«Жұмыс істегісі келген жол іздейді, жұмыс істегісі келмеген сылтау іздейді» деген сөз біздің елдегі жұмыссыз жүрген жастарға қаратып айтылғандай көрінеді. Өйткені соңғы ресми мәліметтерге қарағанда, бүгінгі таңда жастар қатарында екі қолға бір күрек таппай жүргендердің қарасы азаймай отыр. Ал олардың ішінде жоғары және кәсіби-техникалық білімі бар жастар үлесі көбейіп келеді.
Ала шапанды өз-ағаларымыз бен айыр қалпақты бір туғандар елімізге келіп жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрсе де, біздің жастарымызға екі қолға бір күрек табылар емес. Ал «ауылда маман жетіспейді» деп зар илеп жүрсек те, жастарымыз ауылға бармай, дипломын құшақтап қалада бос жүр. Ал кейбір ауылдан келген жастарымыз жұмыс істеуге мойны жар бермей, жеңіл жолмен ақша тапқысы келіп, қылмысқа ұрынып жатады. Сонда қалай болғаны, өзбек пен қырғыз мигранттарына табылған жұмыс біздің жастарымызға неге табылмайды? Ауылда маман жетіспей жатқанын ескеріп, Үкімет «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын қабылдап, ақшалай көмек беріп, тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие және басқа да жеңілдіктер ұсынып отырса да, жастар ауылға неге бармайды? Базбір мамандардың пайымдауынша, мұндай жағдайдың қалыптасуына жастардың оқу бітіргеннен кейінгі тағдырына білім орындарының алаңдамай отыруы ведомстволардың бірлесе жұмыс істемей отыруы себеп көрінеді.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚР білім және ғылым министрі:
– Техникалық және кәсіби мекемелер мен ЖОО түлектерінің арасында жұмыссыздық пайызы сақталып отыр. Білім ошақтары бітірушілерді бірер ай бақылап, қадағалап отырады да, кейін олар назардан тыс қалады. Оған жол беруге болмайды. Ведомстволармен бірлесіп, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету жүйесін құру қажет, олар мониторинг жасап, кадрларды кәсіби дайындау жүйесіне түзетулер енгізіп отыруы тиіс.
Расымен де, білім ордалары өздері оңды-солды даярлап шығарып жатқан мамандардың болашағы үшін бас қатыра бермейді. Сондықтан олардың бірқатары мамандығына сай болмаса да, табылған жұмысқа құдайға шүкір деп жүрсе, енді бір бөлігі жұмыссыздар армиясы сапын арттырып отыр.
Ал кейбір сарапшы мамандар жастар арасындағы жұмыссыздықтың азаймай отыруын жоғары оқу орындары санының көптігімен және олардың еңбек нарығындағы сұранысты ескермей қажетті, қажетсіз мамандарды «штамптап» шығарып жатқанымен сабақтастырады. Сандарды сөйлетер болсақ, 2012-2013 оқу жылдарында жоғары оқу орындарында білім алып жатқан тәлімгерлер саны 571 691 адамды құрап отыр. Яғни Қазақстанда әр 10 мың адамға шаққандағы студенттер саны 377 адамды құрайды екен. Ал мұндай көрсеткіш Ұлыбританияда – 272, Жапонияда – 222, Чехияда – 147, Әзірбайжанда 59 адамды құрайды. Cоған қарамастан, маман жетіспеушілігі жойылмай отыр. Ал оның есесіне жұмыссыз жастар қатары өсіп келеді.
Кестеге көз салсақ, оқу орындары мен ондағы білім алып жатқан студенттер санының біршама азайғанын аңғарамыз. Десек те, жан басына шаққанда студенттердің саны әлі де аз емес.
Жастар неге жұмыссыз?
Жастардың ауыл дегенде кежегесі кейін тартып, табандап тұратынын мамандар жастар бойында патриотизмнің жоқтығымен, мемлекеттік идеологияның шабандығымен түсіндіреді. Расымен де, мемлекеттік идеология мықты болып, бойында патриотизм рухы биік болса, жастар алмайтын қамал болмас еді-ау. Оның бір мысалы ретінде кеңестік жастардың Байкал-Амур магистралін құрғанын айтуға болар.
