Мүгедек мүсіркеуді емес, есіркеуді, қорлауды емес, қолдауды күтеді
Қазақстанда 500 мыңнан астам мүгедек тіркеуде тұр. Батыс Қазақстан облысындағы олардың саны – 21 мың. Аяқ-қолы, дені-қарны сау адам қанша елегісі келмесе де, олар біздің қоғамның ажырамас бөлшегі. Олар мүсіркеуді емес, есіркеуді, қорлауды емес, қолдауды күтеді.
Қайғырса да іштен тынатын, құбылысты қабақтан ұғатын мұндай жандар көбімізден мықты, төзімді, қанағатшыл келеді. Бергенді алып, бермегенге налып жатпайды. Сипалап жүріп аяқ жолын табады, құлаққа ұрған танадай тым-тырыс тіршілікте тып-тыныш ғұмыр кешеді. Сөйте тұра олар жас сәбидей жалтақ, қорғансыз. Өйткені он екі мүшесі түгелдердің дүниесінде мүгедектің мұңын түсініп, шын ниетімен шыр-пыр болатындар көп емес. Мүмкіндігі шектеулі жан екендігінің өзі оларға кәдімгідей кедергі. Көшеде күнделікті қозғалу түгіл, көпқабатты үйдің төрт қабырғасына қамалып отырғандары қаншама. Мүгедекке лайықталған арнайы жолақтар, пандустар, көліктер мәселесі айтылмайды емес, жиі айтылады да. Алайда жекелеген жерде болмаса, жалпы, жүйелі іс жоқтың қасы. Осындайда бізге де шетелдегідей мүгедекке қолайлы жағдайы жасалмаса салынған үй пайдалануға қабылданбайтындай заң керек-ау дейсің.
Мүгедекті жұмыспен қамту да ауыр сұрақ. Бұрын Кеңес өкіметі тұсында олардың арнаулы кәсіпорындарына мемлекеттен тұрақты тапсырыс түсетін. Мүгедектер қағаздан жасалатын алуан түрлі папкалар мен скоросшивательдерді құрастырумен, күнделікті тұрмысқа қажетті матрац пен жастық, төсек жамылғыларын тігумен, бәнкі жабатын сан түрлі қақпақтарды т.б. бұйымдарды жасаумен айналысатын. Бір сөзбен айтқанда, жеңіл өнеркәсіпке өз үлестерін қосып, табыс тауып, екінші жағынан, уақыттарын өздері секілді қамкөңіл жандар арасында өткізіп, ортада жүретін. Әрине, нарыққа көшкеннен кейін барлығы өзгерді. Тиыннан теңге құраған кәсіпкер атаулы тапсырысты жарымжан жанға бергеннен гөрі жұмысты сапалы атқара алатын дені-қарны сау адамға беретіні айтпаса да түсінікті. Рас, Қазақстанда 2009 жылы қабылданған «Мүгедектерді әлеуметтік жағынан қорғау туралы» Заң бар. Онда мемлекеттік құрылымдар мүгедектер ұйымдарын мемлекеттік тапсырыспен қамтуға міндетті делінген. I-II топ мүгедектерінің жалақысынан салық ұсталмайды, мүгедектер ұйымы ҚҚС-тан босатылады деп тайға таңба басқандай жазылған. Жеке кәсіпорындарда қызметкерлердің 3 пайызы мүгедек жандар болуы тиіс деп қанша міндеттелсе де, нақты тетігі айқындалмағандықтан, ол жүзеге аспай жатыр. «Кәсіпкерлерді күштей бергенше қандай да бір жеңілдіктер қарастырылса, мүгедектерді жұмысқа алуға қызығушылықтары оянар еді. Мысалы, Қытайда мүгедек кәсіпкер салықтан толық босатылады. Жұмысшыларының 45 пайызы мүгедектерден тұрса кәсіпорын ешқандай салық төлемейді» дейді мамандар. Түйіндеп айтқанда, мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесіне мемлекеттік маңыз беріліп, арнайы басымдық ретінде қаралса ұтпасақ ұтылмаймыз.
Қазақстан мүгедектері конфедерациясының вице-президенті Жадырасын Сәдуақасовтың ойы да осыған саяды. Конфедерация мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекпен қамтуды көздеп отыр. Ол үшін мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жаңа мамандықтар бойынша оқыту жоспарлануда. «Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл қазақстандықтардың еңбек етуі керектігін баса айтты. Еліміздегі 567 мыңдай мүгедек жан Елбасымыздың жақтасы болып есептелеміз. Өйткені мүгедектерге бағытталған көптеген әлеуметтік іс-шараларды атқарып жатырмыз. Міне, сол атқарылып жатқан істердің бәріне әр уақытта демеу болып отырған – «Нұр Отан» партиясы», — дейді Жадырасын Сәдуақасов.
Жұмажан ҚОЖЖАНОВ, БҚО мүгедектер қоғамының төрағасы:
– Бұл мәселемен күнделікті бетпе-бет келгендіктен, бәрі таныс жағдай. Облыстағы 21 мың мүгедек азаматтың шамамен тең жарымынан астамы әртүрлі дәрежеде еңбек етуге жарамды. Оралда зағиптардың және саңыраулар қоғамының екі кәсіпорны бар. Одақ кезінде жақсы жұмыс істеді, мемлекеттің тапсырысын алып тұрды да, еш қиындық көрмеді. Енді бұларға қазір тапсырыс жоқ. Құрал-жабдықтары түгел, жұмыс болса істеймін деп тұрған адамы да бар. Өкінішке қарай, мемлекеттен тапсырыс болмайынша, іс оңға баспайтыны айдан анық. Екінші жағынан, жұмыс болғанда жалақысы қандай? Мардымсыз жалақы үшін қаржысының жартысын жолға, тамаққа жұмсағаннан гөрі мүгедек адам өзінің жәрдемақысын алып, үйімде отырамын деуі де ықтимал. Үшінші түйткіл – бұл кәсіпорындар шығаратын өнімдер бәсекелестікке шыдай алмайды. Себебі базарда толып тұр. Мемлекеттің қолдауы қажет дегенім де осыдан. Жеке кәсіпкерлермен тендерлерге қатар түсірмей, мүгедектер ұйымдарына арнайы мүмкіндік берілсе деген тілегім бар.
Жағдай қиын деп қарап отырмай, Жайық өңірінің қоғамдық ұйымдары ортақ іске тамшыдай болса да үлестерін қосуға ұмтылуда. Таяуда «Семей ядролық сынақ полигоны мүгедектері Батыс Қазақстан облыстық қоғамы» қоғамдық бірлестігі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қолдауымен мүгедектерге арнап бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жастар мәдениет сарайында өткен жұмыс жәрмеңкесіне өңірдегі «Азғыр» және «Капустин Яр» сынақ полигонынан зардап шеккендер мен мүгедектер қоғамынан келушілер көп болды.
Шара барысында «Семей ядролық сынақ полигоны мүгедектері қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мағжан Бисенғалиев мүгедектерге арналған жұмыс жәрмеңкесінің өңірде тұңғыш рет өткізіліп отырғанын айтты. Қазірдің өзінде жұмыс сұраған 3000-нан астам мүгедектің тізімде тұрғанын айтқан ол әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарды қолдау мақсатында осындай шараны алдағы тамыз айында облыстық деңгейде ұйымдастыруды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жұмыспен қамту және еңбек рыногын сараптау секторының меңгерушісі Бейбіт Сүлейменовтің мәлімдеуінше, аталмыш жұмыс жәрмеңкесіне 32 мекеме қатысып, олардың тарапынан 100-ден астам жұмыс орны ұсынылды. Қазірдің өзінде үшінші топтағы жеті мүгедектің әлеуметтік жұмыста жүргенін жеткізген ол тағы үш адамның қайта даярлау курсында оқып жатқанын айтты. Бұдан басқа, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен келісімшартқа отырған «Бәйтерек», «Диабет», «Арба», «Шырақ», «Бибі Ана» қоғамдық бірлестіктері мен «Қазақ соқырлар қоғамының Орал оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС пайда болған жұмыс орнын үнемі ұсынып отырады. Бүгінде аталған қоғамдық бірлестіктерде 23 мүгедек жан еңбек етуде. Оларға жалақы жергілікті бюджет есебінен төленеді.
Бейбіт Хамитұлының айтуынша, бұл – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің биылдыққа өткізіп отырған 10-шы бос жұмыс орны жәрмеңкесі. Алдағы уақытта мұндай шараларды тұрақты өткізу көзделуде.