Мемлекеттік тіл мәртебесі қайтсе көтеріледі?

Мемлекеттік тіл мәртебесі қайтсе көтеріледі?

«Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының Астанадағы орталық ғимаратында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілі» атты байқау оныншы рет ұйымдастырылды. Еліміздің теміржол саласының өңірлердегі кәсіпорындарынан үкілеп жіберген үміткерлері ақтық сында бақ сынасты. Олар – бұған дейін өңірлерде өткізілген сайыстарда топтан озғандар. Алайда қатысушылардың бәрі мемлекеттік тілде сайрап тұрды, ұлттық мәнердегі киімдері көздің жауын алды, түгелі құлақтың құрышын қандыра әуелете ән салды.

Негізі, жылына бір жалауын желбірететін жа­рыстың деңгейі көтеріліп, сапасы жо­ға­ры­лай түскені байқалады.
 Алыстан ат арытып келіп, елордамызда өне­рін көрсетуге ниет білдіргендердің қа­та­ры да молайған. Байқауға қатысқан 23 өз­ге ұлт өкілі арасында өршіл өрендер, са­қа жігіттер мен қыз-келіншектер, немере сүй­ген әжелер де бар, сахна төрінде те­мір­жол­шылардың тегеурінді қайратын дә­лел­деп, аталған дода игі істің шарапаты екенін көр­сетті.
Даналардың сөзіне сүйенсек, тіл – аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз. Сондықтан мемлекеттік тілді аялау, қолдап, үйренемін де­­гендерді қолтықтан демеу – қастерлі па­рызымыз. Осыны ойлаған түрікмен, өзбек, та­­­тар, орыс, украин, кәріс сияқты алып Ота­­­нымыздағы бауырлас ұлттар 10 балдық жү­йеде бағаланған тартыста «Кел, та­ны­са­йық!», «Халықтың асыл мұрасы», «Вик­то­ри­на», «Вагонда келе жатырмыз...», «Те­мір­жол жұлдызы» кезеңдері бойынша Абай, Мұхтар жауһар туындыларын жазған асыл тілдің тұңғиығына үңілді. «Жүзі басқа – жүрегі бір, түрі басқа – тілегі бір» олар қоға­мы­мыздағы ортақ қарым-қатынас құра­лы­ның нәріне сусындап, оны қажетіне шебер жа­ратуға тырысты.
Бір қуанарлығы, байқауға қатысушылар­дың дені өздерін таныстыру барысында бей­не роликтерді пайдалана отырып, өз­де­рінің өмірбаяны, қызметі, отбасы, туған же­рі туралы сол мәтінді тебірене толғады. Тіл үйренудің табиғатын түсініп қана қой­май, оны баяндаушының еш қысылмай үй­ренетін, шетелдіктердің жиі қолданатын көр­некілік тиімді тәсілінің бірі – осы. Дидактикалық сабақ құралдарында мұны кеңінен пайдаланған ләзім.
 «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ пер­со­налды басқару жөніндегі департамент менеджері Талғат Олжабайұлы Көктеубаев салтанатты шараны бастан-аяқ қазақ ті­лінде жүргізіп отырды. Кеш тізгінін ұс­таушы алғашында тұсаулы аттай кібір­тік­теген сахнадағыларды серпілтіп, әл­қис­са­сын әдемі сөзбен кестелеп, әспеттеуді де ұмыт­пады.
 Жиналғандарды «ҚТЖ» ҰК» АҚ кеңсе бастығы, мемлекеттік тілді дамыту комис­сия­сының мүшесі Науан Сағитұлы Сарин құт­тықтап, сөз сөйледі. Ол тілдің сан қы­ры­на баппен қанығып, біртіндеп меңгерген елі­міздегі өзге ұлттардың ұл-қыздары енді орыс­ша шүлдірлеген қаракөз қан­дас­та­ры­мыз­ға қынжылатын, ақыл айтатын дә­ре­жеге жетіп қалды-ау деген ұтымды пікірін жа­сырмады.
 Қазылар алқасына ҚР Көлік және ком­му­никация министрлігінің Мемлекеттік тіл­ді дамыту басқармасының бастығы Саян До­саров төрағалық етіп, ҚТЖ шаруашылық бас­қармасының құжаттарды аудару мен тү­зету бөлімінің бастығы Асылбек Қы­рау­баев, Еуразия ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты Баян Мәуленова, ҚТЖ теміржол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығының сарапшысы Асқар Баякенов қазылар алқасы мүшелері ретінде қатысушыларға тиісті бағасын қойды.
 Жоғарыда келтіргеніміздей, жарыс жо­лындағылардың әзірлігі әрқилы болды.
– Мәселен, өзін таныстыруда Семей ма­гис­трал­дық желі бөлімшесі құрамындағы Ая­гөз жол дистанциясының монтері Алек­сандр Лагута қағазға қарап ежіктесе, Екі­бас­тұз стансысының жүк қабылдап, тап­сы­рушысы Альбина Галимова өткеніне қиналмай шолу жасап, әсерлі әңгімелеуде еш тосылмады. Екібастұздық тағы бір те­мір­жолшы, инженер-метролог Владимир Де­сятерик толқыса да, жаңылмауға ты­рысты. ҚТЖ бұқарамен байланыс де­пар­та­ментінің қызметкері Елена Трифонова кә­сіби журналист, кітапқұмар білімді ару еке­нін қазақ тілінде қысылып-қым­ты­рылмай, еркін жеткізді. Екі апта этноауылға барып, арнайы курстарда мемлекеттік тілді ерін­бей-жалықпай игеріпті. Оңтүстік