Нанның қамын кім ойлайды?
«Алтын дән даласы!» бірақ... нанның да бар наласы...
«Алтын күн аспаны, алтын дән даласы!» Иә, біз бұған мақтануымыз керек, бірақ... бірақ мақтанудың соңы мастануға ұласпаса керек-ті... Ал біздің мастанғанымыз емей немене күнде таңертең қаланың қай бұрышындағы қоқыс жәшігіне барсаңыз да, маңайы қалтаға салынған, тіпті кейбірі жерде де шашылып жатқан наннан көрінбейді. Сонда қаланың ит екеш, итіне дейін қатқан нанды жемейтін болғаны ғой?!. Оның да өз «нанын» шығарып, әдемі қалталармен супермаркетке толтырып қойсақ, әрине жемейді. Жә, иттің жағдайын қойып, осы нан жайын сөз етелікші...
Нан қазақты жаулап алу құралы болған...
Нан тарихы дегеннен шығады, осы тұста бір қызық айтайын, Ахмет Тоқтабай есімді қазақ жылқысын зерттеп, тұтас бір энциклопедия шығарған тарихшы ғалым ағамыздың кітабын оқып отырып, мынадай жайтқа қанықтым. Ғалым «етке нан салудың өзі қазақтардың Ресейге қосылуынан болған жайт, сондай-ақ нан саудасы қазақтарды Ресейдің ықпалына кіргізу жолындағы стратегиялық тауар болды» деген мәліметті алға тартады. Міне қызық, жеп отырған асының жаулап алу құралы екені жайлы кім ойлайды?! Әрине, автор бұл жерде нан өндірісін дамыту мәселесі, қазақтарды көшпенді өмірден отырықшылыққа үйрету барысында ол фактордың өзіндік ықпалы болғанын айтып отыр. Бұл, әрине, қазақ оған дейін нанды білген жоқ дегені емес. Десек те, «қазақ бұрын егін салмады, жер өңдемеді» деген әңгіме кеңестік дәуірде көбірек айтылды ғой. Бірақ осыған тойтарыс беретін бір керемет дәйек Қалба тауынан табылды. Ол – осыдан 5 мың жыл бұрын жер астында қалған тас диірмен. Қаншама дәуірлер бойы жер астында жатқан диірменді археологтар тауып алғанда, арасынан тарының дәні табылған. Міне, осы бір ғана көне диірмен мен тары біздің тарихымызды 5 мың жылға ұзартып, сол тұста біздің ата-бабаларымыздың егіншілікпен айналысқанын дәлелдеп те берді. Кейінгі кездердегі Северс деген ғалымның жазбаларына қарап отырсақ та, 1700 жылдардың өзінде еліміздің Шығыс өңірінде бұлақтардың басына қазақтардың тары, арпа, сұлы, тіпті бидай да еккені жайлы деректер келтіреді. Демек, бұл нанның қазаққа кірме ас емес екенін дәлелдесе, екіншіден, егіншілік секілді шаруашылықты бізге Кеңес үкіметі үйретпегенін көрсетеді. Себебі таба нан, күлше нан, бауырсақтың түр-түрін қазақ бағзы заманнан-ақ жақсы білген, оған оны ешкім де үйретпеген. Әсіресе, еліміздің Шығыс өңірінде әлі күнге жақсы сақталған құмалақтай ғана, ауызға салып қытырлатып жеп кете беретін дүкендерде қазір Зайсан бауырсағы деп сатып жүрген керемет бауырсақтың түрі. Оның құдіреті – кіп-кішкентай ғана бауырсақты жылдап сақтасаң да бұзылмайды, қатып тұрады, бірақ ауызға салсаң үгітіледі де кетеді. Сонысымен де ол бағзыда шайқасқа аттанған, бертінде әскерге кеткен азаматтарға жолазыққа таптырмайтын ас болған.
Нанның елі неге дұрыс нан жей алмай отыр?
