Қазір көпшілік өз садақасын мешіттерге немесе көшеде, базарда қайыр сұрап тұрғандарға, болмаса әлеуметтік жағдайы төмен өзінің көршісіне апарып беріп жатады. Тіпті біреулер жетімдер мен қарттар үйіне қайырымдылық шарасын өткізеді. Алайда бізде әлеуметтік жағдайы төмен адамдар тым көп. Тіпті олардың ішінде сол мешітке, базарға барып қайыр сұрауға өз аяғымен жете алмай көмекке зәру болып отырғандар да баршылық. Көбіне олар осылайша әлеуметтік көмектен шет қалып қояды. Онымен қоса, кейбіреулер бір жетімдер үйіне үйіп-төгіп жағдай жасайды да, ал келесі бір балалар үйі мұндай көмектен тыс қалып қойып жатады. Сондықтан қайырымдылық жасайтындарға арнап арнайы қоғамдық қор құру арқылы әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың барлығына бірдей көмек қолын созсақ, дұрыс болар еді.
Мұның барлығын қоғамдық қор құру арқылы реттеп отырғанымыз дұрыс шығар. Мәселен, қордың құрылтайшылары қатарына елім деп еңіреген, ұлт тағдырына қабырғасы қайысқан тұлғалар - зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер, ел басқарушы азаматтар кіріп, жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып, барлық қарттар мен балалар үйлерінің, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тізімін алып, шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсетіп отырсақ әлдеқайда сауапты іс болар еді. Бір жағынан, мұндай қор құрылса, ол ақша кімдерге, қай уақытта қанша бөлініп жатқанына дейін банктік шот арқылы бақылап отыруға мүмкіндік алар едік. Тіпті біреулер науқас баласын емдетуге қаржы таппай жүрсе, 7-8 баламен баспанасыз жүрген жалғызбасты аналар болса, баспанаға шын мұқтаж жандарды сараптап, солардың жағдайын жергілікті билікке жеткізіп, көмектесуіне ықпал жасаса, нұр үстіне нұр емес пе? Қоғамдық қор көмекке зәру адамдардың мұң-мұқтажын жергілікті билікке, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым секілді түрлі министрліктерге жеткізе отырып жүзеге асырса қандай тамаша болар еді?!
Жанболат ИБРАГИМОВ, Түркістан қаласы әкімінің аппарат басшысы:
- Түркістан қаласында қайырымдылық шаралары жиі өткізіліп тұрады. Осыдан біраз жыл бұрын қаланың жомарт азаматтарын тарту арқылы әлеуметтік жағдайы төмен, үй кезегінде тұрған 12 отбасыға коммуналдық тұрғын үйдің кілтін табыстадық. Сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында бизнестің жауапкершілігі аясында мүгедектерге арналып салынған екі қабатты 16 пәтерді пайдалануға бердік. Қала әкімдігі қолдан келгенше қайырымдылық шараларды жиі өткізуге тырысады. Әркез демеушілер есебінен акциялар ұйымдастырып, мүмкіндік болғанша әлеуметтік аз қамтылғандарға көмек көрсетуге ұйытқы болып жүр. Әрине, елге жанашыр азаматтар өз тарапынан қаладан қоғамдық қор құрып, демеуші тауып, ел игілігі үшін жұмыстар атқарса, оған біз қуанамыз.
Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:
- Әрине, мемлекет әлеуметтік аз қамтылғандарға, жағдайы төмен отбасыларға мүмкіндігінше көмектесіп-ақ жатыр. Десек те, бүгінгі таңда бізде бай адамдар көп. Тіпті кейбіреулері ай сайын қымбат көлігін ауыстырып жатады. Бұл жерде, біріншіден, байлардың жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созып, қайырымдылық жасаса, оның сауабы көп болатынын жан-жақты түсіндіруіміз керек. Қайырымдылық акцияларына қаржы бөлген кәсіпкерлерді БАҚ құралдарында насихаттап, басқаларға үлгі ретінде көрсетуіміз керек. Бұл жерде кәсіпкерді жарнамалау емес, тек басқа кәсіпкерлерге ой салатындай етіп жазсақ жақсы болар еді. Мәселен, шетелдік тәжірибені қарап отырсақ, онда бай-манаптар ғана емес, тұрмыс жағдайы орташа азаматтар да арбамен базардан азық-түлікті толтырып алып, мұқтаж адамдарға тегін таратып береді. Біз де осы жүйені қоғамдық қор құру арқылы енгізуімізге болады. Мәселен, қазір әрбір үйде ескірген, кимейтін киімдер үйіліп жатыр. Неге оларды үкіметтік емес ұйымдар арқылы мұқтаж адамдарға таратып бермеске? Сондықтан облыс-қалаларда осындай қоғамдық қорлар құрылып, олар әкімдікпен бірігіп жұмыс істеп, демеушілер тартып мұқтаж жандарға көмектессе, олардың жұмыстарын жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бөлімдері қадағалап отырса жақсы-ақ болар еді.
Автор: Берік АНАРБАЙҰЛЫ,
Саттар Ерубаев атындағы
№7 мектеп-интернатының тәрбиешісі,
Түркістан қаласы