Мұнайшылар мекені – Жаңаөзеннің жағдайы
Жуырда Маңғыстау облысына қарасты Жаңаөзен қаласына жолымыз түскен болатын. Көлемі жағынан шағын ғана қала республика бойынша кең танымал болған. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп-білгеніміз болмаса, бұл өңірдегі шынайы өмірді көзімізбен көрген емес едік. Шыны керек, жұмысшылардың өткен жылғы шеруі, биылғы жылдың наурыз айындағы ереуілдерінен кейін мұнайшылар қаласы туралы түрлі пікірлер туындаған-ды. Жаңаөзен десе, бейне бір әлеуметтік шиеленіскен орта елестейтін. Аталған өңірге іссапармен барғанда шағын шаһардың әлеуметтік тыныс-тіршілігін көзбен көріп, қарапайым жұмысшылар мен оларға жұмыс берушілермен кездесудің сәті түсті.
1976 жылғы жүргізілген есеп Жаңаөзен қаласында сол кезде 50 мыңға жуық халық болғанын растайды. Соңғы 34 жылда халық саны екі еседен асып, қала тұрғындарының саны 116 мыңға дейін өскен. Жері шөлейт мекеннің халқы негізгі нәпақасын қара алтыннан тауып отыр. Оған дәлел: бір ғана «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалында 8700 адам жұмыс істейді. Бұған дейін орын алған қарапайым мұнайшылар мен жұмыс беруші компания арасындағы келіспеушіліктер қордаланып қалған әлеуметтік проблемалардан туындағаны белгілі. Жаздың 55-56 градус ыстығы мен қыстың өңменіңнен өтетін аязды желінде қара жұмыс істейтін жұмысшының басшылыққа талап қоюы да – заңдылық. Көктемдегі ереуілден кейін Жаңаөзен қаласының әкімі мен жергілікті негізгі жұмыс беруші «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалының басшылығы толығымен ауысқан. Бұл да ереуілшілердің талаптарының бірі болатын. Қала басшылығының бір жылдық, ал жергілікті компания жетекшілігінің тоғыз айлық жұмыстарынан Жаңаөзендегі жағдайдың реттеліп, арнайы бағдарламалар арқылы тиісті шаралар жасалып жатқанын аңғару қиын емес. Ең бастысы, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы мен Маңғыстау облыстық әкімдігінің арасында әлеуметтік әріптестік бағдарлама жасалған. Осының аясында, яғни рәсімделген меморандум бойынша, компания жылына Қарақия ауданына – 150 млн, ал 750 млн теңгені Жаңаөзен қаласының инфрақұрылымын дамытуға жұмсап отыр.
Тәуелсіздік күніне орай мұнайшыларға тарту
Бөлінген бұл қаржыдан бөлек, жұмысшыларға жасалып жатқан әлеуметтік шаралар туралы да айта кеткен жөн шығар. Мұнайшылардың жұмысын жеңілдету мақсатында соңғы бес жылда компания компьютерлік бағдарламалар арқылы басқарылатын техникалар мен техникалық жабдықтар сатып алыпты. Заманауи техникалармен жұмыс істеу үшін жергілікті мамандарды арнайы курстарда оқыту үрдісі қатар жүргізілуде. Қаладағы кәсіптік білім беретін ошақтарда мамандық түрлері көбейтіліп, сол бойынша мемлекеттік білім беруге тапсырыс ұлғайтылған. Мамандардың оқу шығыны да – компанияның мойнында. Тәуелсіздігіміздің 19 жылдығы қарсаңында «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы қарамағындағы мұнайшыларға бір күнде жеті нысанды пайдалануға беріп, өзіндік тарту жасады. Ұңғымаларға қызмет көрсету орталығының жұмысшылары «бұрындары қысы-жазы далада жуынып, тозығы жеткен вагондарда ауқаттанатынбыз» дейді. Мұнайшылардың игілігіне жалпы сыйымдылығы 330 орындық екі бірдей асхана беріліп отыр. Жаңаөзендік мұнайшылар уақытының көп бөлігін жұмыс басында өткізеді. Жуынып, киіну, жалпы гигиеналық тазалықты сақтау үшін қара алтынды игерушілерге тұрмыстық-әлеуметтік кешендер бой көтеріп, кілттері табыс етілді. Сондай-ақ барлық ұңғымалардан мұнай келіп жиналатын №93 және №89 топтық қондырғыларда да жаңа нысан пайдалануға берілді. Жұмысшылардың әлеуметтік проблемаларының шешіліп келе жатқанын тілге тиек еткен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының директоры Киікбай Ешманов былай деді:
– Мен өзім де осы жерде бірнеше жыл қызмет істедім. Жыл он екі ай әртүрлі ауа райына қарамастан, тапсырмалар бойынша жұмыс істеу оңай емес екенін жақсы түсінемін. Мұнайшылардың әлеуметтік проблемалары біртіндеп шешіліп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Жақында ғана 2014 жылға дейінгі ұжымдық шарт жасалды. Аталған құжатта жұмысшыларға осы уақытқа дейін көрсетілген әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктер тұтастай сол күйінде өзгеріссіз қалдырылды. Бүгін, міне, тек мұнайшылардың игілігі үшін салынған бірнеше орталықтың ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Осы жерде қызмет етіп жүргенде вагондарда жуынып, тамақтанатын едік. Сол іркес-тіркес вагондардың бір күнде өртеніп кеткенін де көзімізбен көргенбіз. Бүгін пайдалануға беріліп отырған нысандарда шаруасын істейтін жұмысшылардың жағдайын ол кезбен салыстыруға да келмейді. Осы уақытқа дейін түрлі әңгімелер, қаңқу сөздер болғаны жасырын емес. Бүкіл елге жария етпей, мұнайшылар өз проблемаларымызды өзіміз шеше аламыз. Ол үшін міндетті түрде дабыра етудің қажеті жоқ. Бұдан да күрделі әлеуметтік шиеленістер мен қақтығыстар мәдениетті түрде бір үстел басында да шешілген. Компанияның алдағы жылдарға жасап отырған жоспарының ауқымы өте кең. Бізге сол жоспар бойынша жұмыс істеу үшін уақыт керек. Сонымен қатар бірлік пен ынтымақ қажет. Құрметті жаңаөзендік мұнайшылар, біз өзіміздің еңбегіміз арқылы елімізге қызмет етіп жатырмыз. Сондықтан ел алдындағы жауапкершілігімізді сезінейік.
Ақпарат құралдары өкілдерінің арнайы саяхаты барысында тек қана басшылықтың ой-пікірін елеп алу мақсатымыз болған жоқ. Оқырманға берер ақпарымыздың шынайы шыққанын қалағандықтан, қарапайым жұмысшылардың да айтары болар деп пікірлерін білген едік.
Хасен ЕСҚУАТОВ, жұмысшы:
– Жаңа нысандарды көріп, қуанып жатқан жайымыз бар. Маңғыстау өңірінің ауа райын жақсы білесіздер, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында жұмыс істеу оңай емес. Жұмысшылардың жағдайын ескергені болар, басшылық әлеуметтік проблемаларды шешуді қолға ала бастады. Бәрі 100 пайыз шешілді деп те айта алмаймын. «Көш жүре түзеледі» дейді ғой. Бірақ осындайда басшыларға айтарымыз да жоқ емес. Біздің базаларымыздың көбі ескірген. Жаңбырда үстінен су тамшылап, қыста іші аңырап, пана болмай кетеді. Енді осындай мәселелер шешімін тапса деген тілегіміз бар.
Жұмысшылардың талап-тілегін баспасөзде жариялап, басшылыққа жеткізу – біздің парызымыз. Алдағы үш жылға арнайы әлеуметтік кешенді бағдарлама қабылдап, тиісті жұмыстарды атқарып отырған компания басшылығы бұл олқылықтың да орнын толтырар деген үміттеміз.
Жаңаөзендіктердің жалақысы тұрақты
Әр адам жасаған еңбегіне сай жалақы алуы керек. Мұнайшылардың қазіргі жалақысы орташа есеппен 200 мың теңгеге жуықтайды. Бұл – компания басшыларының келтірген дерегі. Басшылықтың мәліметіне сенімділік танытқанымызбен, жергілікті жұмысшылардың жалақы көлемін нақтылап алғанды жөн санадым. «Журналистермен кездесуге ішкі мәселелерді айта бермейтін жұмысшыларды әкелген» дегенді де құлағымыз шалып қалды. Ақ-қараны анықтау үшін нысандарды аралағанда бізді алып жүрген автобус жүргізушісін оңашалап алып, тұрпайы сұрағымды төтесінен қойып: «Аға, шыныңызды айтыңызшы, жалақыңыз қанша?» – дедім. Мұнай игеруге қатысы жоқ, тек жұмысшыларды тасымалдайтын автобус жүргізуші: «Біздің жұмысымыз сағатпен есептеледі. 60 минутқа мың теңге аламын. Ал айына 280-300 сағат аралығындағы жұмыстың есебін тапсырамын, арғы жағын өзің есепте», – деп күлді. Арифметикаға болмаса да, ақша санауға қауқарлы санамнан «280-300 мың» деген жауап лезде келді. Бұл – қарапайым жүргізушінің жалақысы. Ал тікелей мұнайды жеті қаттан тарту, оны үш фазаға (мұнай, газ, су) бөлетін арнайы мамандардың еңбекақысы жұмыс берушілердің деректеріне сәйкес келіп тұр. Жұмыс беруші қызметкер жалақысының кепілдендірілген бөлігін көбейткен. Негізгі жалақы – 77, ал сыйақы – 23 пайыз. Оның үстіне негізгі жалақыға аймақтық және көтерме коэффициенттер енгізілген. Осылайша, өндіріс бөлімшелеріндегі қызметкерлердің айлығы бұрынғы қолданыста болған жалақыдан, аймақтық аудандық, үстеме коэффициент және ай сайынғы сыйақыдан құралады. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы еліміздің заңнамасында қарастырылмаған коэффициенттер төлейтін аз кәсіпорындардың бірі екен.
