Мылтығымызды оқтап, ұрыларды тосып отырмыз

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Соңғы жылдары елімізде тіркелген жалпы қылмыстың 70 пайызы ұрлықпен байланысты болып отыр. Майда-шүйде, ұялы телефон ұрлығы ғана емес, иесіз үйді үптеп кету, қорадағы, жайылымдағы малды үйірімен айдап кету оқиғалары да күрт артқан. Осылайша республика бойынша өткен жылы ұрлыққа қатысты көрсеткіштің бұрынғыдан 59 пайызға көбейгені байқалған. Өкінішке қарай, ұрлықтың күрт артқанына қарамастан, тіркелген қылмысты ашу көрсеткіші төмен болып отыр. Яғни халық тоқтаусыз тоналып жатыр, ұрылар қылмыстары ашылмаған сайын әрекеттерін үдете түсуде. Статистиканы сөйлетсек, 2007 жылы құқыққа қайшы жасалған барлық әрекеттердің 63,64 пайызы ашылса, өткен жылы қылмыстарды ашу көрсеткіші 45,6 пайызға әрең жеткен. Яғни бүгінгі таңда барлық қылмыстың жартысынан астамы сол қалпында ашылмай қалып жатыр. Демек, бүгінгі күні қарақшылар мен ұрылар, баукеспелер еркіндікте жүр. Басқа қылмыстармен салыстырғанда ұсақ-түйек саналғанымен, Елбасымыз атап өткеніндей, «Ұрлық-қарлық секілді кішкентай қылмыстармен күресе алмайтын болсақ, жалпы қылмыспен ештеңені шеше алмасымыз анық».
Қылмыс ашылмаған сайын қылмыс­кер­лердің күшейе түскенінің айғағы – 2007 жылы елімізде тіркелген қылмыс саны 128 мыңнан сәл асса, 2012 жылы елі­мізде 237 мыңнан астам қылмыстық әре­кеттер тіркелген. Әсіресе 2011-2012 жыл­дары қылмыстық оқиғалардың кө­беюі анық байқалған. Демек, алдағы уа­қытта қылмыспен күресті күшейтуді тез ара­да қолға алмасақ, жағдай күрделене бе­рері сөзсіз.  Айта кетер жайт, әсіресе оң­түстік астанамыз Алматы қаласы қыл­мыстың ашылу көрсеткішін артқа тартып тұр­ған көрінеді. Соның ішінде ұрлық пен то­наушылыққа қатысты қылмыстардың ашылуы сирек екенін Алматы қалалық ІІД бас­тығы Қайрат Тыныбеков мырза да мо­йындап отыр.
Қайрат ТЫНЫБЕКОВ, Алматы қалалық ІІД бастығы:
– Алматы қаласы бойынша 2012 жылы қылмыстың артуы 76% болса, олардың 86% – орташа және шағын ауыртпалықтағы қылмыстар. Негізінен, олар: ұрлықтар, бұзақылықтар және басқа да ұсақ қылмыстар. Бұл ретте ұрлық саны бұрынғыдан – 93%, тонау­шылық 18% артса, тіркелген ұрлықтың – 10%, ал тонаушылықтың 14%-ы ғана ашылған. Жалпы саны 27 мың ұрлық пен 700 тонаушылық ашылмай қалды.

Осылайша, өткен жылы Алматы қала­сында қылмыс көрсеткішінің 70 пайызға артқаны байқалып отыр. Айта кетер жайт, елімізде көп жағдайда ұрылар ұсталға­нымен, жәбірленушілердің дүние-мүлкі қайтарылып немесе ұры тарапынан өндірілмейді. Өйткені заң жүзінде ұрының атында жылжымайтын не жылжымалы мүлкі болмаса, зардап шегуші ештеңе өндіріп ала алмайды. Сондай-ақ ұрыларды түрмелерде жұмыспен қамту да елімізде дұрыс жолға қойылмаған. Өзі ұры болса, оның атына жазылған дүние-мүлкі болмасы да белгілі жағдай. Демек, ұрының қолына түскен заттың қайтарымы жоқ. Түйені түгімен жұтқан ұры болса-дағы, жаза мерзімін өтеп шыққаннан кейін «көмбедегісін» алып, емін-еркін өмір сүре береді.
Қонысбай РАМАЗАНОВ, Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сарыжаз ауылы:
– 28 бас жылқымыз ұрланып, сол күйі табылмай кетті. Ұсақ-түйек зат емес, 28 бас жылқының із-түзсіз, еш­кім­нің назарына ілікпей, жоқ болып кетуі көп нәрсеге күдігімізді тудырады. Беталды жіберген мал емес, өзімізбен бірге жайлауға, қыстауға көшіріп жүретінбіз, сауып қымызын ішіп отыр­ған малымыз. Тіпті ұры да ұсталып, жазасын алмады.

