Алайда сот талапты қанағаттандырудан бас тартты.
Астана қаласының тұрғыны бұрынғы сүйіктісіне сыйға тартқан дүниелерді қайтару үшін сотқа арыз жазды. Бұл туралы Астана қалалық соты хабарлайды.
Талапкер А. қарызды өндіріп алу туралы жауапкер С.-ға талап қойып, сотқа жүгінді. Алайда сот талапты қанағаттандырудан бас тартты. Кейін ол аппелция беріп, қайта шағымданған. Астана қалалық сотының мәліметінше, жігіт өзінің бұрынғы сүйіктісіне "iPhone 12 Pro MAX" ұялы телефонын, сондай-ақ "Apple Watch Series 6" смарт сағатын сыйға тартқан. Бір қызығы, ол аталған бағалы сыйлықтарды несиеге алыпты. Сотқа қарыз шартының немесе өзге шарттың элементтерін, сондай-ақ талапкер талап еткендей ақшаны қайтару міндеттемесін қамтитын дәлелдемелер ұсынылмаған. Сот ақшаны қарызға нақты беру болған жоқ деп есептеді. Талапкер несиені өз еркімен ресімдеп, жауапкерге сыйға тартты, ал жауапкер болса сыйға тартылған мүлікке өз қалауы бойынша билік етті. Апелляциялық сатыдағы сот көрсетілген негіздер бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.