«Өз күніңді өзің көр». Бұл – бүгінгі қатал қоғамның қағидасы. Жалпыға бірдей. Мүгедекке де.
Олардың мүгедектік жәрдемақыға ілігуінің өзі – ақыреттің қылкөпірінен өтуден де қиын шаруа. Медициналық әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өту үшін құжат жинау сау адамның өзін ауру қылады. Осыдан-ақ мүгедектерге тым қиын екенін бағамдай беруге болар. Ең әуелі ауруханада жатып емделгендігі туралы екі құжат керек. Қазір ауруханаға жолдама алудан гөрі шетелге барып емделген оңайырақ па деп қаласың. Жолдама алу үшін код керек екен. Ол денсаулық сақтау басқармасы арқылы беріледі. Кодты қолға алғанша не жазылып кетуі мүмкін, не өліп кетуі мүмкін. «Жедел жәрдем» шақырғанның өзінде олардың ауруханаға алып кету, кетпеуі неғайбыл. Оларға да ондағылар «неге әкелесіңдер?» деп ұрысатын көрінеді. Қош, сонымен ауруханаға жатудың әлегі – бір дастанға арқау боларлық жүк. Екі-үш қабатты емханаларда әр кабинетке кіріп, әр дәрігерге қол қойдыру ауру түгіл, сау адамның өзін шаршатады. Ал қарт адамдар туралы айтпай-ақ қойса да болар. Майда-шүйде анықтамалар жинап, ең соңында әлеуметтік сақтандыру қорының қатысушысы болсаңыз анықтама алу қажет. Ал емханадан мүгедектікті анықтайтын форма-88У жолдамасын алудың өзі ақырет. Анықтаманың бәрін жинап болып, енді МӘС-тен өту – ең соңғы алынбас асу. «Бағы жанғандар» бір-ақ күнде өтіп, құжатын тап-тұйнақтай етеді. Ал басқалары... Жалпы, осы МӘС (ВТЭК) туралы ел аузында айтылар аңыз көп. «Мүгедектікке шығаруда осы мекеме ақшасыз өткізбейді» деген әңгіме басым. Бірақ бұл – ешқашан дәлелденбейтін шындық. Өйткені ондағылар «Оңалту бағдарламасынан өтіп келіңіз, сырқатыңыз жазылып кетуі мүмкін» деп тегін ақыл айтады. Ал бір қолы, не бір аяғы жоқ мүгедектер оңалтудан кейін қол, аяғы өсіп кетпейтін шығар? Облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің жанындағы медициналық әлеуметтік сараптама бөліміне барып, біразымен тілдеспек болғанбыз. Алайда бәрі де аты-жөнін атаудан бас тартады. Өйткені мүгедектік жәрдемақыға ілінуден үмітті жандар кесірі тие ме деп қорқады. Ата-тегін нақты айтудан бас тартқан кейіпкеріміз: «Жаңғақ теремін деп талдан құлағанмын. Содан бір бүйрегімді алып тастады. Операция жасалынғандығы туралы аурухананың қағазының бәрі бар. Алайда мұндағылар мүгедектікке өткізбей күйдіріп отыр. Ашықтан-ашық 50 мың теңге сұрады. Ондай ақшаны қайдан аламын? Енді жұмысымнан да айырылдым. Осындай безбүйректердің кесірінен талай мүгедек жылап жүр. Ал қажетті салаға арыздансаң, фамилияңды жаттап алады да, одан сайын қырсығып, өткізбей қояды» деп мұңын шақты. Әділетсіздікті көре тұра ешқайда шағымданбапты. Себеп – әділдіктің салтанат құратынына сенімі аз. Иә, бұл – мыңдаған мүгедектің мұңы.
Мүгедектердің ең басты проблемасы МӘС-тен өту болса, одан басқа да күрмеуі кертілмеген мәселелері жетерлік. Бүгінде Жамбыл облысында 38 мың мүгедек тіркелген. Облыс бойынша қарттар мен мүгедектерге арналған үш үй, жүйке ауруына шалдыққандарға және ақыл-есі кем балаларға арналған интернат үйлері, облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу, мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталықтары бар. Өткен жылы мүгедектердің жеке оңалту бағдарламасына сәйкес, 41,3 миллион теңге бөлініп, оған 1190 мүмкіндігі шектеулі жандар мен ардагерлер шипажайларға жолдама алған. Биыл осы мақсаттарға 53,6 миллион теңге, яғни өткен жылғыдан 12,3 миллион теңге артық қарастырылып отыр. Мүгедектерге арналған арба, тифломагнитафон, есту аппараттары сынды арнайы құралдарды сатып алуға да былтырғы жылмен салыстырғанда артық ақша бөлініпті. Дей тұрғанмен, мүгедектер мәселесі осымен шешімін тапты деуге әлі ертерек. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жанына батар мәселелер жетерлік. Мәселен, кресло-арба арқылы қозғалатын мүгедектерге арналған кіре беріс тепкішектердің (пандус) аздығы, қоғамдық көліктерде мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай жағдайлардың қарастырылмағандығы, автокөлік айдауды үйрететін арнайы мектептердің өзінде мүгедектерге арналған көліктердің жоқтығы, несиенің берілмейтіндігі, тіпті ауруханаларда қабылдаған кезде қиындықтар туындайтындығы, арбамен жүретіндердің рентгеннен өте алмайтындықтары жайында талай мәрте айтылып келе жатса да, бұл әлі шешімін тапқан жоқ. Олар үшін ғылым есігі тарс жабық. Ол түгіл, ЖОО-да мүгедектердің 1 пайызы ғана оқиды. Олар үшін ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Ал мүгедек балалар өз үйінде ғана білім алады. Оның өзі толыққанды емес. ҚР-ның «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңының 31-бабында «Мүгедектерге әр мекеме 3 пайыздық квота бөлуі керек» делінген. Алайда бұл талап орындалмай отыр. Дені сау адамның өзі жұмыссыз жүргенде, мүгедектерге кім жағдай жасай қойсын? Тегін берілуі тиіс барлық қажетті заттар уақытынан кешіктіріліп беріледі. Өйткені бар мәселе тендерге келіп тіреледі... Жыл аралатып мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жәрдемақы көлемі артып келеді. Алайда ол мүгедек жандардың жыртығына жамау болуға жарамайды. Дәрі-дәрмегіне, ішіп-жеміне жетсе де, шүкір. Иә, мүгедектердің шешімін таппаған мәселелері шаш-етектен...
Алақандай ақпарат
«Мүгедектердің халықаралық қоғамдық қозғалысы» қоғамдық ұйымының құрамына 12 мемлекет мүше. Бұл ұйымның жетекші органы Халықаралық кеңес болып табылады. Оның құрамына 50 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамның басын қосатын 8 өкілдік пен 43 өңірлік, облыстық, аумақтық бөлімшелер кіреді. Бүгінде БҰҰ сарапшыларының деректері бойынша, дүниежүзіндегі мүгедектердің жалпы саны 600 миллион адамды, яғни халықтың 10 пайызын құрайды. Олардың ішінде 385 миллионы еңбек жасындағы адамдар болып табылады.
Қаржаубай БЕКБОЛАТОВ, Жамбыл облыстық әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы:
– Медициналық әлеуметтік сараптамадан өте алмай арызданушылардың саны өте көп. Министрлікке арызданушылардың арызы біздің басқармаға келіп түседі. Осы арыз негізінде тексеру жүргіземіз.