Таяуда біз «Қазақы дастарқан» атты энциклопедиясы жарық көрген белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбай ағамызбен сұхбатқа барғанда, әңгіме еріксіз наннан басталып кетті:
– Нан деген – ең қасиетті ас, кейде біз нанның кепиетіне ұрынамыз ба деп қорқамын. Неге? Өткен күзде еліміз 25 миллионнан астам астық жинады. Бірақ тағы қанша астықтың қырманда қалып, қаншасы қамбаға түскені, қаншасы экспортқа кетіп, қаншасы өз пайдалануымызға берілді, ал қаншасы малға жемге кетті – осының барлығы – бізге белгісіз. Ол туралы еш жерде ашып айтылмайды, жазылмайды. Қалай болғанда да, бұлтартпас факт – біздің бидайға бай екендігіміз. Және бидай болғанда да дүниежүзінде сирек кездесетін ұлпалылығы (клейковина) өте мол, сапалы астық өседі бізде. Ал бірақ осылай бидайдың астында жатқан Қазақстан, оның ішінде, әсіресе, осы Алматы секілді мегаполис халқы неге дұрыс нан жей алмайды? Қазір дүкендердегі ақ бөлкелер бір күн тұрса келесі күні жеуге жарамай қалады. Осының барлығы – нанды жасау технологиясының кемшілігінен. Баяғыда шешелеріміз нан пісіргенде қандай ашытқыға ашытты? Далада шырмауық деген өсімдік болатын. Сол шырмауықтан жасаған ашытқының наны керемет көтеріледі, сосын оны бірнеше дүркін иін қандырып илеп, бастырып тастап барып, нан пісіретін. Ол нан он күн тұрса да не иістенбейді, не ашымаушы еді ғой. Қазір Қытайдан, Түркиядан, Ресей мен Украинадан тағы басқа жақтардан түрлі ашытқылар алып келеді, бәлкім, сол ашытқылар сапасыз ба екен? Сосын бүгінгі бидайды ұн қылып тарту барысында озық технологиялардың пайдаланылатыны белгілі. Мүмкін, бәлен градус ыстық пен жылдамдықпен жасалатын осы процесс барысында ұн боп шыққан бидай өз сапасын жоғалта ма екен?.. Қазір нан пісіретін зауыт көп, алайда солардың ішінде сапалы нан пісіретіні аз. Қаланың шетіндегі бір дүкенде 250 теңгеден нан сатады, дүкендердегі 65 теңгенің нанын емес, үш есе қымбат болса да соны аламыз, неге? Себебі әлгі қымбат наннан бала кезімізде жеген нанның исі аңқиды. Нан зауыттары да – жекеменшік, біреудің қалтасына қызмет етеді, пайда табу үшін олар бәсекеде басып озып, неғұрлым нанды тезірек пісіруі керек. Ал бірақ халық денсаулығы, тұтынушы талғамы деген қайда, нан зауыттары тек пайда көздемей, неге бір уақыт халыққа сапалы нан беруді ойламайды?
«Интернаттың наны» немесе «Күлпашты» оқысақ...
«Ей, Аяз, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дейтін қазақ қайда қазір?.. Әйтпесе басымыздан небір тарих өтпеді емес қой: бір үзім нан түгіл, бір уыс бидайға зар қылған аштықты қазақтай көрген ел жоқ шығар?! Бейімбеттің «Күлпашын» оқыған жан тіпті бүгінгі мынау иттің басына іркіт төгілген заманда отырып та аштықтың қасіретін сезінер еді... Амалсыз байға жалданып, бір тілім етті қойнына тығып үйде қалған Мақтым мен Қалиына жан ұшыра жүгірген Күлпаштың олардың құшақтасқан күйі қатып қалған мүрделерін көрген сәті денені түршіктіріп жібереді. Мәселе сол «Күлпашты» оқымайтын болғаны ғой бүгін көпшіліктің. Одан да өзге нан қадірін ұқтыратын шығармалар қазақ жазушыларында жетерлік... Мысалы, аштық болмай-ақ, бертіндегі заманды бейнелейтін Шерхан Мұртазаның «Интернаттың наны» шығармасы қандай?!. Сонда ашқұрсақ интернат оқушыларының тіпті нанды тойып жеуді армандайтынын, сөйтіп, бір баланың түнде ел жатқанда көрпе астына тығылып, ауылдан алып келген таба нанын жеп жататыны... Міне, нан қадірін білгісі келгендер осыны оқыса дейсің...
Сол секілді, құрбым өзінің бір кездері оқыған шығармасымен бөлісті, оқиғасы былай: соғыс кезінде Ресейдің бір қаласы жау қоршауында қалады. Барлық байланыс үзілген, қала халқы аш. Жаңа жыл да келіп қалған еді. Сонда кәдімгі бүгінгі біздің кәмпит толы қалта орнына балаларға бір тілім нанды кәмпиттің қағазына орап, солай сый қылып үлестіреді. Міне, бір тілім нанның қадірі деп осыны айтыңыз!.. Ең қызығы, таяуда бір телебағдарламада сол кезді көзбен көрген бір әжей сөйлеп отыр, әлгі сыйға алған нанын жемей, ертеңгі күні ұрпағым нанның қадірін білмей кетсе көрсетейін деп, сақтап қойыпты.
Тоқсан ауыз сөздің...
Шүкір, бүгінде нағыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман дей аламыз. Десек те, нан қадірі жайлы бір мезет ойлап қоймасақ, аңның киесі секілді, нанның да киесі бары хақ... Діндарлар, түрлі апаттардың көбеюі осы нанды тастаудың, жалпы, мастанып, ысырапшылдыққа бой алдырғанның кесірі деп айтады... кім білсін?..