Неке сарайы неге жоқ?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Шымкенттегі көркі көз тойдыратын Неке сарайының салынғанына да биыл, міне, үшінші жылға аяқ басты. Сәулеті сүйсіндірерлік, заман талабына сай салынған ғимарат, расында да, мақтануға тұрарлықтай. Шымкенттіктер неке қиятын ғимаратқа зәру емес-тін. Орталықтағы Әл-Фараби алаңында орналасқан арнайы залда талай жас некесін қидырып, «осы өмірге лайық қадам басқан» болатын. Бірақ үлкен шаһарға тарлық қылатыны рас-тын. Содан облыстағы ең ірі «Береке» корпорациясы оңтүстік халқына үлкен сый жасап, Неке сарайын салып берген. Ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысып, лентасын қиды. Қол ұстасып үлкен өмірге қадам басқан жастардың ең сәтті де тәтті кезеңдерін керемет сарайда өткізгені, расында, ғажап қой. Есте қаларлық ерекше сәтті осындай хан сарайынан кем емес ғажап сарайда некесін қидыратын шымкенттік жастардың, расында, арманы жоқ. Ал мұндай сарай тараздықтар үшін қиял ғана. Осы уақытқа дейін көшпендінің күйін кешіп келген қалалық АХАТ бөлімі әлі де талай рет жүгін буып-түюден арыла алмайтын сыңайлы.
Тарихи қалада жастардың тәу етіп ба­ратын жері көп. Алайда заңды некеге тұрып, соны салтанатты жағдайда тапсы­ратын бір орынның болуын тараздықтар армандағалы қашан. Тұрғындар бұл мә­селені көтеріп, айқұлақтана айғайға басып жатқан жоқ. Дегенмен бүгінгі күннің тәр­тібінен түспей, тез арада шешімін табуы тиіс мәселе екені анық. Кешенің көшіне емес, өркениеттің өзіне бет түзеген шақта бұл мәселе ілгері жылжуға құлықсыз тасбақа­дай тасбауырлап жатып алғаны өкінішті. Жас жұбайлардың өміріндегі ең бір аяулы сәті – неке қидыру рәсімін өткізетін арнайы ғимараттың болмауы, расында, тараз­дық атқа­мінерлер үшін кемшілік. Амал жоқ, Жамбыл облыстық әділет де­пар­таменті мен Тараз қалалық әділет басқармасы бір ғи­ма­ратқа сыймағандықтан, кіші бас­қар­маны көш­пендінің күйіне түсірген. Қалалық әділет басқармасының құжаттама бөлімі қыз­меткерлері үшін мұнда жай­лы, әрине. Алайда АХАТ бөлімі үшін, некеге тұрушылар үшін ыңғайсыздығы басым. Әу баста қала­лық Мәдениет үйінде неке қию салтанатын өткізіп келген болатын. Одан «Премьер Қазақстан» тойханасына қоныс аударды. Заманауи үлгіде салынған сал­танат сарайын біраз уақыт паналап еді, оны да көп көріп, қайтадан Мәдениет үйіне ат арытып көшіп баруға тура келді. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын екі мекеме осылай­ша қал­мақша қаңтарылған ат құсап талай жыл бір мекеменің астын паналады. Содан, бұл аз дегендей, Халыққа қызмет көрсету орта­лығына көшірді. Есігі бөлек болғаны­мен, өте ыңғайсыз. Жас жұбайлар­дың өте ырымшыл келетіні белгілі ғой. Жоғарыға көтерілу үшін текпешек өте тар. Жастар «екеуміз де бірдей жүруіміз керек, жоғары­ға бірге көтерілуіміз керек» дейді. Алайда ол мүмкін болмай тұр. Ғимарат неке қию салтанаты өтетін орынға мүлдем лайық емес. Стандартқа сай кел­мейді. Фото, бейнетүсірілім – бәрін өздері жалдауы тиіс. Фуршет жасау үшін шампан шарабын өздері сатып әкелуі қажет. АХАТ бөлімі мем­лекеттік мекеме болған­дықтан, мұндай қызмет түрлерін тегін көрсету құзырына кірмейді. Тіпті салтанатты рәсім, яғни неке туралы куәлікті тапсыру кезінде де ойна­латын музыкаға дейін өздері жалдап апаруы тиіс.
Гүлнар КӨШЕКОВА, Тараз қалалық әділет басқармасының бастығы:
 – Өткен жылы қала әкімінің қабыл­дауына барып, осы мәселені көтерген бо­латынмын. Әзірге қаладағы мейрам­ха­наларда тегін келісімшарт ретінде бір бөлмені алып, қызмет көрсете аламыз. Тек сол ғана. Одан басқа ешқандай көмек болмай тұр. Ал неке сарайының салыну-са­лынбауы туралы әзірге хабар жоқ. Біршама уақыт Химпоселкадағы Мә­дениет үйінде отырдық. Үлкен автотұрағы бар, өте ыңғайлы еді. Алайда онда да өздерінің қызметкерлері бар. Салтанатты сәтте швабрасын көтеріп еден жуушылар өтіп бара жатады. Біртүрлі емес пе?.. Көр­сететін қызметіміздің бәрі тегін. Тек үйлену туралы өтініш бергенде бір айлық көрсеткіш көлемінде 1 731 теңге ғана төлейді...

Облыс орталығында бір ғана қаңтар айының өзінде 370 жұптың некесі қиы­лыпты. Бүгінде қалалық АХАТ бөлімінде күнделікті 4-5 неке қиылады. Тараздық жастар үйлену тойындағыдай жасанып келіп неке куәлігін алуға ұялады. Өйткені сол салтанатқа сай неке сарайы жоқ. Қуық­тай тар текпешек, тар бөлме, салтанаттың сәнін бұзатыны анық. Олар алдын ала неке куәлігін алып кетіп, сосын үйлену тойларын өткізуді әдетке айналдырған. Өмірлеріндегі ең бір ғажап сәтті осылайша өткізуге мәж­бүр. Тойды сәнін кіргізетін атрибуттардың бірі – қалыңдық мінген той кортежінсіз елес­тету мүмкін емес, әрине. Алайда АХАТ бөлімінің алдына дейін лимузинмен келу мүмкін емес. Өйткені той кортежі қазіргі ғимараттың маңына да жолай алмайды. Көлік кіре алмайды, кірсе, шыға алмайды. Тап-тар бір ғана көлікке арналған жолға 6 метрлік лимузиннің тұмсығы да сыймайды. Сол үшін жас жұбайлар бірнеше шақы­рымды артқа тастап, мұнда жаяу келулері тиіс. Сондықтан да неке куәлігін сән-сал­танатсыз қарапайым киіммен келіп алып кетуді қолай көретіндер басым болмаса АХАТ бөлімінің қызметкерін тойханаға ша­қырып, сонда табыстауды дұрыс көретіндер де баршылық....
Бұл туралы бірер сөз...
Өткен жылы өзгерістер мен толық­тырулар енгізілген ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңында тайға таңба басқандай некеге тұру салтанаты өтетін орын мем­лекеттік мекеме ғимаратының ішінде болуы тиіс делінген. Сонда тараздық мемлекеттік мекемелердің заңды бұзғаны болып отыр ғой. Бұл заң талаптары сонда қашан орын­далады? Оның үстіне, бұдан басқа да заң талаптарын белден басып жүргендер жетерлік. Көзге елестетіп көрі­ңізші, мем­лекеттік рәміздер ілінген салта­нат­ты сарай­да иығына көк лента байлаған АХАТ бөлімі­нің қызметкері «Қазақстан Респуб­ликасы заңдарының атынан .... жас жұбайларды заңды некелерімен құттық­таймыз» деп неке қағазын ұстатпаушы ма еді? Алайда кей жерлерде бұл міндетті тамадалар тартып алғандай. Мемлекеттік мекеменің заңды құжатын кездейсоқ жеке азаматтардың тапсыруына қатаң тыйым салынады. Алай­да мұны білмейтіндер де, білсе де, мән бермейтіндер көп. Әйтеуір, заңды бұздың деп желкелеп әкетіп жат­қандар жоқ.... Неке сарайының жоқтығын айтудан тараздықтар жалыққан емес. Бұл сұрақ облыс әкімінің есеп беру жиы­нында да, жеке блогына да талай мәрте жазылған. 2011 жылы Жамбыл облысының әкімі Қа­нат Бозымбаевтың халық­тың алдын­да есеп беру кезінде де осы сұрақ қойыл­ған болатын. Сонда «Тараз қаласында ки­нотеатр, әде­биет мұражайы, неке сарайы, жас­өс­пірімдер театры нысан­дарын салу қа­ланың бас жоспарында көрсетілген. Бас жоспар 25 жыл аралығында арнайы бағ­дарламалар бойынша іске асырылады» делінді. Сонда осы 25 жыл аралығында іске асырылуы мүмкін болса, тараздықтарға әлі де болса шыдай тұруға тура келер. Бәлкім, 10 жыл­да, бәлкім, бес жылда салынып қалар, әйтеуір, күту, күту, күту... ғана қалып тұр... Еліміздегі есепші­лердің санағы бойын­­ша, ең көп үйлену тойы Оңтүстік Қа­зақстанда екен. Яғни мұн­да жылына – 24 мың, Ал­маты облысында – 18 мың, Ал­маты қала­сында – 14 мың, Қа­ра­ғанды облысында – 13,2 мың, Шығыс Қазақстан аймағында 12,7 мың неке қиылады. Ал республикаға шаққанда орта­ша есеппен Жамбыл облысында жылына 9 900 неке қиылады. Ал қала бойынша 4 мыңға жуық жұп неке сарайын­сыз амалдап неке қидыруда. Жамбылдық жағалылар жас­тардың жайын бір сәт естен шығармай, неке сарайының салынуына мұрындық болып жатса, ешкім де қолын қақпайды, аяғынан тартпайды. Тағы да «қол бірікпей, ине ілікпейтінін» еске салсақ, артықтық етпес. Тиісті мекемелер тақырыпты көкпарға салып қойып қарап отырғанша, талай жанның сауабын алатын игілікті іске бастамашы болса дейсің. Біздің міндет – тарихи, мәдени орта оша­ғының отын көсеу. Қалғаны – тиісті меке­мелердің құзырында.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста