Мұнай-газ мамандарын даярлау – маңызды іс
ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ұлт болашағы мен мемлекет қауіпсіздігі мүддесінде көмірсутегі шикізатының стратегиялық «резервін» құру» керек екендігін және еліміздің өркендеп-дамуы үшін «Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар» ұстауы керектігін жеткізді.
Еліміздің мұнай-газ секторын серпінді дамыту бағытында 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама қабылданып, мұнай-газ саласында ғылым мен инжинирингті дамыту, болашақ жобаларды игеруге және жаңа өндірістер үшін барлық деңгейлі қажетті білікті мамандарды дайындау мәселелері де көрсетілген.
Бағдарламаны дайындау барысындағы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жүргізген сараптамасы бойынша қазақстандық верфьтердің жұмыс істеуі үшін жақын арадағы бес жылда 15 000 білікті кадр қажет деп танылса, Shell Development Kashagan болжамы бойынша ТСО, КРО b.v. компанияларының, Жемчужина, Қашаған кен орындарында білікті жұмыс күшіне деген сұраныс 60 мың адамға дейін өсуі мүмкін екенін көрсетеді.
Қазіргі уақытта, мұнай-газ және мұнай-химия салалары үшін инженерлік-техникалық профильді ұлттық кадрларын даярлау төрт негізгі жоғары оқу орындарында жүргізілуде:
– Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті,
– Қазақстан-Британ техникалық университеті,
– Атырау мұнай және газ институты,
– М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті.
Өкінішке орай Қазақстан Республикасында мұнай-газ секторын дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында Білікті кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету және мұнай-газ саласындағы ғылым және инжинирингті дамыту бағыттарына арнайы қаражат қарастырылмаған.
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті (ҚазҰТУ) профессор Ж.М. Әділовтың басшылығымен мұнай-газ саласына жоғары білікті, заманауи талаптарына сай мамандарды университет қабырғасындағы Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтында мұнай-газ ісі мамандығы бойынша бакалаврлар, магистрлер мен PhD докторлар дайындау алға қойылған.
Қазіргі уақытта мұнай-газ ісі, мұнай химиясы және мұнай мен газды өндірудің химиялық технологиясы мамандықтарынан бакалавр, магистр және PhD докторларын дайындау ісімен алты кафедрада дәріс беретін 5 академик, 9 профессор, ғылым докторы, 32 ғылым кандидаты және 44 оқытушы айналысып, жыл сайын 500-ден аса түлектерге кәсіби мамандықтарын анықтаған құжаттарын беруде.
Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ қабырғасындағы мұнай-газ ісі мамандығы 2011 жылдан бастап ASIIN (Германия) мен АВЕТ (АҚШ) халықаралық аккредитация сынағынан өту мақсатында үлкен жұмыстар жүргізілуде. Сонымен катар мұнай-газ ісі мамандығын дайындау стандарттары әр оқу жылдарында университеттегі ішкі аудит пен «Орыс реестрі» тексеруінен өткен.
Университет мұнай-газ өндірісінде қомақты орны бар шетелдік компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың қолдауымен заманауи қондырғылар мен модельдік программаларды пайдаланып отыр. Эксонмобил, ШлюмбержеШеврон компаниясы студенттер мен магистранттарға жыл сайын стипендия беріп, оқытушылар құрамы үшін екі жылдық тегін ағылшын курсын ұйымдастырып, демеушілік көмек ретінде мұнай- газ мамандықтарының студенттері, магистрлері мен докторанттарына ғылыми жұмыспен айналысуға және оқу-зертханалық жұмыстарға арналған соңғы жаңа технологиядағы құрылғылар алып беріп отыр.
Сонымен бірге Шлюмберж компаниясы мұнай-газ кеніштері резервуарларын модельдеуге арналған программалар, Аджип компаниясы өздігінен жүретін бұрғы қондырғысын сыйлап отыр. Қарашығанақ оперейтинг, CNPC тағы сол сияқты халықаралық компаниялар студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізіп, студенттердің ақшасын төлеп оқытуда.
Студенттердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ұңғыларды бұрғылаудың техникасы мен технологиясы кафедрасы (кафедра меңгерушісі Қасенов А.Қ.) мен мұнай және газ кәсібінің машиналары мен қондырғылары кафедрасында (кафедра меңгерушісі Мырзахметов Б.Ә.) мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау және ұңғыманы жөндеу пәні бойынша әртүрлі өндірістік қондырғыларды жоғары дәрежеде модельдеуге мүмкіндік беретін «Бұрғылау процесінің 221-имитаторы» және «Ұңғыманы күрделі жөндеу АМТ-401 имитаторы» орналастырылған, сондай-ақ олар апаттық жағдайларды макеттер немесе мұнай өнеркәсіптік жабдықтардың жекелеген түйіндері деңгейінде нақты көрсете алады. Сонымен қатар техника ғылымдарының докторы, профессор Е.С. Орынғожин жетекшілігіндегі мұнай және газ кен орындарын игеру кафедрасында осы оқу жылында ғылыми-оқу барысына арналған – «Газ және газконденсат өндіру» және «Базалық интегралды жерасты гидромеханикалық зертхана» атты екі зертхана ашылды.
Болашақ мамандардың оқу-танымдық тәжірибелерін арттыру мақсатында Қапшағай қаласындағы оқу-тәжірибелік полигонда сынақ алаңы ұйымдастырылған және қазіргі таңда шәкірттердің жан-жақты тәжірибе жинақтауына жұмыс жасауда.
Университетте халықаралық ғылыми байланыстар, жақын және алыс шетелдердегі көшбасшы ғалымдарымен кең ауқымдағы зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. 2008 жылдың мамыр айында Францияның Нанси университетімен және қазақ-француз серіктестігінің меморандумына геоэнергетика саласына байланысты ғылыми-оқу орталығын құру туралы, ал 2010 жылдың маусым айында «Екі дипломды білім» бағдарламасына сәйкес келісімшарт жасалды. Геоэнергетика саласындағы серіктестікті дамытуды бірлесе қолға ала отырып және осы сферадағы ғылыми зерттеулерді және білім алуды дамыту мақсатымен 2011 жылдың 14 мамырында қазақ-француз «Гео-энергетика» ғылыми-оқу орталығын құру мақсатында Ұлттық политехникалық Лотарингия университетімен және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен үшжақты келісімшартқа қол қойылды. Орталықтың мақсаты – ғылыми және білімді мамандарын дайындау және мұнай-газ, геология және энергиялық ресурстар саласындағы шетелдік ғылыми-педагогикалық мамандарды еуропалық білім берудің технологиялық жүйелерін қолдана отырып, осы университеттер бірлестігінің ұйымдастырушысы француздық профессор Михаил Панфиловтың және университетіміздің PhD докторы Т.А. Еңсепбаевтың басшылығымен халықаралық «Жерасты энергоресурстарының кен орындарын игеру» мамандығы бойынша магистратура дайындау ісі жалғасуда.
Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті мен Американың Денвер қаласындағы Колорадо тау-кен мектебінің арасында біліктілік оқу-тәжірибесін жинау жайындағы келісімшарт жасалды. Жыл сайын бірнеше оқытушыларға осы Колорадо тау-кен мектебінде оқу-тәжірибелік білім алмасып келу процесі қалыптасқан.
Университеттің ақпараттық-кітапханалық қоры ресми көздерден, ақпараттық-библиографиялық көмекші құралдардан, кезеңдік басылымдардан, мамандық бойынша стандарттардан, нормативті-нұсқаулық құжаттардан, сондай-ақ қажетті мамандық профилі бойынша заңдық құжаттардан жинақталған. Әлемдік Freedom Collection Elzevier, Thomson Reuters, SpringerLink, Science, Эталон, Параграф, Polpred.com ақпараттық білім беру ресурстары алға қойылған.
Компьютерлік техниканы қолданудың тиімділігі айтарлықтай жоғары дәрежеде. Компьютерлердің сапасы мен саны, жергілікті желіге біріктірілген және INTERNET желісіне қосылған, сонымен қатар жаңа WEB-технологиялардың қолданылуы жайында ақпараттар қарастырылған.
Ерік БЕСІМБАЕВ, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының директоры, техника ғылымының докторы