Жұмыссыздықпен күрес
Жаңаөзен қаласының әкімі Орақ Сарбөпеевтің айтуынша, жергілікті демографиялық даму жылдан-жылға қарқын алып келеді. Жұмыссыздық мәселесінің күн тәртібінен түспей келе жатқаны да сондықтан көрінеді. Оған қоса қала халқының саны 50 мыңға жеткен кезде жылына 16 млн тонна мұнай өндірілген екен. Ал қазір 116 мың халқы бар Жаңаөзенде бір жылда 6 млн тонна мұнай игеріледі. Жергілікті әкімшіліктің мәліметтеріне қарағанда, Үкіметтің 2008 жылғы 19 қыркүйектегі №865 қаулысымен бекітілген Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық даму проблемасын шешу жөніндегі 2009-2011 жылдарға арналған кешенді жоспарына 2009 жылдың 9 желтоқсанында өзгерістер енгізіліп, атқарылатын шараларға қосымша қаржы бөлініп, жоспар аясы 2012 жылға дейін ұзартылған. Жыл басынан бері қалада 6,4 мың жұмыс орны, оның ішінде 4,2 мың тұрақты жаңа жұмыс орны құрылып, нәтижесінде тіркелген жұмыссыздар деңгейі 0,9 %-ды құраған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейінің 0,5 %-ға төмендегенін көрсетеді. Жаңаөзеннің әлеуметтік ахуалының тіктеуіне үлесін қосып келе жатқан «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы биылғы жылдың қаңтар айында әкімдікпен бірлесе отырып, Жаңаөзендегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал ету мақсатында мың әлеуметтік бос жұмыс орнын құрған.
Болашақ мұнайшылар да қамқорлыққа алынған
Шағын ғана шаһар халқының өсімінің жоғарғы деңгейде екенін 20 орта мектептің болуынан-ақ білуге болады. Орта білім беру ошақтарының жартысына жуығы – ескі мектептер. Болашақ мұнайшылар білім алып жатқан білім ошақтарындағы спорттық алаңдардың дені ескіріп, тозығы жеткен. Осы мәселелерді екшеген «ҚазМұнайГаз» БӨ 10 орта мектепке әрқайсысының құрылысы 10 млн теңгені қажет ететін заманауи спорттық алаңдар салуды қолға ала бастады. Алғашқы алаңқай қаладағы №3 орта мектептің ауласына салынып, оқушылардың игілігіне тапсырылды. Жоғарыда айтып өткендей, қалаға бөлінетін 750 млн теңгеден бөлек, осы жылдың өзінде 94,5 млн теңгеге қаладағы шағын аудандардағы 63 аулаға балаларға арналған ойын алаңқайы салыныпты. Компания бастамасына алғысын білдірген қала басшылығы осы алаңқайлардың салынуы арқылы ауладағы балалардың қауіпсіздігі күшейтілгенін алға тартып отыр. Маңғыстау облысына қарасты балалар үйі осы Жаңаөзенде орналасқан екен. Жетім балалар тәрбиеленіп жатқан орталықтың тұрмысын жақсарту үшін «ӨМГ» ӨФ мұнайшыларының бастамасымен аталған балалар үйінің жанынан қамқорлық кеңес құрылған. Бұл кеңеске «ӨзенМұнайГаз» ӨФ жұмыс істейтін азаматтар демеуші болып, балалар үйінің барлық мәселесін шешуді қолға алған. Компьютер, теледидар, тоңазытқыш сияқты тұрмысқа қажетті заттар сыйға тартылған екен. Осы балалар үйіне бес автокөлікке арналған гараж бой көтерді. Оларға таяуда 25 орындық шағын автобус пен УАЗ автокөлігін сыйға тартуға уәде беріліп отыр. Балалар жазғы демалысында жұмыспен айналысу үшін шаһар шетінен шаруашылық үйі салына бастады.
Жалпы, «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы Жаңаөзен қаласына жылына барлығы 2 млрд теңгеге жуық қаржыға ақшалай және заттай көмек көрсетіп жатыр.