Мен қалай БОМЖ болдым...

Мен қалай  БОМЖ болдым...

Бомж кейпiне енiп, Алматының Айнабұлағында жүрмiн. Ендiгi беталысым – күл-қоқыстың «ордасы» орналасқан «Дорожник» мекенi. Онда бомждардың қалың тобы жүретiн. Мақсатым – солармен қосылып тiршiлiк етiп, өмiрiмен танысу.

ҚАМСАУЫ ЖОҚ ҚОНЫС
Жолсоқты боп келе жатқанымда қарсы алдымнан екi бомж кезiктi. Менi әудем жерден байқап тұрса керек, бiрден қасыма жақындады.
– Бауырым, темекiң бар ма? – деп  сұрады ұзын бойлы,  денесiне шыр бiтпеген арықша келген бiреуi.  Үстiне ұзын тон, басына өңi кеткен ескi тұмақ киiп алыпты. Қалтамнан шығарып, екi темекi ұсындым. Шылым тұтатып болғаннан кейiн қасындағы аласа бойлысы маған қарап:
– Мұнда не үшiн жүрсiң? – деп сұрады.
– Қыдырып, – дедiм.
– Қай жақтан боласың?
– Осы қаладан.
Сәл тұрғаннан кейiн: «Ендеше, жүр үй жаққа, қонақ бол», – деп  бәкене бойлы бомж менiң қолтығымнан қысып, қоқыстарға қарай жетелей жөнелдi. «Қоналқы аңсап»  келе жатқан мен де тартынбадым. Жол-жөнекей танысып келемiз. Аты Азамат екен, қасындағы жолдасын Тоба деп таныстырды. Мен есiмiмдi Талап деп өзгертiп айттым.
– Ал, қонақ жiгiт, мынау бiздiң «обед» iшетiн жерiмiз болады, – дедi Азамат қоқыс маңына тiзе бүгiп, байырқалап аз бөгелгеннен кейiн. – Жылы күндерi ағайындармен осында жиналамыз.  Бар тапқан-таянғанымызды ортаға шығарып, тамақтанамыз. Бұрын осы алаңға КамАЗбен әкеп қоқыс төгушi едi, қазiр ондай молшылық жоқ. Сен бiр нәрсе алып келген болуың керек, ә?
Бағана амандасқанда қойныма тыққан арақты байқап қойса керек, Азамат соған ауыз тигiзгенше байыз таппады. Асты-үстiме шығып, қалбалақтап, жiгiттерге менi таныстырып жатыр.
Дастарқан басында жетi адам бас құрадық. Шеңбер құра дөңгеленiп отырмыз. Арамызда екi орыс бар. Қалғандары – қазақтар. Алдымызда тұрған ыдыстарға ортан белiнен арақ құйылды. Бомждар арасында да қонақ құрметтi адам болып есептеледi екен. Салт бойынша «асаба» алғашқы сөз кезегiн маған бердi.
– Ал, бауырлар, денiмiз сау, басымыз аман болсын! Таныстық үшiн алып қоялық, – дедiм. Жiгiттердiң таңдайлары құрғап қалған ба, мұздай арақты бұйым көрмей, жұтқыншақтарына төңкерiп құя салды. Сәл отырғаннан кейiн «кәусар суымыз» да таусылды.  Көнi кепкен көпшiлiктiң жанары маған қайта ауды. Көмейлерiндегi бүлкiлдi бiрден сездiм. «Бiр нәрсе» тiлеп отыр. Бiрақ жөппелдемеде ештеңе   демедiм.
–  Ал, бауырлар, әңгiме айтайық, – дедiм қасымдағыларға сөз тастап. Ешкiм шешiлiп сөйлей қоймады. Көңiлдерi көншiмеген кейiпте томсырайып отырып қалды. Аздан соң ошарылған топ орындарынан көтерiлiп, бет-бетiне тарай бастады.
– Неше жастасың? – дедiм жанымда қалған Азаматқа.
– Отыз беске келдiм, – дедi ол.
– Бала-шағаң бар ма?
– Бар. Әйелiм, үш қызым бар, – дедi ол  басын жерге салбыратып.
– Бұл күйге  қалай тап  болдың?
– Жас күнiмде қатты қызқұмар болдым.  Одан кейiн iшкiлiкке жақын едiм. Осы екi тажал түбiме жетiп тынды. Қазiр не iстеп, не қойып жүргенiмдi бiлмеймiн. Түзелемiн деп қанша талпынсам да, еш нәтиже шықпады. Кейде бiреу менi сүйеп, адам қылып жiберетiн секiлдi болып тұрады. Не iстерiмдi бiлмеймiн, бiрақ болашақтан үмiтiмдi үзгiм келмейдi.
Қамсауы жоқ «қоқыс» атты қотанда менiң бомждармен таныстығым осылай басталды.

ҚАҢҒЫБАСТАР ГЕРМАНИЯДА ДА ҚАПТАП ЖҮР
Германия көшелерiнен де өткен-кеткенге қол жайып, телмiрiп отырған жандар жиi кездеседi. Оларды жергiлiктi тұрғындар «Обдашлоз» немесе баспанасыздар деп атайды.
Германиядағы үйсiздердiң бiр бөлiгiн психологиялық ауруы бар адамдар құрайды. Сондай-ақ әртүрлi әлеуметтiк бағдарламаларға қатысу арқылы қордаланған мәселеден шығуға тырысқан, бiрақ сәтсiздiкке ұшырап, үй-жайынан ажыраған жандар толықтырады. Ал басым бөлiгi – наркомандар, жазылмайтын маскүнемдер, жұмысын жоғалтқан, отбасынан ажыраған және достарынан қол үзген бейбақтар. 

КӘСIПКЕР БОМЖ
Көпшiлiк интернеттен жеке портал ашып, ақша табуды мақсат етедi. Интернеттегi жарнамаларды, қызықты мақалаларды оқып, бертiн келе олардың қызығушылығы тiптен артады. Бiрақ бұл арманын жүзеге асыра алмасын бiлгеннен кейiн кейбiреулер бос әрекетiнен бас тартады.
Алайда тәжiрибе, қолдан келсе, бұл iспен бомждардың да айналыса алатынын көрсетiп отыр. Бiрер жыл бұрын Ресейдiң белгiсiз бомжы Мәскеуден пәтер алуды мақсат қойып, жеке блогын құрады. Онда өзiнiң өмiрi туралы жариялайды. Бұрын болмаған оқиға көпшiлiктiң қызығушылығын тудырады. Тiптi оған елiктеушiлердiң де қатары көбейiп, «Ижев бомжы», «Киев бомжы», «Кишинев бомжы», «Питер бомжы», «Автомабиль бомжы», тiптi «Пальтосыз бомж» дегендер шыға бастайды.
Бiршама уақыт өткеннен кейiн бомж қорытынды шығарады. Жиналған қаржысы хан сарайындай пәтер сатып алуға жетпегенiмен, он екi айда тапқан пайдасы 47 мың АҚШ долларын құрайды.

Баспанасыздар үйi
2001 жылы Алматы қаласында Тұрақты баспанасы жоқтарды бейiмдеу орталығы ашылды. Содан берi ол үзбей көмекке зәру адамдарға қол ұшын берiп келедi. Орталық алғаш құрылғандағыдай емес, мұнда бүгiнде арнайы аспаздар, дәрiгерлер, әкiмшiлiк және басқа да түрлi қызмет көрсетушi азаматтар жұмыс iстейдi. Мұнда негiзiнен өмiр сүруге қабiлетсiз, өз бетiнше тамақ табуға мүмкiндiгi жоқ адамдар қабылданады.  Жылы орынға бiреулер өздерi жетсе, екiншiлерiн полицейлер алып келедi. 

ЖАНЖАЛШЫЛ ИВАН
Түстенетiн жерiмiз қоқыс маңайы болғанмен, жатын орнымыз – осыдан бiр шақырым жерде орналасқан, құрылысы аяқталып бiтпеген ескi үй. Көрпе-жастықтың орнына ескi киiмдердi, үлкен қағаздарды пайдаланамыз. Кеш бата жолдастарымызбен осы қоста бас қосамыз.  Әрненi айтып дуылдасып, түннiң бiр уағына дейiн ұйқы көрмеймiз. Мол табыс тапқан күндерi тiптi таң атқанға дейiн кiрпiк айқастырмай шығамыз. «Тойлаймыз». Мұндай кездерi күннiң суықтығы да  бiлiнбей кетедi.
Бомждардың көбi бос бөтелке терумен, аула сыпырумен айналысады. Кейбiреулерi ұрлық та жасайды. Мұндай күрделi жұмыстарға олар топ болып шығады. Ұрылардың мен байқаған бiр қасиетi бар, олар сырын бiлмеген адаммен ашылып сөйлеспейдi екен. Менi де жақын тарта қойған жоқ.
«Сұрап алған аурудың емi жоқ». Бiр апта өткенен кейiн өзiмнiң нағыз бомжға айналып бара жатқанымды байқадым. Тiрлiктен қол босамай сабылып жүретiн асқақ күндер артта қалды. Өзiммен-өзiм отырып сөйлесетiндi шығардым. Есiмнiң дұрыстығына көз жеткiзу үшiн кейде көшеге шығып, газет сатып алып оқимын. Жалғыз қалған сәттерде әке-шешемдi, жұмысымды ойлап қоямын.  Оларды еске алсам, бұл  жерден қашып кеткiм келедi. Менiң мына шалдуар, тентек тiрлiгiмдi көрсе, әке-шешем не дейдi екен?
Сыртта бiраз жүрiп, кеш батқанда «үйге» келдiм. «Үй» iшiнен бiреулердiң айқайласып жатқан дауыстары шығады. Азамат пен Иван  бiр нәрсеге келiспей,  кергiсiп қалған секiлдi. Шарға бойлы Азамат бiр-екi соққы алып та үлгерiптi. Өзi еңгезердей дәу орысқа беттей алмай, тайсақтап тұр.
Айқай-шудың мәнiсiн сұрап бiлдiм. Жанжалдың басы Иванның түнде жоғалған ақшасынан шығыпты. Ұрлық түбi ақыры екi жiгiттiң шарпысып, төбелесуiне ұласқан. Иван бар кiнәнi Азаматқа жауып жатыр. Азамат жан берiп, қасам iшкендей өзiнiң ақтығын дәлелдеп бағуда. Бiрақ малсақ Иван сазбеттенiп, айтқанынан тайынар емес.
– Қанша ақша ұрланып едi? – дедiм Иванға қарап. 
– Он мың теңгеден аса! – дедi ол.  Мұндай соманы күтпеген мен аңырайып тұрып қалыппын. Кейiн сұрап бiлсем, Иван ұрлықпен, қайыр тiлеумен айналысады екен. Жиған ақшаға үй сатып алмақ ойы бар көрiнедi.
ОРЫНДАЛМАЙТЫН ЗАҢ
Сырттан қараған адамға бомждардың өмiрi мағынасыз  болып көрiнуi мүмкiн. Бiрақ олай емес. Мұнда да салтанат құрған өзiндiк заңдар бар. Мәселен, бұл ортада  саған қай тiлде сұрақ қойылса, сол тiлде жауап қайтаруың керек, көпшiлiктiң iшiнде бөлiнiп тамақ жеуге болмайды, сырттан бұзақылар келсе, бiрiгiп қарсы тұру қажет, әйелдерге күш көрсетуге, қонаққа қарсы қоқаңдауға тыйым салынады.
Бiрақ бұл заңдардың орындалмайтын кездерi де болады. Бiр күнi ортамызда мынадай бiр қызық оқиға орын алды.  Азамат «үйге» Айым атты «жеңгемiздi» ертiп келдi. Албарынды болып, сарыла күткен құтты қонақтың құрметiне  дастарқан  жайылды. Мұндайда арақтың бiрiншi жететiн әдетi. Мен ащы суға ортақтаспай, «үйдiң» шеткi бiр бұрышында жатқанмын. Ұйықтап кетiппiн. Әлден уақытта әлдебiреулердiң  айқайлаған даусынан шошып ояндым. Орнымнан тұра бергенiм сол едi, бiреу қақ маңдайдан келiп бiр тептi. «Шабағы түскен шарқыш арбадай» қиралаңдап, бұрышқа қайта шалжидым. Басымнан, қабырғаларымнан тағы бiрнеше соққы алдым. Түкке түсiнбеймiн, бiраз жатқаннан кейiн мең-зең күйде далаға шықтым.  Жiгiттер «обед» iшiп жүрген жаққа беттеп барады екен. 
Иә, мен батыр санап жүрген жолдастарым өзiмдi талауға айналды. Ендi маған бұл  жерде аялдаудың қажетi жоқ. Мен достарыммен сырттай қоштасып, шын бомжға айналып кетпей тұрғанда, шын үйiме қарай аяңдадым.

Бомждар да бiр кезде отбасылы, жұмысбасты жандар болған.  Тағдырдың жазуымен қазiр үйсiз-күйсiз далада қаңғып жүр. Қаңғыбастардың бiр тобы осындай жағдайға түскендерiне қайғыратын болса, бiр тобы «тәубә» дейдi екен. Олар бұл машақатты Құдайдың басқа салған сынағы деп есептейдi.  Иә, Алла тағала байлықты да, кедейлiктi де сынақ үшiн бередi.  Ал бiз оны «тағдырдың жазуы» деп қабылдап жүрмiз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста