Мектеп ұстаздар мен оқушыларды бопсалау орнына айналып кеткен жоқ па?
Мектеп білім ордасы ғана емес, ақша жинау орталығы сияқты. Мұғалімдерден де, оқушылардан да оқу жылы аяқталғанша бірнеше мәрте ақша жинайтындардың әрекетін бүкіл халық біліп отырса да, жағдайдың оңалар түрі жоқ, себебі мұғалімдер ашық айтайын десе, жұмыссыз қалудан қорқады, ата-аналар айтайын десе, балаларының абыройын ойлайды.
Мұғалімдерден мектептің ақша жинайтынын өз басым өзгелерден естіп қана қоймай, бала кезден көріп келемін. Бір әулетімізде төрт-бес мұғалім бар екенін айтпағанда, өз анамның 25 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп келе жатқан тәжірибесі бар. Есімді біле бастағаннан «КРУ келе жатыр» дегенді мұғалім апа, жеңгелерім мен анамнан «бөки келе жатыр» дегендей шошына еститінмін. Себебі мектепке «КРУ» келсе, мұғалімдерден ақша жинау басталады. Кейіннен білдім, әлгі «КРУ» дегені бақылау-тексеру басқармасынан мектепке келіп тексерушілер екен. Айлығы-шайлығына жетпейтін мұғалімдердің 50-60 мың теңге жалақысының 10-15 мыңын, тіпті кей кездері мектеп басшылары өздері белгілеп алған еңбекақының белгілі пайыздық мөлшерін санап тұрып «тартып» алатынын көрдік.
Тексерушілердің қалта-қалтасына мың-мыңдап долларды тықпалап, ауыздарына дәмдерін тосып, қонақ келгендей күтіп жіберетінін қайтесіз. Олар бір мектепте бірнеше күн тексеру жүргізсе, әр күнді мұғалімдер бөліп алып, дастарқан жайып, шығарып салады. Мектепке оқулық ұстап барудың орнына ыдыс-аяқтары мен тамақтарын таситын ұстаздар қауымы мұндай сұмдықты біреуге тіс жарып айтудан да қорқады. Несін жасырайын, өз анама да бірнеше мәрте ашық айтуды ұсынып көрдім, мұғалімдер бір ұжымнан әрі кетсе бір-екі мұғалім қолдап, ақша бермейміз десе, екіншілері қосыла алмайтын көрінеді. Себебі – бірі жұмыстан қуыламын деп, енді бірі жас маманмын деп мойынсынуға мәжбүр болып жүр. Мұғалімдердің бір оқу жылында ақша жинауы бір рет емес, бірнеше рет болатын жағдай. Тексеруден бөлек, сынып бөлмелеріне ілінетін қабырға тақтайшаларын жасатып, перде ілу дегеннің барлығына мұғалімдер өз қалталарынан ақша шығарады. Ал шын мәнінде мектептердегі жабдықтар мен сынып бөлмелерін жөндеу жұмыстарына жыл сайын Үкімет қаржы қарастырып отырғанын білеміз. Әр мұғалім жұмысқа тұрғанынан бастап мектеп директорына ақша береді, тіпті әр мектептің өзіндік «ставкасы» да бар екен. Шынын айтайын, өз басым алғашқы екі айының жалақысын беремін деп жұмысқа тұрған мұғалімдерді де көрдім, бермейін десе, амал жоқ, жұмыс табу қиын. Орынбасарларын айдап салып мұғалімдерден ақша жинататын мектеп директорлары ақша бермеген ұстаздарды бәрібір соңында қудалап, ізіне түсіп, ілік іздеп, маза бермей, ең ақыры өз еркімен жұмыстан шығатындай халге жеткізеді. Жұмыс уақытында аудандық, қалалық білім бөлімдеріне есеп-қисаптары мен құжат, қағаздарын тасытып, жүгірте беретін директорлар хатшысының қызметін де қарапайым ұстаздарға іліп берген. Шәйі мен кофесін таситын хатшы қыздың жұмысын қоса атқарып жүрген мұғалімдердің ол уақыттарда сабақтары өтіп, балалар бос отыратын да көрінеді. Топ-топқа бөлініп оқуы тиіс балаларды біріктіріп, басқа пәннің мұғалімдері мал баққандай құр қарап отыратындарын мектеп жасындағы балаларымыз үйге айтып келіп отырады. Мұғалімдерден ақша жинау аздай, оқушылардан сыныптың пердесі үшін, мұғалімдер күніне сыйлық алу үшін тағысын тағы деп жинай беру тағы бар. Тіпті еден жуғыштар мен мектеп қарауылының жалақысын оқушылары жинап беретін мектептер де жоқ емес. Естігенімді емес, көргенімді айтайын, биылғы оқу жылы басталмай жатып қыркүйектің бірінші жартысында мектеп жасындағы інім 2 мың теңге сұрап келді. Айтуынша, мектеп басшылығы сынып жетекшісіне қариялар күнінде бір қариядан бөліп беріп, сыйлық аласың деген соң, сынып жетекшісі сол ақшаны балалардан жинап алуды жөн көріпті. Соңында әлгі 2 мың теңгенің 500 теңгесін сыйлыққа, 1500 теңгесін сынып бөлмесінің пердесіне берген, біздер жағамызды ұстадық. Бір сыныпта 30 бала болса, пердеге 45 мың теңге көптік етпей ме? Шыны керек, үйінің төріне мұндай қымбат перде ілмейтін қазекең оқу жылы аяқталғанша әлі қаншама перденің ақшасын жинайды. Айтайын десе, баласы айтқызбай зар илейтін ата-анада амал жоқ. Себебі кейбір мұғалімдер ақша бермеген балаларды тақтаның алдына шығарып, бүкіл сыныптың алдында масқаралайды екен, ал сыныбы ақша жинамаған ұстазды мектеп директоры ұжымының алдында жерден алып, жерге салады. Міне, осылайша бірін-бірі қанаған қауым мектептің ішінде білім алып, білім беріп қана жүрген жоқ. Үйдегі анамның бір ай бойы еңбектеніп тапқан тиын-тебеніне жармасқан мектеп басшыларына деген өкпесі мен балаларға сабақ беруден емес, мектепте жұмыс істегісі келмейтін кездерін көріп, өзің де қиналасың. Осыдан кейін жастарға сапалы білім бер деп ұстаздарға қалай ғана міндет қылуға болады? «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» демекші, білім бөлімдерінде отырғандарға айтқаннан пайда жоқ, себебі олардың да өзіндік «долясы» бар сияқты. Өз басым сол мектептерді атап-атап бермедім, себебі менің де ұстаздардың да қолында дәлел жоқ. Мектеп директорлары жинаған ақшалары үшін мұғалімдерге түбіртек бермейді ғой, өз анам да өзгелердей мектебін ашық жаздырмады. Дегенмен бұл проблеманың бар екенін білеміз және соның дәлелі ретінде ата-аналар мен ұстаздардың Алматы қалалық әкімдігінің сайтында жазып қалдырған кейбір жазбаларын жария етуді жөн санадық:
Альфия Каримова:
– Ассалаумағалейкум әкім мырза! Сізге қояр сауалым: мектеп оқушыларынан ақша жинауға болмайды, оны қаржыландыратын мемлекет дейсіздер! Ал енді бұл сөздеріңізге мектеп мұғалімдері «біз ақшаны мектепке емес, сыныпқа жинаймыз, ремонттап, жаңадан жалюзи мен жиһаз алмаса болмайды. Мұндай жерде қалай баланы емін-еркін оқыта аласыздар деп 10 000 теңгеден жылдың басында бір, сосын аяғында тағы бір жинап алады. Мұны қалай тоқтатса болады? Сонда сынып мектептің сыртында тұрғаны ма?
Айшахан:
– №31 мектепке 18 қарашада комиссия келеді екен, соған әр мұғалімнен коммисияның қалтасына саламыз деп 12 000 теңге жинап отыр. Ал мұғалімдер әр ай сайын осындай ақша жинаса, олардың отбасын,бала-шағасын кім асырайды? Олардың пәтер жалдап тұратыны бар, осы ақша жинау деген қашан тоқтатылады?
Камила:
– Құрметті әкім мырза! Сәлеметсіз бе? Менің сізге қояр сұрағым: «Құлагер» ықшамауданында ашылған жаңа мектептің күзетшілеріне неге жалақы тағайындалмаған? Себебі менің үш балам осы мектепке барады, әр баладан ай сайын 200 теңгеден жинап отыр, алдын ала бір жылға беруімізді талап етті, яғни әр балаға 2400 теңгеден. Сонда үш балам үшін 7200 теңге беруім керек пе? Ал менің жолдасым қайтыс болған, жалғыз маған қиын болады, былтыр бір үйде үш бала болса, тек біреуіне ғана бергенбіз, биыл әр балаға жеке ақша бересің дейді.
№ 105 орта мектеп ата-аналары атынан:
– Құрметті әкім мырза! 2009 жылы бірнеше мәрте қалалық оқу департаменті бастығы Р.С.Шимашеваға өтініш хат жолдаған едік, өкінішке қарай, ешқандай қорытынды болған жоқ. Балаларға білім және тәрбие беру сапасы осы мектеп қабырғасында төменгі деңгейде. Әр бастауыш сыныпта 38-40 оқушы. Мектеп басшысы Қ.С.Адибекова ханымның бүгінгі күні көп көңіл бөліп отырған мәселесі – оқушылардан ақша жинау. Бірінші сыныпқа қабылдау – мың доллар. Алғашқы қоңырауда мектеп есігін ашқаны үшін – 50 мың және ай сайын – 10 мың теңге. Ақылы дайындық, қосымша сабағы бір балаға 25 мың теңге. Әділ шешім шығарсаңыздар екен.