Ауылдарымызда мұндай мысалдар мыңдап саналады. Тіпті біреудің дөңгелетіп отырған кәсібін күйретіп, сол кәсібімен қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр­ған фермерді де тақырға отырғызған ұрының ұрлаған жылқысын қайтармақ түгіл, жазасыз қалуы ұрыларға қатысты заңды қатаңдатуды қажет ететіндей. Тіпті бұған қарап еліміздегі ұрыларға қатысты заң ұрының құқын қорғап, жәбірленушінің құқын қалыс қалдыратындай көрінеді.
Кезінде ұрлық-қарлық белең алған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, олар неғұрлым жазаны күшейту арқылы ұрлықтың азаюына ықпал еткен. Ендеше, соңғы бір-екі жыл ішінде күрт белең алған ұрлықты азайту үшін неге жазаны күшейтпеске?!
Амангелді КӘРІМОВ, заңгер:
– Расында да, қылмыстың өтеуі – жаза. Егер жаза қатаң болса, ұры ойын­дағысын ойланып барып іске асырар еді. Мәселен, мал мен пәтер ұрлығы үшін өлім жазасын берсек, ұры өмірі үшін қылмысқа бармас еді. Шыны керек, дәл қазіргі таңда ұрылар поли­ция қызметкерлерінің әлсіздігі мен халықтың момындығын, жазаның же­ңіл­дігін біліп, дандайсып жүр. Осыдан екі-үш жыл бұрын «тауық ұрлаған ұрыға дейін түрмеге отырғызу дұрыс емес» деп, заңды жеңілдетіп, ізгілен­діруден соң ұрлық дендеп кетті. Біз заң­ды ізгілендіреміз деп, ұрыға оң­тайлы жол ашып, ұрлық оқиғасының одан әрі көбеюіне, халықтың қаналуына жол беріп алған сияқтымыз. Қытай, Иран секілді көптеген ел ұрының қолын шабу арқылы ұрлық көлемін азайтқан. Тіпті бір кездері Өзбекстанда көлік ұрлығын азайту мақсатында ұрыларды өлім жазасына кескен. Нәтижесінде ұрлық бірден тыйылған. Біздің бүгінгі қолда­ныстағы заңымыз бойынша ұры ұста­лып, сотталғанымен, зардап шегу­шіге келген шығын өтелмейді де. Енде­ше, ұрыны қамап қойып, жұмыс та істетпей, төрт мезгіл тамағын тегін бе­ріп, асырау арқылы кім не ұтып отыр?! Сондықтан ұрлықты азайтамыз десек, ұрыға қатысты жазаны күшейту керек­піз.

Айта кетер жайт, бүгінгі күні ұрылардың ұсталмай, қылмыстың ашылмай қалуы халықтың учаскелік полиция қызмет­керлеріне деген күдігін күшейтіп, «өзара сыбайлас емес пе?» деген күмән тудыруға себепші болып тұр. Ауыл халқы: «Әшейінде өз малымызды сойып, базарға етін сату үшін алып бара жатқанымызда учаскелік полиция өз малымызға анықтама сұрап әуреге түсіреді. Ал ұры малды тірілей өткізбейді. Ендеше, бір үйір жылқының етін сатып жүрген ұрылардың учаскелік полицияның назарынан тыс қалатыны қалай?» – дейді.
Ермек НҰРМАҒАНБЕТ, ҚазҰУ заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының аға оқытушысы:
– Ұрыларға қатысты заңымыз осал деп айта алмаймын. Егер ұрыларды ұстап, осы жазаны қолдана білсек те жаман болмас еді. Еліміздегі ұрылар жазаның жеңілдігінен емес, өздерінің ұсталмайтынын біліп, дандайсып жүр. Дамыған елдерде де ұрыларға қатысты заң біздегідей. Бірақ бізде ұрлыққа байланысты қылмыстың 10%-ы ғана ашылатын болса, оларда ұрлықтың 90% ашылады. Сондықтан заңды қанша күшейткенмен, ұрыларды ұстайтын полиция қызметкерлеріміз осал болса, ұрыларды заңмен қорқыта алмаймыз. Сондықтан біз учаскелік полиция қызметкерлерінің жауапкер­шілігін күшейтуіміз керек.

Ұрыдан зардап шегіп, ұрланған дүниесі қайтарылмай, ұлардай шулаған халық ендігі жерде ұрыларды өзіміз жазалаймыз деп, мылтықтарын оқтап, қораларын күзететін жағдайға жетті. Тіпті алматылық тұрғындар арасында жүргізген сауалнама нәтижесінде халықтың 65 пайызы поли­цияға сенбейтінін айтқан. Сондықтан халықтың сенімін ақтап, ұрлықты ауыз­дықтау үшін құқық қорғау органдары­на алдағы уақытта талай жұмыс атқару керек секілді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста