Наурыз мерекесі 1926 жылы тойлануға тыйым салынып, 1988 жылы қайта жаңғырды. 1991 жылы 15 наурызда «Наурыз мейрамы – халықтық көктем мерекесі туралы» Қазақ КСР Президентінің Жарлығы шыққаннан кейін ресми мейрам болып танылған ұлтты ұйытқан ұлық күнде қандай ән-жыр айтылған? Ертеректе жаңа күн – Наурызға арнап әнші-композиторлар қандай ән-жыр арнаған? Қазір соларды айтып жүрміз бе?
Әрине, бұрынғы ән-жырлардан хабарымыз да жоқ. Дегенмен қазақтың ұлттық салт-дәстүрі барынша жаңғыратын, барынша көрініс табатын күн Наурыз деп біліп, бұл күні ақты мол қылып, дастарқанды толтырып, Наурызға арналып шығарылған жаңа әндерді шырқаймыз. Ұлыстың ұлы күнінде шырқалатын ән ретінде, ең әуелі, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Талғат Сарыбаевтың «Наурыз-думан» әнін танимыз. Одан кейін де қаншама әуезді әндер туып жатыр. Құдайға шүкір. Ал өнертанушы Ерлан Төлеутай Нұх пайғамбар заманымен байланысты Наурызда қазақтар өлең-жырдан кенде болмай, тұрмыс-салт жырларын шырқағандығын айтады.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, өнерзерттеуші, әнші:
Мәшһүр-Жүсіп бабамыз: «Төле би заманындағыдай кең ауқымды Наурыз бұрын-соңды тойланған емес», – дейді. Қазақ даласының климаттық жағын есепке алсақ, Едіге билердің Арқаға көшкен кезі, күн суық. Сондықтан Наурызды кең көсіліп тойлай алмауы мүмкін. Жетісу өлкесінде күн жылынады, Маңғыстау, Атырау өлкелерінде керемет тойланатын болған. Әлі күнге дейін батыс облыстарында Наурызға дейінгі бір аптаны «көрісу» деп атайды. Сол уақытта олар бір-бірімен көрісіп, артық кетсе, кешірім сұрасады. Наурызда шырқалатын ән-жырға келсек, ислам діні қабылданғандықтан, жарапазан, Алланы мадақтау жырларын, тұрмыс-салт жырлары, діни өлеңдер де айтылатын. Наурызда айтылған ерекше бәдік өлең болған. Қыстан қалған ауру-сырқау, «барлығы көшіп кетсін» деп бәдікті қуып, малдың барлығын жағылған оттың екі ортасынан өткізеді. Оны бүгінде медицина да дәлелдеп отыр. Қыз бен жігіт айтысы міндетті түрде болған. Ұлбикенің айтыстары сол Наурыз кезінде туған».
Кеңес уақыты болса да М.Дулатов, С.Дөнентаев, І.Жансүгіров сынды өзге де қазақ зиялылары «Еңбекші қазақ» беттерінде өз шығармалары арқылы Наурызды ел есіне салып тұрды. «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен», – деген хакім Абай өзінің «Жазғытұры» өлеңін Наурыздың келуіне арнаған десек, қателеспейміз:
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Сірә, Абайдан асып жаңа күн – Наурызды әспеттеп жырлаған ақын жоқ па деп қаласың?! Ал қазақтың салт-дәстүрін зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған этнограф ғалым Сейіт Кенжеахметұлының еңбектерінде Наурызға баса назар аударылған. «Атамұра» баспасынан шыққан энциклопедиясында ағамыз: «Бай ауыз әдебиеті үлгілерінің бір түрі – Наурыз жыры. Жыр-өлең осы күнге лайықталып, мадақтау, тілек, бата, әзіл түрлерінде айтылады. Оның түрлері халық арасында көп тараған. Наурызға арналған бұрынғы, соңғы ақындардың шығармалары да көптеп саналынады», – деп жазған. Демек, ғұрыптық өлең-жырдың қай жанрын болса да, Наурыз тақырыбына ыңғайлай айту әбестік емес. Халыққа ерекше қуаныш сыйлайтын бұл күні өкпе-назға орын жоқ, керісінше, халық ақындары мен айтқыштары өлең-жырларын суырып салып төгетін болған.
Ахмет атамыз «Әдебиет танытқыштың» «Ауыз әдебиет» бөлімін сауықтама, сарындама деп екі салаға бөліп қарайды. Жоғарыда айтқан тұрмыс-салт жырларының өтірік өлең, айтыс өлең, толғау, терме, тақпақ, той бастар, жар-жар, жарапазан, бата, дерт көшіру, құрт шақыру үлгілерінің басқа тойлар бөлек, Наурызда да айтылатынын байқауға болады. Үйлену тойында қызды жұбату үшін айтылатын «Жар-жарды» Наурыз мерекесіне орай, қыз-жігіттердің әзілдесуі, жұмбақ жарысы түрінде де қағытпа өлең-жырға ұласа берген. Әркім өзінің талантына қарай, той үстінде төгіп-төгіп айта беретін болған. «Алып келген базардан қара насар, қара құйрық сәукелең шашың басар» десе, бірі «Жазғытұры ақша қар жаумақ қайда, құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда?» деп те жауап қайтарып, Наурыздағы көңіл күйді, қора, мал, дастарқандағы ақты да өлеңге арқау ете берген.
Татулық, молшылық, ырыс, берекенің нышаны болған Наурыздай ұлық күнде қазіргі композиторларымыздың әндерін айту да орынды. Дегенмен ертеректе Наурызда атқарылған салт-дәстүрді қалың көпшілікке мұражайға қойылған, мұрағаттарда сарғайып қалып кеткен бұрынғының сарқыншағы іспетті ертегі не көрініс қылып көрсетпей, шынайы өмірде айтысып, жарысып көрсетсе, қандай ғанибет?! Сол бұрнағы дәстүрдегі ғұрыптық ән-жырларымызды жаңғыртар болсақ, той үстінде жұмбақ та, жаңылтпаш та айтқызып, бәдік өлеңмен ауруымызды қуып, әзіл айтыстармен Наурызымызды көмкеріп жатсақ, мектеп жасындағы жастар да бай ауыз әдебиетімізден үлгі алып, қанық болмас па?!