"Мемлекеттік қызметті қой бағу үшін тастап кеттім": "Блатной шопан" Алмас Садырбаев
Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту үшін не қажет, кәсіпкерлерге қолдау көрсетпей жатқан мемлекет кінәлі ме, "алақан жайып жүрген" кәсіпкерлер кінәлі ме, қой өсіріп, баю үшін қандай қаражат керек? Stan.kz тілшісі "Шопан ата" қой өсірушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы, мал шаруашылығының жанашыры, кәсіпкер Алмасбек Садырбаевпен сұхбаттасып, еліміздегі қой шаруашылығы қалай дамып жатқанын білді.
- Алмасбек мырза, жалпы қой шаруашылығымен қалай айналыса бастадыңыз?
- Менің әкем өмір бойы шопан болған адам, ол кісі кеңестік өкіметте жұмыс істеді, бейнетіне сай зейнетін көрмеді. Малға жоламаңдар деп бізді жолатпайтын. Алматыға оқуға түстім, біраз жыл жұмыс істедім, содан кейін, қой мына түріммен байымаймын деп қоймен айналыстым.
Қоймен ең алғаш айналысуым да қызық, шетелден гемпшир мен саффолк атты асылтұқымды қойлардың ұрығын әкеліп, онымен өзіміздің қойларды ұрықтандырдық. Жылы жер керек деген соң, моншаны қыздырып жағып, қойларды сонда кіргізіп, ішін тіліп, кәдімгідей ота жасап, ұрықтандырдық. Асау қойлар сыртқа шыққанда қарындарын қайта жарып алатын. Менің жолым болды, екі мықты ғалыммен танысып, сол кісілер маған көмектесті. Сонда ауылдастарымыз бізді мазақ қылды, "моншада қойға операция жасап жатыр, ол қарнын жарып алып жатыр" деп, "ғалымдарыны түрі мынау" дегендей.
Бірақ не керек, сол жылы ұрықтандырылған 100 қойымызды 40-ы төл берді. Ол кәдімгідей біздің ауа райы, жерімізге икемді қойдың шағыстырылған түрі болды. Одан кейін ауылдастарымыз қызыға бастады, үйретулерін сұрады, ғалымдарымның соңынан жүгірді.
- Не себепті шетелдік қойға қызықтыңыз? Қазақтың қойы ше?
- Ғалымдар айтты ғой маған, Алмасбек мынау мраморный етті беретін қойдың бағасы шетелде келісі үшін $7-10-дан басталады. Мен бірінші кезекше бизнесменмін, ғалым емеспін. Шетелге шығып, мәрмәр етті сатып, бай болам деп ойладым.
Сөйтіп қойдың басын 500-ге жеткіздім, одан кейін 1000-ға. Шетелге барасың, ол жақтан біреу келеді. Елдерге мақтанып айтамын, 1000 қойым бар, мен блатной қазақпын деп. Шетелге апарып сатқым келетінін айтам. Олар күледі, үндемейді. Қойымды екі мың басқа жеткіздім. Сол араласып жүрген кісілердің арасында бір неміс шыдамай кетті. "Ей, Алмасбек, мен саған шынымдый айтайын, сен 1000 қойыңмен, тіпті 5000 қойыңмен мына жерде мықты шығарсың, блатнойсың, ана жақта сен 5000, 10000 қоймен ешкім емессің. Шетелге шығу үшін сенде 100 000 бас қой болуы керек. Сен сонда ғана жақсы сауда жүргізесің, сенімен есептеседі. Өйткені 1000 бас қой иіскеп қалғанға да жетпейді" деп.
Сол жерде мен мәәә, қателескен екенмін, қанша жылғы еңбегім босқа кетті деп көңілім түсті. Тіпті сол кезде қойымды, шаруашылықты бәрін сатамын деп хабарлама бердім. Енді мен қашанғы қой көбейтем деп жүрем, 10 мың қойды жинай алмаймын, менің тағы да 10 жыл өмірім кетеді. Сатам деп жарнаманы бердім, сол кезде Ауыл шаруашылығы министрі болып Асқар Мырзахметов келді. Ол кісі кооперация мәселесін көтере бастады. "Бұл деген не?" деп заңды алып оқыдым. Сөйтсем шаруалар, кәсіпкерлер бірігіп, бір нәтиже қойып, сонымен жұмыс жасай алады екен. Жарайды, көрейік дедім.
Мен ол кезде мемлекеттік қызметте жүрдім, сөйтіп мемлекеттік қызметті қойдым. Оған дейін талай жыл қоймен айналысып жүрдім ғой, қошқарларымды сатып жүрдім, 50 мыңнан дейм, үндемейді (сатып алушылар - ред.), 70 мың десем - үндемейді, 100 дейм - сатып алады, ой қызық-ай деп қоям. Содан кооперативке біріктерсем, ондағы елге қошқарларымды тегін береді екенмін, шыққан шығынымды мемлекет еселеп төлеп береді. Сол кезде жанымда 100 шақты шаруашылық болатын, соларды жинап, ұсынысымды айттым. Қошқарларымды тегін берем, бірақ кооперативке бірігіңіздер, үкіметтің арнайы агросаясаты бар екен деп. Сонда 30 шақтысы сенбей, қалай сатып алдық, солай ала берейік, ертең малымызды кепілге қойып, проблема болар деп бас тартты. Онда мүлдем бермеймін дедім.
Сөйтіп алғашқы жылы 65 шаруашылықтан 17 мың қой жинадық. Жұмысымызды істедік, оларды ұрықтандырдық. Келесі жылы төлін алдық, үкімет ақшасын берді. Күндердің күнінде бір ауданның әкімі хабрласады, сен ол жерде не істеп жүрсің, мына жердің жігітісің, мен саған 1000 гектар жер берем, өзімізде дамыт деп, мен жарайды деп қуанып кеттім, бірнеше күннен кейін басқа ауданның әкімі қоңырау шалады. Ойбу, басым пәлеге қалды ғой деп қоям, бір күні өзім туған Сарқанд ауданының әкімі хабарласады, жолығып кетші деп. Әрбірін сыйлаймын, абыройлы адамдар, кооперативке зияны тиіп кетпей ма деп қорықтым. Сөйтіп, үшеуі де сұрап отыр екен, үшеуіне де ашып берейін деп шештім. Үшеуі де риза болды. Сарқанд ауданының әкімі уәде кеткен 2000 гектар жерін дамыт деп берді. Қасындағыларға тиісуші болмаңдар деп қадап айтты. Ол жердің қызығын тек мен көрмеймін ғой, бүкіл халық көреді. Үшінші жылы 100 000 басқа жеттік, елдің басқа жерлерінде де кооперативтер ашылды, сол мезеттен бастап телефоныма тыным жоқ. Әзір экспортқа шығып жатқан жоқпыз, ол үшін жасалатын шарулар бар, бірақ қолға алып жатырмыз.
- Алмасбек мырза, сонда сіз елімізде қой өсірудің бірегей жобасын ұсынып отырсыз ғой иә? Франшиза деп атауға бола ма?
- Бізге бірегей болғанымен, әлем үшін бірегей емес. Әлемдегі бүкіл ауыл шаруашылығының 52%-ы кооперативтерге кіреді екен. Әлемнің 2 млрд халқы кооперативтік жүйеде жұмыс жасайды. Бізде бұл жүйе дамымай тоқтап қалған, енді дамытып жатырмыз.
- Сонда сіз малды экспортқа шығармайсыз ба?
- Жоқ, шығармаймын деген әңгіме емес. Бірдеңені өндіруге болады, сатуға болады, мен қызмет көрсетемін, осы тұқымды таратамыy. Біздің маңайымызда бордақылайтын шаруашылықтар, экспортерлар бар. Бір қазақ бүкіл жұмыстан бастан-аяқ өзі жасап шығады деген қате ұғым. Біреу малды тудырады-өсіреді, біреу бордақылайды, біреу сояды, біреу шетелге шығып сата алады. Ауылдағы фермер шетелге шығып, етін өзі өткізе алады дейсіз бе? Жоқ, оны жүйелі түрде жасау керек. Ол баяғы қой шаруашылығын жаңа бастағандағы менің қиялым ғой, қой өсіріп, шетелге сатамын, бай боламын деген.
- Алмасбек мырза, ендеше сұхбатымызды тыңдап, малмен айналысамын деген азаматтың қандай капиталы болуы тиіс?
- 0-мен де бастайтын бар. Кім малмен айналысам дейді, ол ұрықтан бастау керек. Келген адамға біз білім береміз. Малды ұрықтауды үйретеміз, үйренген соң елдің малын ұрықтайды. Біздің компания ол үшін ақша төлейді. Ұрықтап жүріп, кімнің үйінде қандай мал бар екенін біліп жүреді. Келесі жылы қор жинайды, несие алады, асылтұқымды малдың төлін алады. Біздің малдың ерекшелігі неде? Кәдімгі ауылдың бұқашықтары бір жылда 100-120 келі салмақ жинайды. Ал шетелден алып келініп, ұрықтандырылған малдар бір жасында 400 келі болады. Ауылдың бұқашығы тәулігіне 500-700 гр салмақ қосса, шетелдік ұрықтан туған бұқашықтар 1,5-2 келі салмақ қосады. Сонда 100 келілік бұқа қарап отырған қазақ бай ма, 400 келілік бұқа қарап отырған америкалық пен қытайлық бай ма? Олар бір малды қарап, үш-төрт малдың есесін қайтарып алады. Мұның бәрі эффективность деп аталады. Біз осындай тиімді кәсіпті дамыту үшін білім береміз.
- Біз көнеден мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан халықпыз ғой, қазаққа қой өсіруді үйретіп не керегі бар?
- Малды бағудың екі түрі бар, экстенсивті және интенсивті. Біріншісі - ол ата-бабамыз сияқты қыста қыстауға, жазда жайлауға айдап, тау-тасты аралап бағу. Бірақ жеріміздің бәрі тозып барады, қазір ешкім көшіп жүрмейді, бәрі фазенда салып алған, соның маңайын таптап тоздырып отыр. Ал біз интенсификацияны дамытып жатырмыз. Ол кез-келген шаруашылықты оңтайлы, тиімді, қысқа мерзімде жоғары көрсеткіштерге өол жеткізуге болатындай процесті ұйымдастыру.
- Халықтың ең сескенетін нәрсесі - қазір малды дәрі-дәрмекпен өсіреді деген сөздер.
- Ондайды шошқа, ірі қара өсіргенде пайдаланады, жылқы мен қойға ондай келмейді. Олар жемейді. Бәрін талғап жейтін өте таза жануарлар. Тіпті ата-бабаларымыз бала емізетін әйелге сиыр сүтін бермеген ғой, "Сиырдың сүті жел" деп. Бүгін коронавирус кезінде елдің бәрі қойдың сорпасымен жан сауғалап жатыр. Өйткені адам ағзасына күш беретін сол қойдың сорпасы. Ал ірі қара мен, шошқада, құста табиғи тазалық жоқ, сондықтан система салып, дәрі беріп, гормон егеді. Қой мен жылқының еті әлемдегі ең таза еттің бірі.
- Мал шаруашылығы сондай тиімді болса, елдің бәрі неге ауылдан, ата кәсіптен қашып жатыр?
- Енді ол бұрынғы үкіметтің саясаты, урбанизация дейді. Бізде бірақ урбанизация емес, "фавелазация" болып кетті. Халықтың барлығын көшіруін көшіріп алды, бірақ жағдай жаса алмады (билік - ред.). Бірақ бұл үрдіс те тоқтап жатыр. Көптеген адам хабарласып, ауылға барамыз, мал ұстаймыз, қалада жасайтын жұмыс жоқ деп жатады. Шаштаразшы бол, менеджер бол, оның бәрі уақытша. Бұл тоқыраудан кімнің малы бар - сол жеңіп шығады. Мал деген инфляциядан қорықпайды, банк емес, күйіп кетпейді, жесең - тамақ, кисең - киім, сатсаң - ақша. Атам қазақ осы жерді бостан босқа ұстап қалған жоқ. Мал деген - ол қазақтың тәуелсіздігі.
- Енді ол қазақтың тәуелсіздігі болса, билік тарапынан қандай қолдау бар?
- Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі қой шаруашылығын субсидиялау дегенді шығарып жатыр, бар үмітіміз сонда.
- Сіз барлық жерде, өкімет тарапынан үш мәселе бар екенін айтасыз. Кепілсіз несие, утилизациялық салық және "қолдау-қорлау". Тарқатып берсеңіз?
- Бұлардың әрқайсысы үлкен мәселе ғой. Несиеден бастасақ, "ҚазАгро" деген мемлекеттің еркесі бар. Ешкімнен қорықпайды, ешкімді пысқырмайды. Министрлерді де пысқырмайды. Шаруалардың барлығын қан қақсатып жатыр. Президент көктемнен бері ақша береміз деп әрбір трибунадан айтып жатыр, соның қаншасы ауылдағы шаруаға жетіп жатыр? Ешқайсысы жетіп жатқан жоқ. Мыңнан бірі ғана. Кепілің жоқ, жерің жоқ, анауың жоқ деп шаруаның аузын жабады. Қазақ мал өсіру үшін қаражат керек, ал қаражатты беретін "ҚазАгроның" шаруасы шикі, нашар. Сондықтан оны жұмыс жасатудың амалын табу керек.
Екінші мәселе, утильсбор. Бұрын 7 млн тұратын трактор қазір 8 млн тұрады, бұрын 15 млн тұратын трактор қазір 20 млн тұрады. Бұл салық дегеніміз шаруаны қанау. Бізде 80% техникамыз тозып кеткен. Ауылда жаңа трактор көрмейсіз. Әлемдік норма бойынша жылына ең болмағанда техниканың 15-20%-ы жаңалануы тиіс. Бізде 2%-ға да жетпейді. Қазақтың шаруасына техниканы жеткізудің амалын жасаудың орнына, біздің Экология министрлігі утильсборды мойнына іліп қойды. Сөйтіп ары кетсе, Ресей мен Беларусьтің шірік тракторларын ала аласың. Ал бізге жақсы, мықты, шетелдік, тіпті қытайлық тракторлар керек. Бағасы мен сапасы жақсы. Ал бізге "гайка салынған шелектерін" алуға мәжбүрлеп жатыр.
- Қазақты байытататын мал шаруашылығы десеңіз, өзіңіз байып кеттіңіз бе?
- Мен малды бастағалы 16 жыл болды. Менде қаншама бизнес болды: дүкендер, сауда орындары, кірпіш шығаратын зауыт, колбаса-шұжық шығаратын цех. Солардың бәрі 3-4 жыл істейді, жабылады. Қазір дүкендер кімге керек? Ешкімге керек емес, елдің бәрі супермаркетке барады. Кірпіш өндіруде де жыл сайын жаңа технологиялар шығады, алдыңғы сатып алынғаны ақшасын ақтаса, соған рахмет.
Қаншама мемлекеттік қызметтен өттім, мен өзім 3-4 жылда бір мемлекеттік қызметке, көп емес, әрі кетсе бір жылға жұмысқа кірем. Не өзгеріп жатыр, не жаңалық бар деп ішін байқаймын. Әкімнің кеңесшісіне дейін болдым, қаншама бизнесті жүргізіп, бәрі уақытша екенін түсіндім. Мен ешқашан қалай өмір сүрем деп қорыққан жоқпын, неге, өйткені басқа бизнестерім жабылып жатса, алдымда малым бар, қызметтен өз еркіммен кетіп жатсам, малым бар. Мал деген ол - тәуелсіздік. Сондықтан болашаққа деген сенімділігіңіз.
Мен бала-шағам немен күн көреді деп қорықпаймын. Алла тағала жұт-бәледен, қазіргідей нәубеттерден аулақ қылдырсын. Бірақ малың болса, ешкімнен, ештеңеден қорықпай сенімді өмір сүруге болады. Мен қой бағам деп мемлекеттік қызметті тастап кетіп бара жатқанда, "сен жындысың ба? Мындай қызметтен адам кете ме? Ертең әкім, әкімнің орынбасары боласың, кім біледі?" деп айтатын. Маған ол керегі жоқ, ол менің мақсатым емес, менің малым бар дейтінмін.
- Өзіңіз блогыңызда Бауыржан Оспановтың фазендасында болып, айына 300 мың жалақы алатын малшыларды іздеп жатқанын айттыңыз. Сіз қанша төлейсіз?
- Мен де соған талпынамын. Айына 250-300 мың теңге алатындай жасауға тырысып жатырмыз. Малшыға Бауыржан ағамыз сияқты 1000 доллардан төлеш, малшы болуға кезекке тұрады. Өйткені Бауыржан ағамыз малына, малшысына әлемдік деңгейге сай жағдай жасаған.
- Олай болса, жұрттың бәрі неге мұнайшы, қаржыгер болғысы келеді?
- Қазір батыстан қаншама мұнайшылар қоңырау шалды, қалай мал бағамыз, кеңес алайық деп едік деп. Осындай сауалдарымен шенеуніктер мен әкімдер де хабарласады. Ауылдағы жасқа айтар кеңесім, біліміңізді алсаңыз алыңыз, бірақ оқу бітірген соң, малыңызды жинай бастаңыз.
- Алмасбек мырза, сізді осындай деңгейге алып шыққан қандай қасиеттер?
- Мен ойлаймын, менің бойымдағы қасиеттер әрбір қазақта бар қасиеттер. Мен өзімді қойшы-идеологпын деймін. Мемлекеттік қызметте де құрылыс сияқты ақша табатын жеріне емес, идеология саласына ұмтылатынмын. Мен қазақ жерінен кетпеймін ғой, балаларымның кеткенін қаламаймын. Барсын, оқысын, жүрсін, қыдырсын, келсін. Бірақ кіндік қанымыз тамған осы қазақ жері. Олардың болашағы болуы үшін менің елім байқуатты болуы керек. Ол үшін әрбір қазақ болуы керек. Мен өзіме осы әрбір қазақ бай болсын дегенді ұран етіп алдым. Ол үшін білім керек, кәсібилік, идеялары болуы керек. Мен соны насихаттаймын. Мен сияқты, менен асып түсетін қазақтар бар, Аллаға шүкір.
- Елдегі мал шаруашылығын дамытудың жолы қандай?
- Оны мен шығарған жоқпын, әлемде баяғыдан бар нәрсе. Мал шаруашылығын дамыту үшін үш негізі бар. Біріншісі - генетика, ол асылдандыру, ұрықтандыру, екіншісі - жем-шөп, үшіншісі - менеджмент. Сондықтан осы үш нәрсеге аса назар аударып, мемлекеттің саясаты осымен байланысты болуы тиіс. Бізде шетелден бұқа алып келсең, бәрі жарылқап кетеміз, керемет болады деді. Не өзгерді? Түк те өзгермеді. Өйткені ол генетиканы "жасады", ал жем-шөбі мен менеджментіне бас қатырмады. Барлығының ішінде мемлекеттің атқаратын жұмыстары бар. Сол жұмыстарды мемлекет толыққанды атқару керек, сонымен қатар ауылдағы елге білім беріп, жағдайын жасау керек. Үш аяғын да тең ұстау керек, бірін де қалдыруға болмайды. Қандай асылдың көкесі болсын, оған дұрыс жем бермеш, нәтиже жоқ. Жем-шөбін реттедің, енді сауда-саттық нарқың дайындап бермесең, асылдандыруға, жем-шөпке кеткен шығын қайтып келмесе, тағы болмайды. Сондықтан мемлекет осы үш қағиданы ұстануы керек.
- Мемлекет тарабы керісінше, біздің шаруаларды қол қусырып отырады деп айыптйды...
- Бұл елге жаны шымайтын, ауылды көрмеген, аты ғана қазақ, заты қазақ емес шенеуніктердің сөзі. Мен оны дәлелдеп бере аламын, шетелде қандай саясат бар, қаншама қаражат бөледі, бізде қаншама бөлетіні. Жер мен көктей айырмашылығы. Бүкіл әлемде жердің шаруасы ие болмаса, сырттан басқа иесі келеді. Сондықтан елдіктің мемлекеттіктің тірегі - ауылдағы шаруалар.
Сұхбат алған: Жанар ЖАНСЕЙІТ