынды тама­шалаушыларға қару-жарақпен келуге тыйым салынған. Антикалық Грекия Олим­пиадасына тегі гректен шыққан атлеттер қатысып, стадиондарға варварлар жіберіл­меген. Рим императоры Тиберий Олим­пиада ойындарына қатысып қана қоймай, төрт атты арбамен жарысудан чемпион атанған екен. Сайып келгенде, спорт ежелгі Грекияда мемлекеттік саясаттың құрамды бөлігі саналды. 1992 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті Югославияның ыды­рап, территориялық жанжалдардың өр­шуіне байланысты барлық халықты Олим­пиада ойындары кезінде соғыстан бас тартып, бейбітшілікке шақырды, сөйтіп, «олимпиадалық бейбітшілікті» жаңғыртуға талпыныс жасады. Бүгінде бұл дода әлемдік сипат алғанымен, саясаттың салқы­нынан ада бола білген жоқ. Барон Кубер­тен спорт пен салауатты өмір салты арқылы Прус­сиямен үздіксіз соғысып жатқан өз елі Францияның ұлылығын паш етіп, күшті әскер құру мақсатында антика­лық дәстүр ізімен Парижде Олимпиада өткізуге тал­пынды. Алайда еуропалық елдер қазіргі заманғы Олимпиада ойын­дарын Грекияда өткізуді ұйғарды. 1896 жылы Афиныда өткен тұңғыш Олимпиада ойындары грек­тердің ұлттық рухын оятып, арада бір жыл болар-болмастан Түркиямен соғысқа киліктіріп жіберді.
Олимпиадаларға бойкот жариялаудың сыры неде?
Тарихта бірнеше Олимпиада соғыс­тың кесірінен өтпей қалды. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында VI жазғы Олимпиада ойындары, XII, XIII жазғы Олимпиада ойындары және V, VI қысқы Олимпиада ойындары Екінші дүниежүзілік соғыс болғандықтан өткізілмеді. Олим­пиада ойындарына саясаттың қатаң ережелері өз әмірін жүргізбей қойған жоқ. Аламан дода­лардың астарындағы сая­саттың қоясын ақтару мүмкін емес. Деген­мен Олим­пиада­лардың кейбір саяси сәттеріне, бойкоттар сырына шолу жаса­ғанды құп көрдік. 1908 жылы Лондонда өткен Олим­пиаданың ашылу салтанатында әр ел өз туын көтеріп шықты. Сол кезде Ресей империясының құ­рамындағы Фин­ляндияның өз туын көтеріп шығуына Ресей рұқсат етпеген соң, бұған қарсылық ретінде ешқандай ту алмай-ақ шерулетіп өтті. Бір қызығы, сол Лондон Олим­пиадасында Ресей империясы 3 ме­даль иеленсе, фин­діктер 5 медаль ол­жалаған екен. Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін 1920 жылы Бельгияның Антперпен қала­сында өткен Олимпиадаға 29 ел қатысты. Алайда Бельгияны басып алып, кейін сол соғыста жеңіліс тапқан Германия, Австрия, Болгария, Венгрия мен Түркия спорт­шылары бұл Олимпиадаға шақыру алған жоқ. Дегенмен Германия құрамасы 1928 жылы Нидерландының Амстердам қала­сында өткен Олимпиадаға шақырылды. Есесіне, 1936 жылғы Бер­линде өткен Олим­пиада ойындарына гитлер­лік германия үлкен мән беріп, 25 миллион рейхмарка бө­ліп, доданың ақпараттық-насихаттық жағына көңіл бөлді. Сол Олимпиада қарсаңында ев­рейлерді құрама сапына өткізбей, Бер­линдегі сығандарды концлагерьге айдап жіберген болатын. 1940 жылы Жапонияда Олимпиада өтуі тиіс еді, алайда Қытаймен соғысты желеу еткен Күншығыс елі ойын­дарды өткізуден бас тартты. Финляндия бұл Олимпиаданы Хель­синкиде ұйымдастыруға талпын­ғанымен, 1939 жылы кеңес әскер­лерінің басып кіруіне байланысты, іле-шала Екінші дүние­жүзілік соғыстың басталып кетуінен Олимпиада жайына қалды. Жаһан­дық соғыстан кейін 1948 жылғы Лондон олим­пиадасына басқыншы елдер Германия мен Жапония құрамасы қатыс­тырылған жоқ, есесіне, Италия Олим­пиадаға жіберілді. Алайда Ұлыбритания­дағы Олимпиадаға антигитлерлік коа­­­ли­­­ция­дағы одақтастарды арасындағы салқындық пен қырғиқабақ соғыстың басталуына себепші болған Уинстон Черчилльдің мәлімдемесіне орай Кеңес Одағы қатысудан бас тартты. 1952 жылғы Хельсинкидегі (Финляндия) Олимпиадаға Қытай қатыспай қалды. Бұған себеп Халықаралық Олимпиада комитеті додаға Қытайдың жауы Тайваньды қосуы еді. 1956 жылы болған Мельбурн (Авс­тралия) Олимпиадасына халықаралық саясаттың салқыны тимей қоймады. Нидер­ланды, Испания және Швейцария Вен­гриядағы көтерілісті кеңес әскерлерінің басып-жаншуына байланысты қарсылық білдіріп, Олимпиадаға қатыспай қойды. Вен­грияның құрамасы социалистік тудан бас тартып, 1918 жылғы үлгідегі өз туын көтеріп шықты. Су полосынан Венгрия мен КСРО құрамасы жартылай финалда кездесіп, 4-0 есебімен мажарлар жеңіске жетті. Бұл Олимпиададан соң көптеген венгр спортшысы өз еліне қайтудан сес­кенді. Бұдан басқа Суэц дағдарысы кезінде Израиль, Ұлыбритания мен Францияның Мысырға басып кіруіне қарсылық білдірген Камбоджа, Мысыр, Ирак пен Ливан Мельбурн Олимпиадасына спортшысы жіберген жоқ. Апартеид саясатын жүргізген ОАР еліне 1964 жылғы Токио Олим­пиа­дасына баруға шектеу қойылды. ОАР-ға салынған бұл тыйым Апартеид құлаған соң ғана 1992 жылы алынып тасталды. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасына алпауыт спорт дер­жа­валары АҚШ, Германия, Жа­пония бастаған 64 мемлекет қатыспай қалды. Бұған себеп КСРО-ның Ауғанстанға әскер кіргізуі болатын. Сол Мәскеу Олим­пиа­дасына 81 елдің ғана құрамасы келді. 1984 жылғы Лос-Анджелестегі Олим­­пиадаға өз спортшыларының өміріне байланысты қауіптенген КСРО-мен бірге 13 социалистік ел (Эфиопия, Ангола, Лаос, Вьетнам  т.б.) қатысудан бас тартты. 1988 жылғы Сеул Олимпиадасына Солтүстік Кореяға қолдау танытқан Никарагуа, Куба мен Эфиопия қатыспады. Тәлібтер спортқа тыйым салған соң, Ауғанс­тан 2000 жылғы Сидней Олимпиадасына қатыса алмады. 2004 жылғы Афины ойындарында Иран басшылығы өз спорт­шыларына израильдік спортшылармен сайысуға тыйым салғаны есте қалды.

Саясиланған олимпиадалар:

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста