15 тамыз – ұлт поэзиясының көрнекті өкілдері Ғали Орманов пен Ғафу Қайырбековтің туған күндері. Қазақ өлеңіне айрықша еңбек сіңірген қос ақынның да есімдері әдебиет тарихына алтын әріптермен жазылған. Жауһар жырлары ел есінде. Өкіндірмес іс тындырып, өкінбес ғұмыр кешкен Ғали мен Ғафу жырлары бүгінгі күннің талғамымен қарағанда да өзіндік биігінде тұр. Арада қаншама жылдар өтсе де құнын жоғалтпаған дүниелері – әдебиетіміздің баға жетпес байлығы, асыл қазынасы. Араларындағы жиырма жыл ағалы-інілі қылған әдебиеттің қос алыбы бір-бірінің бағасына жете білген. Қазақ лирикасының айтулы шебері Ғафу Қайырбековтің Ғали Орманов туралы естелік мақаласы – осы сөзіміздің айғағы. Тіршіліктерінде әрбір іс-әрекеттерін өздерінен кейінгіге үлгі-өнеге қыла білген қос алыптың арасындағы бағалау мен қимастық та – тәлім аларлық қасиет. Биыл Ғали Ормановтың өмірден озғанына 35 жыл толып отыр. Әдебиеттегі бірнеше буын өкілдеріне аға бола білген Ғафу Қайырбековтің ақын ағасына деген лебізін қайыра жариялауды жөн көрдік.
Менің бала кезімде біздің ауылда Ғали ұста деген атақты ұста болды. Ол бір соққанына қайтып соқпайтын шебер еді. Жалпы, сол тұста Торғай өлкесінде әйгілі Жармақ, Аяған деген ұсталар болды. Бұл қас шеберлердің қолын ел бұлжытпай таныр еді. Өздері бір-біріне сүйсініп, бірін-бірі мақтап, қатты сыйласады екен. Ғали бір ұсталықтан гөрі зергерлікті өнер тұтқан, алтын-күміспен айналысқан, нәзік заттарды соғатын адам болған. Тағдырдың ғажабын айтсаңызшы, менің әдебиет деген ауылымда да Ғали ұста болды. Оның да жұрт өлеңдегі қолын айнытпай танушы еді. Ол да зергерлікпен, нәзік жырлар соғумен айналысатын. Лирика деген өлеңнің баласында Ғалидай әке болды деп енді атын аңыз етеміз.
Ғали Орманов – қазақ өлең сөзінің бақытын ашқан, қазақ әдеби көркем тілін жасаушылардың, әрі қарай дамытушылардың бірі. Мұндай анықтама көрінген жазушыға беріле бермейді.
Баршаға мәлім, жерден табылатын алтын тас, тек асыл аты болмаса, әлі бар қырымен жарқыраған шын мәніндегі асыл емес. Оны алуан жағынан қарағанда құлпырғыш, көздің жауын алғыш ететін – оны қырнап, жонатын, оған сүйкімді мінез беретін ұсталар, тас шеберлері ғой.
Ғали ұста қазақ сөзін солай жайнатып, жайнатқанына жаны рақаттанатын ақын еді. Өзгелердің де сондай ісін, шеберлігін сүйсіне қабылдайтын жомарт талант, жаны таза адам болатын.
Қас шеберлер бірінің қолын бірі таниды дегеніміз – сол. Бізде қолы жоқ жазушылар өте көп. Оған себеп – біз соңғы кезде сөзбен жұмыс істеуді қойып кеттік, аузымызға не түссе соны жаза салатын болдық, оның үстіне әлгі атақты шеберлер жасаған әдеби тілдің нормасын, үлгісін бұздық, өз ауылымызда ғана айтатын халі мүшкіл, қанаты қысқа сөздерді тықпалап әуре болыстық, тілдің егінін арам шөпке бастырып жібердік. Бардың өзін сақтамау, бұзу әдеті тек табиғатқа ғана емес, тіл табиғатына да қырсығын тигізді.
Ғали Орманов еске түскен кезде біздің көркем тіліміз, оның байырғы дәрежесі еске түседі.
Ғалидың үлкен шеберлігін сағыну осыдан келіп пайда болады. Оның тілдің азғандығын көрмей тұрғанда кетіп қалғанына да шүкіршілік етесің. Өйткені ол тез күйінгіш, ұзақ мазасызданғыш мінездің адамы еді, тіл, сөз сорақылығына төзе алмайтын кісі еді. «Мыналарың не сұмдық?!» деп газеттен бірдемемізді оқи қалса, әбден әбігері шығып қалатын. Ол кездегі жас өркен, біз, әкемізден қорыққандай қорқатын едік. Өйткені «әй» дейтін «әке», «қой» дейтін «қожа» бар еді.
Бізде қазір ол жоқ, былықтырып соға береміз, онымызды сынайтын ешкім жоқ, болған күнде ол сынға пысқырып та қарамаймыз, әрқайсысымыз өз алдымызға әулиеміз. Оның үстіне қазақ зейнеткерлері қартайғанда өлең жазып, қазақ поэзиясының қаһарманы боламын деп әуреге түсті. Әуресін тыңдамасаң, үстіңнен арыздан көрпе жабады, тұншықпасаң – өзің біл.
Ғалиды сағынып, еске түсіру, жиналып, әңгіме өткізудің бізге жай тойдан басқа, осындай-осындай ойларға жетектейтін мағынасы бар. Сонда ғана Ғали Ормановтың біздің ақындық әлеміндегі орнын, қадірін анықтай аламыз. Құр «пәлендей өлеңінде былай деп еді» дегеннен Ғалидың бейнесі жасалмайды.
Жеке басым өмірімде Ғали есімді екі ұстаны көргеніме, олардың қасында болғаныма өзімді бақыттымын деп санаймын. Өйткені екеуі де ел, халыққа еңбегі сіңген, солары үшін халық та қадірлеген адамдар еді, елдің сенген ұсталары болатын.
Ғалекең нағыз ақындықты құдіреттің өзі жасаған ғажайып құбылыстардың бірі деп санайтын да, оның шабытының ғайыптан келетініне сүйсініп, әулие-пір тұтатын. Өмірінің соңғы жылдарында сол шабыт сирексіді ме, қалай, сағынған жолаушысындай көп тосып қалатын еді. Оны менің білетінім – сол шабыты пайда болғанда телефон соғып:
– Ғафу, келді, айналайын, келді, – дер еді. Мен ненің, кімнің келгенін білетінмін, кешікпей журналға жаңа өлеңдер келіп түсуші еді.
Ғали Ормановтың ақындығы туралы қысқаша сөзді осымен доғарып, оның азаматтық, кісілік өмірдегі өзіме таныс, жақындық жағдайларынан бірер сөз қозғайын.
Мен Ғалекеңмен алғаш «Жазушы» баспасында, кейін Жазушылар одағында қызметтес болдым. Оның жұмысқа деген ықыласы мен тиянақтылығынан, сенімділігінен үйрендім. Ол не істесе де, тура ақындығындай асқан ыждағаттылықпен, тап-тұйнақтай етіп істеуші еді. Баспада онда әлі қазақ жазушыларының төл шығармаларынан гөрі аудармалар көп болатын да, бірақ аудармашылардың тәжірибесі мол болатын. Редакторлар, бәрін түгелдей өзіміз істеп, батпақтап отыратынбыз, бірақ ол ісімізге ешкімнен қолақы тілемейтінбіз. Қазіргі редакторлар жанынан бір сөз қосса, малы кетіп қалатындай көреді. Сонда ол, Ғалекең бізді, жас аударма мектебінің шәкірттерін, тәрбиелеуші еді, өзі еңбектеніп әрең тапқан сөздерін, баламаларын бізбен бөлісуші еді. Бұл оның жан жомарттылығы, өнер ортақшылдығы болатын және кеңсе жұмысын да тапжылмай отырып істеуді де сол кісіден үйрендік. Қазір арт жағын желімдеп қоймасаң, тұтас бір сағат орнында отырушылар аз ғой. Байқағанға мұның өзі мектеп, еңбек мектебі еді. Ол соның тамаша ұстазы еді.
Келесі бір онымен жақындығым – республика өлкелерінде, одан тысқары өзге республикаларда болған, бірге шеккен жол сапарларым. Оның бәрін қазір жеке-жеке баяндаудың мүмкіндігі жоқ. Соның бәрінде де менің қиялымдағы Ғалекеңнің бейнесі толысқан үстіне толысып отырды. Әсіресе бір-екі сапар әлі есімнен қалмайды. Адамның кім екенін көбінесе жол танытады. Қазақтың «жолдас» деген қадірлі сөзі жолы бірге дегеннен шыққан ғой. Екі сапардың екеуі де Жетісу сапарлары еді. Өз басым Жетісуды Ғалекеңдей жетік білетін адамды көргенім жоқ. Ол бұл өлкенің шежіре-тарихшысы әрі тамаша жыршысы еді. Экологиялық, этнографиялық, географиялық және фауна деп аталатын жаратылыстық Жетісу қасиетін қандай толық білуші еді. Оны менің біліп-сезгенім, біз бір жылы Ғабеңнің мәшинесімен Алматыдан шығып, бүкіл Жетісудың өңірін жағалап отырып, Алакөлден пароммен өтіп, сонау Үржар, Мақаншыдан бір-ақ шығып, одан әрі Тарбағатайды иектеп, қайта айналып «Ебінұрға» тіреліп, одан Алматыға оралғанымыз бар. Сонда Ғалекең күндіз-түні аузы бір тынбай, көзі бір талмай, өзінің ғажап өлкесін жырлап-ақ беріп еді. Сонда мен оны «мынау Жетісудың адамға, ақынға, жырға айналған түрі екен-ау» деп ойладым. Мен мұны өзімнің Ғабит Мүсірепов туралы жазған сапарнама кітабымда бір тарау бойына айтып шыққанмын. Екінші сапарымда сол Ақсу, Лепсі, Қапал тауларында үш ақын үй тіктіріп жатып, Баянжүрек атты жайлауда аз күн дем алдық, арғы өрдегі атақты Маман-Тұрысбек жайлаулары – Күреңбел, Зәуре сай, Бүркіттіні атпен аралағанбыз. Сонда да әр мекен, қоныс тұсында ат үстінде Ілиястың «Жетісу суреттерін» жатқа айтып, сол арқылы түсіндіріп, көзге көрсетіп қайтып еді. Сонда туған жерді бұлай тұтас жырлаушыға тағы да таңырқап, шын сүйсініп едім. Соған қоса, оны жалпы жертану ғылымының профессоры десе де болар еді. Өйткені ол жалғыз Жетісу ғана емес, барған, аралаған өлкесінің топырағына табаны тиісімен-ақ бар ақындық зердесін, назарын сол жердің табиғатына, содан соң адамдарына аударар еді. Ол өзінің Жетісуы арқылы бүкіл Қазақстанды құшақтайтын. Соңғы жылдардағы өзінің жеке бақыты, жеке көрер қызығы үшін жетісушы бола қалғандарға қатты ызасы келетін. Сондай-ақ «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген мақалды керісінше қолданып, көбіне туған жердікі бола қалатын сұмпайыларға да түршіге қарайтын.
Ғабит Мүсіреповтің туған інісіндей болып кеткен. Оған Ғабең өзінің аңшылықтағы атақты құралы «Винчестер» деген мылтығын сыйлаған. Сонда маған әйгілі сөз мергендерінің ғажап сыйластығымен қатар, біріне-бірі мұра жалғастырудың символындай көрінеді. Не деген биік адамдар десеңші?! Осынша көп бірге жүрісте мен оның Ғабеңе ыңғайсыз сөз айтпақ түгіл, бетіне түнеріп тік қарағанын көрген емеспін. «Мына кісінің қабағы қисайып келіпті, құрымасақ жарар еді», – деп бүйірімнен түртіп, жымияр еді ол. Ғалекеңнің екі қыры: ақындық және азаматтық!
Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ, «Қазақ әдебиеті», 19 тамыз, 1977 жыл
Өлең сөздің ұстасы
Последние статьи автора