шаһар – Шым­кент қаласының жігіті, ұлты өзбек Да­нияр Махаметовті кіндік қаны тамған туған өл­кесінде қалың қазақтың өнегелі тәрбиесін көріп өскені осы байқауда бағын сынауға бейімдепті. Ақмола жол бөлімшесіне қарасты Жалтыр стансысының инженер-тех­­нологі Светлана Науменконың кербез күй­­ден айнымай, өзін байыпты ұстауы жұрт­ты тәнті етті. Қызылорда белгі беру ж­ә­не байланыс дистанциясының электр ме­ха­­нигі Татьяна Голенко қысқа да нұсқа ойын біл­­діріп, түрікмен қызы, Бурабай курорты жол дистанциясы инженері Нұргүл Мелеева қа­­зақтың кеңпейіл қонақжайлылығына тағ­­зым етіп, бас иді. Шымкент жол бө­лім­ше­­сі­­нің бухгалтері Зафар Ашуров бір са­рын­да іш пыстырса, Балқаш вагон пай­да­ла­ну де­по­­сының вагон қараушысы Остап Са­харов әй­гілі Қазыбек бидің жоңғар қон­тай­­шы­сымен тілдесуін шынайы бейне­леу­мен таң­ғал­дырып, ду қол соқтырды. Ал­ма­ты ста­н­сы­сының вагон қозғалысы жыл­дам­дығын рет­теуші Александр Игошен жү­регін жарып шық­қан, өзінің теміржол та­қырыбындағы жы­рын оқып, кедір-бұ­дыр­­сыз таза тілі, ыр­ғақты мақамы көрер­мен­нің ризашылығына ие болды. Кейін сұ­растырсақ, мұрты енді те­біндей бастаған жас­тың нағашы жұрты қа­зақ екен. Ақтоғай жол дистанциясының столері Василий Пак қо­лындағы параққа шұқшиып біраз әлек­теніп, кейін байқауға қатысудан біржола бас тартты. Қостанай жол бөлімшесі эко­но­ми­калық жоспарлау бөлімінің инженері Ан­тон Ткаченконың атасы – «Құрметті те­мір­жолшы», өзі қазақшаға судай екен. Ан­тон тақымын қысып, тілеуін тілеген залдағы ха­л­ықты «Анашым» әнімен тебірентті. Ма­гис­тралдық желі дирекциясының құжат ай­налымы және оның орындалуын ба­қы­лау бөлімінің хатшысы Евгения Тарасова сү­й­кімді дауысы сыңғырлап, өрнекті өне­рі­мен көрерменді баурап алды.
 Байқау барысында «Қаражорға» биінің әл­сін-әлсін сахна төрінен табылып, би­ші­лер­дің қимылын мың құбылтуы жағымды әсер қалдырды. Әсіресе Елена Трифонова: «Қара жорға» халықтық биге айналып ке­леді. ҚТЖ кімнен кембіз? Ал, қанеки, шы­ғыңыздар ортаға!» деген ұранмен:
 «Қара жорға – сал күрең,
Тарихын біл алдымен.
Бабалардан жалғасқан,
Тағылымы бар білем.
Жорғалаған күй майда,
Бұған жетер би қайда?!
Ойнаңыздар, жамағат,
Билеңіздер мұндайда,
– деп
бастап кеткенде, залдағы біраз жастар жел­пі­нісіп қалды. Шындығында, 150 мыңдық ар­мияға бергісіз, ұлттық компанияның өндірістік гимнастикасына айналдыруға болатын би түрі кештің шырайын шы­ғарды.
 Елена Трифонованың бейнебаяны тап­қыр­лығымен көзге түсіп, «Вагонда келе жа­тыр­мыз...» сайысында қызықты оқи­ға­лар­дың сүбелісі де, керісінше, жұтаң, дөрекі си­паттағысы да кездесті. Тағдырларды та­быс­тырған дәнекер теміржолдан әзіл-қал­жың­дарды әңгімесінің өзегіне айнал­дыр­ған­дардың хикаяларынан шойын жолдағы кем­шін тұстар да байқалып қалып жатты. Олар негізінен болат жол бойындағы сер­вистік қызметтің осал тұстарын әжуалап, үне­мі пойызға билет болмауының сыр­ла­рына үңілді.
– Қазіргі таңда «мемлекеттік тілдің жағ­дайы нашар, қоғамда беделі жоқ» деп бай­балам салу қисынсыз, – дейді байқауды қо­рытындылаған қазылар алқасының төр­аға­сы Саян Досаров. – Қыруар шаруаның жоспары құрылып, қаншамасы іске асып үлгерді. Тек ортақ іске әрқайсымыз өз үле­сі­мізді қосқанымыз, дау-дамайды тый­ға­нымыз ләзім. Сонда ғана қазақ тілінің қол­да­нылу аясы кеңейіп, халықаралық қарым-қа­тынаста ағылшын, қытай, орыс тіл­де­рі­мен қатар жүреді. Оған бай, асыл қа­зы­на­мыз­дың қоры жеткілікті.
Байқау аяғында қатысушылардың ба­сым көпшілігіне ынталандыру сыйлығы мен ұлттық компания вице-президенті А.Ак­чуриннің қолы қойылған дипломдар тап­сырылып, үздік аудармашылар бә­се­кесінің жеңімпаздары да сый-сияпаттан кен­де қалмады. Аудармашылар ала­ма­нын­да 1-орынды Алматы магистралдық же­лі бөлімшесінің аудармашысы Мағаш Ұза­қова иеленді. Ал «Қазақстанның бо­ла­шағы – қазақ тілі» конкурсының үшінші ор­нын Елена Трифонова қанжығасына бай­лап, екінші орынды Остап Сахаров ен­ші­леді. Жеңістің ең биік тұғырына Евгения Та­расова көтерілді. Барлығы бағалы сый­лы­қ­тармен марапатталды. Ұлттық ком­па­нияның бұқарамен байланыс департаменті ар­найы тағайындаған «Ақсұңқар» сый­лы­ғын Антон Ткаченко мен Светлана Науменко тең бөлісті.


Елена ТРИФОНОВА, байқау жүлдегері:
 – Қос тілді болат жолдағы қатар төселген рельспен са­лыстырсам, еш әбестігі жоқ. Мемлекеттік тіл мен ресми тіл көп ұлтты жақындатып, бірлігін нығайта түскендей. Осындай конкурстардың нәтижесінде қазақ тілінің күрделі тұстарын жетік меңгере бастадым. Ыстық ықылас танытқан компания басшылығына алғысымды білдіремін.

Остап САХАРОВ, байқау жүлдегері:
– Қазақ ауылында туып-өсіп, қазақтың қарадомалақ тентектерімен тай-құлындай тебісіп, бірге өскенім ұшан-теңіз пайдасын тигізуде. Тосын жайттар килікпесе, әрі қарай да тілді терең игеруге талпына бермекпін. Өзге құрбы-құрдастарыма «қазақша үйренсін» деймін. Өйткені қазақ тілінің жақын келешекте жалпы қауымның тіліне айналатыны хақ.

Евгения ТАРАСОВА, байқау жүлдегері:
– Мұндай байқауларда славян тектілерді түркі тілдес ұлт өкілдерімен қатар бағалауға, жоғары білімді инженер мен шалғайдағы слесарьді салыстыруға болмайды. Ондай жағдайда славян текті адам мен слесарьді көтермелеу керек. Олай дейтін себебім, қазақта «тең теңімен, тезек қабымен» деген мәтел бар емес пе?! Біз өзбек, татар, қырғыз, түрік әріптестеріміз сайрап қоя бергенде, қысылып қаламыз. Жарысты әрі қарай жалғастыруға құлқың болмай қалады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста