Базарға барсаңыз, зыр жүгіріп жүрген арбакештерді көресіз. Егер сіз бай болсаңыз, оларға мән бермей, қастарынан өте шығасыз. Ал егер «қазақ» деген аурумен ауырған шерменде болсаңыз, қаныңыз басыңызға шығып, жүрегіңізді ұстап өтесіз. Қазақтың тепсе темір үзетін жігіттерінің арба сүйреп жүргені жаныңызға батады. Әрине, нәпақа табу үшін ештеңеден тайынбайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Дегенмен... Жақында мен де базарда арба сүйреп, ақша тауып қайтқан едім.
Арба
Таңғы салқын самалды көкірек кере жұтып, көкбазар жаққа беттеп келемін. Сағат 5-тер шамасы. Көшеге көліктер енді-енді шыға бастапты. Адамдар қарасы да әзірше көп емес. Мұндай уақытта біздің қалада саудагерлер мен таксишілер ғана жүреді. Базар маңында да дәл осындай. Мұнда тек арбакештердің сұлбасы көзге шалынады. Жайлап келіп олармен амандастым. Жігіттер бір-бірінен темекі сұрап шегісіп жатыр. Ара-тұра қалжыңдасып, күлісіп қояды. Байқаймын, әрқайсысының өзіне тиесілі арбасы бар секілді. Мен олардан арбаны қайдан алуға болатынын сұрадым. Жігіттер маған Бақтыбай деген кісіні сырттай таныстырды. Ол осындағы арбакештердің үстінен қарайтын «көкесі» екен. Жайлап қасына жақындадым. Арбаны жалға алу үшін 800 теңге төледім. 18-нөмірлі арбаны алып, жігіттерге қайта келдім.
Таңғы тауар
Әр арбакештің өзінің жеке «клиенттері» бар екен. Жігіттер таңмен жағаласып келген сол «клиенттеріне» қызмет ету үшін жан-жаққа тарай бастады. Мен ортада не істерімді білмей тұрып қалдым. Марат есімді жігіт «арбаңмен бері жүр» деп қасына ілестіріп алды. Екеуміз базар сыртына келіп тоқтаған «Газель» көлігінің қасына жақындадық. Бұл Мараттың екі жылдан бері қарай тұрақты «клиенті» болып келе жатыр екен. Осындағы сатушыларға сүт, қымыз, шұбат сияқты ауылдың ағын тасиды. Тырбаңдап жүріп тауарды енді мен де тасып жүрмін. Өзіме үлкенірек арба алып қойыппын, бар күшімді салып тартқанда, белім үзіліп кете жаздайды. Аздан кейін оған етім үйреніп те кетті. Күнделікті жұмысымдай бар ынтаммен атқарып жүрмін. Марат маған қарап, көзін қысып қояды. «Үйреніп кетесің» дегені. Бұл тауар алыстан емес, Алматы облысының Нарынқол, Шелек аудандарынан келіпті. Шіркін, ауылдың тағамына не жетсін! Жұмысымызды бітіріп болғаннан кейін «клиенттен» Марат – 500, мен 200 теңге алдым. Тер шығарып, ақша табу деген осы шығар. Адал еңбекпен ақша табуды арбакеш болғанда сезінуге болатын сияқты. Осыдан кейін Марат екеуміз тағы бірнеше жүк түсірдік. Қалтама 500 теңгедей ақша түсті.
Пайда
Жұмысымызды тындырып болғаннан кейін мен бір бұрышта демалып отырғанмын. Қасыма Марат келді. «Жүр, бір шай ішіп алайық, таңертеңнен нәр татпап едім», – деді. Екеуміз базар маңындағы самса сатып тұрған жерге келдік. «Менің алғашқы табысымды сізге жуып берейін», – дедім оған. Сөйттім де, табысымнан екі самса, екі шай алдым. Студент кезімізде қалтамызда тиын болса, бірден самсаға жүгіруші едік. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпейді». Содан шығар, самса менің сүйікті асымның біріне айналып кеткен. Кейде тамақ ішіп отырсам да, самса жегім келіп тұратыны бар. Осы жайлы Маратқа айтып едім, ол күліп жіберді. «Сен тек студент кезіңде жепсің. Бұл – біздің өмір бойы жеп келе жатқан асымыз», – деді.
– Марат аға, осы жерде жұмыс істеп келе жатқаныңызға қанша уақыт болды? – дедім.
– Он жылдан асты, бауырым. Осы жердің қасқырымыз ғой біз, – деді ол езуіне күлкі үйіріліп.
– Мұнда шамамен қанша арбакеш бар?
– Арбаның саны 300-ге жуықтайтын шығар, ал арбакештердің саны бұрынғыдай емес, қазір азайып қалған, – деді Марат.
– Күніне қанша ақша табуға болады?
– 3-4 мың теңге жасайсың. Сейсенбі, жұма күндері қол жақсы жүреді. Ол кезде 5-6 мыңға дейін көтеріп алуға болады.
– Арбакеш жігіттердің басым көпшілігі ауылдықтар шығар? – дедім.
– Мен өзім – Өскеменненмін. Ал көбі – Тараз бен Шымкенттің жігіттері. Олардың барлығы қасқыр болып алған. Жаңадан келгендер мұнда көп тұра алмайды. Сен істеп көр, әрине. Бірақ саған айтар ақылым, «Алтын орда» жаққа барғаның дұрыс. Ол маңда жалға алу да арзан, жаңадан барғандарға жұмыс та көп шығады, – деді ағалық ақылын айтып.
Саудагер бала
Жігіттермен әңгіме құрып отырғанбыз. Көзім сонадайда сөмке сатып жүрген балаға түсті. 11-12 жастарда болуы керек. Шақырып алып, жөнін сұрадым. Сөмке сатқанына бірнеше ай болыпты. Осындағы жігіттердің барлығы оны танитын болып шықты. Аты – Арман. «Саған менттер тиіспей ме» деген сұрағыма: «жоқ, ағам мент болып істейді», – деп жауап берді. Түсінікті. Баланың тілі тақ-тақ етеді. Әр сұрағыма балғамен шеге ұрғандай жауап береді. «Мектепке барғың келмей ме» деген сұрағыма: «қазір білімнің заманы емес, ақшаның заманы болды ғой», – деп шырт-шырт түкіріп қояды. Иә, балалардың ойы қайда жатыр! «Арман, ақшаны не істейсің?» – дедім оның сөзін қызықтап. «Жинап, мамама беремін. Ол саудасын кеңейтіп, кейін маған машина сатып алып береді», – деді. Қазақ баласын аяғы шыққаннан атқа үйрететін. Ал қазіргі бүлдіршіндер тілі шыққаннан бастап «көлік» деп жылайды. Кім біледі, қазақтың сәйгүліктерінің орнын қазір шетелдің темір тұлпарлары басқан шығар. Бірақ қазақ мінезін асыл текті атқа теңейтін, енді темір тұлпарларға теңеп жүрмесек жарар еді.
«Әй, ты...»
Арбамның үстінде демалып отырғанмын. «Эй,ты, подойди сюда» деген дауысқа елең ете қалдым. Бір кісі мені шақырып тұр екен. Қазақ біреуді көмекке шақырғанда «бауырым», «інішек» деген сыпайы сөздерді айтушы еді. Ал «әй, сен, бері кел» деп құлдарына айтатын болған. Қаным бірден басыма шапшыды. Не істерімді білмедім. Алайда ақша керек емес пе, арбамды сүйретіп соңынан ілесе жөнелдім. Не қазақша, не орысша жөнді сөйлей алмайтын біреу екі сөмкесін көлігіне жеткізіп беруімді «бұйырды». Заттарды арбама салып, зымырадым. Қасымда өзі телефонмен сөйлесіп барады. Осы жерде қазақ болып өзге біреудің затын көтеріп бара жатқаныма қорланып кеттім. Ол маған еңбекақым үшін 50 теңге берді. Күліп жібердім. Ақшаға емес. Кешегі айбынды көктүріктер ұрпағының жалдамалы жұмысшының жағдайына жеткеніне. Иә, жүре берсең, көре бересің. Бірнеше уақыттан кейін менің де бұған етім үйреніп кетер. Уақыт бәрін жайғайды емес пе?! Бірақ жалдамалы болуға етіміз үйреніп кетпей тұрғанда, бір бұлқынып қалу керек екенімізді түсіндім.
Досым
Базарда арбаң дамыл таппауы керек. Егер тоқтап қалсаң, аш қаласың. Ақша таппай, арбаның күнделікті құнын төлей алмасаң, жұмыстан айырыласың. Мен тырбаңдап жүре беруге тырыстым. Арбаны сүйретіп, базар ішімен жайлап келе жатқанмын. Бір кезде бұрынғы танысым кезігіп қалды. Сәкен деген жігіт – тек танысым емес, студент кезден араласқан жақын досым.
– Оу, неғып жүрсің? – деді мені көре сала.
– Дағдарысқа байланысты жұмыстан шығып қалып едім, енді арба сүйретіп жүрмін, – дедім қуланып.
– А-а, барлығымыз да қалт-құлт етіп тұрмыз. Сені мұндай жағдайда кездестіремін деп ойламаппын. Боксқа барып жүрсің бе? Жоқ, қойдың ба? – деді.
– Барлығын тастадым. Жан баға алмай жүріп, спортты қайтемін? – дедім.
– Қалай табыс, ақшаны «қырып» жүрген шығарсың? Қарызға берсеңші. Бір фирма ашқалы жатыр едім, соған ақша жетпей жатқаны, – деді. Өзінің көпіртіп сөйлейтіні бар еді, бұл жолы да мақтанғысы келіп тұрғанын сездім. Қандай фирма екенін сұрадым әдейілеп.
– Ашып болғаннан кейін естірсің. Бірақ азабы арба сүйреуден жеңіл емес. Аздаған күнде үй сатып алатын шығармын. 1 мамыр мейрамына қарсы шетелде демалып келуді жоспарлап отырмын. Ой, «обшым», шаруа бастан асады, – деді.
Оны одан әрмен тыңдап тұруға жүйкем шыдамады. Қоштасып, жөніммен кете бердім. Кейде қыздармен әңгіме-дүкен құрасың. Олар өздерінің «жетістіктерін» айтып мақтанғанда, қызық көріп тыңдай бересің. Ал ер адамның жеңіл мінезді болғанын түсіне алмаймын. Өйткені бұл тек әйелдерге тән. Әсіресе қазақ жігіттері мұндайдан аулақ жүруі тиіс. Біз ел байлығымен, рухани мықтылығымызбен бәлсінуіміз керек.
Рухымыздан адасып...
Қазір теледидардан атыс-шабыс, азғындыққа насихаттайтын киноларды жиі көреміз. Жастарымыз бойына батыстың психологиясын мықтап сіңіріп жатыр. Он бесінде аттың жалын ұстап, от пен жалын сөздер шығаратын жаста олар компьютердегі ойындардан көз ашпайды. Біз балаларымызды ұлттық рухта тәрбиелеуге күш салуымыз керек. Мен бүгін базарда арба сүйреп жүрмін. Мен сияқты қанша қазақ жастары бар. Оларды патриоттыққа тәрбиелеу жолдарын іздеу – күн талабы.
Аллаға шүкір, қазақтардың қазір білімге, өнерге, жаңалыққа деген талпынысы жақсы. Бірақ кейде рухымыздың, айбынды елдің айбарлы мінезінің көрінбей жататын кездері болады. Біреулер біздің тілімізді «хана» тілі деп жатса да, ләм-мим демейміз. Тек іштен тынамыз. Неге? Себебі біз қазақтың таза мінезін сіңіре алмай жүрміз.
Мен қалай арбакеш болдым...
Последние статьи автора