Бүгінгі таңда халықтың дәрігерлерге өкпе айтуы азаяр емес. Ал денсаулық сақтау министрлігі ұсыныс айтудан жалыққан емес. Алайда денсаулық сақшылары тарапынан жасалып жатқан ұсыныстарға қарап, «министрліктегілерді халық денсаулығынан гөрі дәрігерлердің жағдайы көбірек алаңдатады екен-ау» деп ойлап қаласың.
Бұлай деуімізге соңғы кезде Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жасалған ұсыныстар түрткі болып отыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін соңғы кезде еліміздің бас дәрігері ұсынған ұсыныстарға үңіліп көрелік.
Науқас пен дәрігер арасында келісімшарт жасау
Расымен де, келісімшарт сіз бен біз ойлағандай болып жасалса, онда дәрігер өз міндетін мүлтіксіз орындап, артық талап қоймай, өз қызметін адал атқарған болар еді. Бірақ ұсынылып отырған келісімшарттың мақсаты дәрігердің емес, науқастың жауапкершілігін арттыруға бағытталмақ. Бұл жайлы Ақордада өткен жиында министр ханым өз ойын білдірген. Еліміздің бас дәрігерінің айтуынша, науқастар дер кезінде тексерілмейді, дәрігер берген нұсқауға құлақ аспай, тамақ режимін сақтамайды, темекі тартып, арақ ішеді, дәріні дер кезінде қабылдамайды. Бір сөзбен айтқанда, бәріне халықтың өзі кінәлі. Сондықтан министр емделушінің жауапкершілігін арттыру үшін алдағы уақытта науқас пен дәрігер арасында келісімшарт жасауды енгізбек. Егер ұсыныс жүзеге асса, дәрігердің нұсқауын толықтай орындағанын дәлелдей алмаған науқастың жайы не боларын өзіңіз пайымдауыңызға болады.
Айы-күні жетпей туған баланы аман алып қалған перзентханаларға сыйақы беру
Егер қандай жағдай болмасын, дер кезінде дәрігерлік көмек көрсету, науқасты ажалдан арашалап қалу дәрігердің міндеті екенін ескерсек, онда кәсіби міндетін атқарғаны үшін оларға сыйақы беру қаншалықты негізді болмақ?! Онда жол-көлік оқиғасының алдын алды деп жол сақшысына, қылмыстың алдын алды деп полиция қызметкеріне, төтенше оқиғаның алдын алды деп төтеншеліктерге, циклон боларын алдын ала болжады деп гидромет қызметкерлеріне де сыйақы беру керек шығар? Бұл бір жағы. Екіншіден, «жасырын бизнеске» айналған кесар тілігі арқылы баланы дүниеге әкелуді әдетке айналдырған пысықайлар сыйақы үшін жүкті әйелдерді айы-күні жетпей босандырып жатса, кім жауап береді? Одан да ана мен баланы аман алып қалмаған дәрігер қатаң жазаланады десе болмас па еді?
Мектептерге медициналық сауаттылық пәнін енгізу
Бір қарағанда бұл ұсыныстың еш сөкеттігі жоқ сияқты. Шынымен-ақ мектеп баласы медициналық тұрғыда сауатты болса несі жаман? Бірақ тоғыз жыл медициналық университет оқығандардың бәрін бірдей медициналық сауатты ете алмай отырғанда, бір сабақ оқытып мектеп оқушысын медициналық тұрғыда сауатты етемін деу қисынсыз. Екіншіден, министр ханым онсыз да керексіз пәндермен толып кеткен мектеп бағдарламасына тағы бір пән енгізу бала денсаулығына қаншалықты зиянды болары жайлы ойламаған секілді. Өйткені бүгінгі таңда мектеп бағдарламасына енген пән көп, жүктеме ауыр. Ал қажетті дүниенің бәрін мектеп бағдарламасына пән қылып енгізе берсек, не болмақ?!
Науқастың дәрігерге беретін «сыйақысын» заңдастыру қажет
Науқастың дәрігерге беретін «сыйақысын» заңдастыру туралы ұсыныс та бір кездері Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан айтылған еді. Ақ халаттылардың айтуынша, науқастар дәрігерге ризашылық көңілмен ақшалай сыйлық беріп жатады, ал оны құқық қорғау органындағылар пара деп қарайды. Сөйтіп, сыйлық алған дәрігер жазықты болып шығады. Сондықтан дәрігерлерді парадан қорғайтын заң қажет. Иә, шынымен де, дәрігердің қызметіне ризашылық білдіретіндер де бар. Бірақ олар бірен-саран ғана. Өйткені дәрігерге ісі түскендердің айтуынша, алдын ала дәрігермен ымыраға келмесең, дәрігердің ықыласы болмайды. Яғни сыйлықты ақ халаттылар айтқандай жазылып шыққан соң ризашылықпен емес, алдын ала беруің керек. Егер мұны заңдастырар болсақ, бұл параны заңдастыру болмай ма?!
Марат Дәулетбеков, заңгер:
– Науқасты емдеу – дәрігердің атқаратын жұмысы, қала берді, міндеті. Және ол қызметі үшін мемлекеттен жалақы алады. Ал міндетін атқарғаны үшін сыйақы беру деген заңға қайшы. Заң бойынша сыйақы беру қаржы үнемдеу есебінен жүргізілуі тиіс. Келісімшартқа келер болсақ, неге дәрігер өз міндетін келісімшарт арқылы атқаруы керек? Екінші жағынан, бұл дәрігердің жауапкершілігін азайтатын сияқты. Өйткені бір жағдай бола қалса, дәрігер «науқас берілген нұсқауды орындамады» деп, бар айыпты науқасқа аудара салуы мүмкін. Сөйтіп, дәрігер жауапкершіліктен құтылып кете барады. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты саралау қажет. Меніңше, бақылауды күшейту арқылы да медициналық көмек беру сапасын арттыруға болады.
Денсаулық министрлігіндегілер «дер кезінде қаралмайды» деп халықты айыптағаннан гөрі, медициналық қызмет сапасын арттыру, емханалардағы айға созылған кезекті жою, маман мәселесін шешу, қағазбастылықтан құтылу жолдарын ұсынса құба-құп болар еді. Егер министр ханым емханаларды аралап, кезекте тұрған науқастармен көзбе-көз сөйлессе, көп жайдан хабардар болар еді.
Министрліктегілер науқасқа емес, дәрігерге алаңдайтын сияқты
Последние статьи автора