Әсем БЕРКІМБАЙҚЫЗЫ, әлеуметтанушы:
– Бүгінгі таңда ауылдықжерлерде маман жетіспейді. Бірақ біздің жоғары білім алған жас мамандарымыз ауылға барғысы келмейді. Меніңше, оларға патриотизм жетіспейтін сияқты. Бәрінің де қалада қалғысы келеді. Бүгінде жоғары оқу орындарын бітірген жастардың тең жартысы өз мамандығы бойынша жұмыс таппай, басқа жұмыс істеп жүрген көрінеді. Енді біразы еңбек өтілі болмаған соң қызметке тұра алмай, жұмыссыз бос жүр. Мемлекет «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылға барған жас мамандарға көптеген жеңілдіктер қарастырып отыр. Біріншіден, жас маман тәжірибе жинақтайды, екіншіден, ауылдың дамуына үлес қосады. Ал тәжірибе жинақтап алған соң, кейін қалаға келуіне де болар еді. Содан кейін біздің жастар анау-мынау жұмысты менсінбейді. Олар бірден жалақысы жоғары, басшылық жұмыс істегісі келіп тұрады. Олардың бәріне бірдей ондай жұмыс табыла бермейді ғой. Тағы бір мәселе, мысалы, көрші қырғыз, өзбек, тәжік елдерінен келіп, мигранттар жұмыс тауып, еңбек етіп жүр. Ал біздің жастарымыз жұмыссыз. Олар 40-50 мың теңге айлыққа жұмыс істегісі келмейді. Өздерінше аз айлыққа жұмыс істеуге арланады. Меніңше, жұмыс істемей бос жүргенге ұялу керек. Егер бойында отансүйгіштік сезімі бар жас болса, елімнің дамуына аз болса да өз үлесімді қосайын деуші еді. Бірақ бүгінгі күні ондай жастарды көре алмай отырмыз. Сондықтан жастарымызға білім беріп қана қоймай, еңбекке баулып, бойына еңбек патриотизмін сіңіріп тәрбиелеу қажет.
Кәсіптің әлеуетін арттыру керек
Бүгінгі таңда жастар арасында дәнекерлеуші (сварщик), токарь, тас қалаушы сияқты көптеген қарапайым жұмысшы мамандықтары аса сұранысқа ие емес. Өйткені ол мамандықтардың еңбегі ауыр, жалақысы аз. Ал жалақысы төмен жұмысқа жастардың барғысы келмейді.
Таяуда еліміздегі зерттеу орталықтарының бірі 26 мен 35 жас аралығындағы жұмыс іздеуші жастардың талаптарын сараптап көрген екен. Зерттеу барысында олардың анықтағаны жастардың басты талабының бірі айлық жалақысының 150-200 мың теңге болуы көрінеді. Шынымен де, жақсы болмаса да, дұрыс тамақтанып, дұрыс жүріп-тұру үшін жалақы мөлшері одан кем болмауы керек сияқты. Өйткені бүгінгі таңдағы қызмет көрсету және азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларының бағасы арзан емес. Сондықтан ондай мамандықтардың әлеуетін арттыру керек. Мысалы, Кеңес өкіметі кезінде жоғары разрядты дәнекерлеуші (сварщик), токарь, тас қалаушы секілді мамандық иелерінің айлық жалақысы аға инженердің жалақысынан артық болатын. Оған қоса, басқа да жеңілдіктерді айтпағанда, жылына бір рет санаториялық-емдеу орталығына барып, тегін демалып қайтатын.
Демек, жастардың жұмыссыздығын азайтамыз десек, білім берумен қатар, олардың бойындағы патриоттық сезімді арттырып, еңбекке баулып, қарапайым жұмысшы мамандықтарының әлеуетін арттыру қажет.
Мигранттарға табылған жұмыс біздің жастарға неге табылмайды?
Последние статьи автора