Мектеп директорлары менеджерлік қабілетін шыңдады
Білім беру саласын 2050 жылға дейін дамытудың басым бағыттары айқындалған Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндеттерге және «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес, қазіргі кезде білім беру қызметкерлерінің біліктілігін көтеру және қайта даярлау саласында түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының негізгі стратегиялық бағыттарына сай, Республикалық педагог кадрларының біліктілікті арттыру институтында да көптеген жаңашылдықтар қолға алынуда. Ең бастысы, Республикалық педагог кадрларының біліктілікті арттыру институтының функциясы педагогтің инновациялық технологияларды пайдалана білу қабілетін дамыту ғана емес, олардың жаңа әдістерді өзі таба алатын, жаңғыртулар мен даму тенденцияларына сай өзінің кәсіби қызметіне рефлексивті өзгерістер енгізе алатын кәсіби құзыреттілігін дамыту болып табылады. Соның бірі – дамыған елдердің тәжірибесіне сай басшы кадрларды менеджмент бағытындағы біліктілікті арттыру курстарының мазмұнын жаңалау.
Осы орайда, 2013 жылдың наурыз айының 4-15-і аралығында өткен мектеп директорларына арналған «Білім беру мекемелерін басқаруға жүйелі көзқарас» тақырыбындағы курстың мазмұнына тереңірек үңілсек, бірқатар жаңашылдықтар енгізілгенін байқауға болады.
Біріншіден, екі апталық курстың мазмұнында 32% ғана теория болса, ал қалған 68% практикаға бағытталды.
Екіншіден, теорияның өзі әлемдік тәжірибеде орын алып отырған интерактивті технологиялар негізінде берілді, яғни институттың профессорлық оқытушылық құрамы жоғарғы деңгейде жаңашыл технологияларды игергенін көрсете білді.
Үшіншіден, практикалық бөлімі тәжірибелі менеджердің басшылығымен өтуіне аса көңіл аударылды. Алматы қаласының №159, №148 мектеп гимназияларының директорлары – Қазақстанның Еңбек Ері А.Т.Миразова, Халықаралық менеджер басшы сертификатының иегері Ф.М Алиакпарова сияқты басшылардың білім беру саласындағы іс-тәжірибелерімен арнайы бағдарлама негізінде жұмыс істесе, №39 С.Ходжиков атындағы лицей директорының бір жұмыс күнін видеоға түсіріп, талдауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы жекеменшік «Бейіндік мектеп», «БЭСТ» жекеменшік мектеп өте жүйелі түрде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту мәселелерінің жолдарын ашып көрсетті.
Төртіншіден, тыңдаушылар саны 38 болғандықтан, жалпы топ бірнеше шағын жинақталған топтарға бөлінді, әр топ өз бағдарламасымен жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Біреулерін қала мектебінің іс-тәжірибесі қызықтырса, екіншілері ауыл мектебін таңдады. Сол себептен Алматы облысының Қарасай ауданының екі мектебі таңдалды. Қарасай мектебі құндылықты басқаруды, Кэмбридж технологияларын игерген ұстаздардың сабақтарын және ақпараттық коммуникациялық технологияларды ауыл мектебінің пайдалану тәжірибесін алға тартса, ал мектеп-гимназия ауыл мектебінің жаңа моделін көрсете алды, себебі ол – ҚР Президенті ұсынған жоба негізінде салынған алғашқы гимназия. Нәтижесінде «... ғылым мен практика өз орнын тапқан, тиімді ұйымдастырылған курс болды» деп тыңдаушылар өз ризашылықтарын білдіріп жатты.
Бесіншіден, бірінші күннен-ақ тыңдаушымен кері байланысты орнату бағытында тыңдаушының жеке кітапшасы енгізілді. Оның басты мақсаты – тыңдаушылардың өз бетімен жұмыстарын күшейте отырып, өзіндік дамыту бағдарламасын таңдауға мүмкіндік туғызу.
Әр топ өздері таңдаған төменде аталған тақырыптар бойынша презентация даярлап қорғай білді. Олар: «Білім беру жүйесі – ашық жүйе», «Білім беру ұйымы менеджері», «Мектеп және қоғамдық байланыстар», «12 жылдық білім беру үрдісіндегі оқушының моделі», «Жаңа формация педагогі» т.с.с.
Тыңдаушылар пікірі
Зылиха Ақшауова, мектеп директоры (Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы):
– Курс өте жақсы өтті. ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасымен егжей-тегжейлі танысып, көптеген мәселелерге басқаша қарауды үйрендім. Әсіресе мектепті дамытуды басқару, ақпараттармен жұмыс істеу, ҰБТ-ға әзірлеудің механизмдерімен таныса отырып, ұжымның психологиялық ахуалын әртүрлі тренинг, коучинг, іскерлік ойындар арқылы қалыптастыру жолдарын үйрендім. Бұл мен үшін жылдың бір тамаша кезеңі болды. Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институты (ББЖ КБАРИ) профессорлық оқытушылық құрамына мың да бір рақмет.
Нұрбике Шалабаева, мектеп директоры (Павлодар облысы Лебяжье ауданы):
– Бұл теория мен практиканың кездескен курсы болды. Мен үшін бұл бақытты кезең, себебі ББЖ КБАРИ-дің тамаша білімді де парасатты адамдарымен кездескен сәт. Менің менеджер туралы мынандай ассоциациям қалыптасты:
Жұмылдырып бір іске бар ұжымын,
Танытатын құзырлықпен тұлымын.
Бағыт беріп, сенімділік арттырып,
Бәсекеге қабілетті ел құлымын.
Қиындықтан қорықпайтын
ешқашан,
Шыншыл, әділ, толерантты
сондай жан.
Көзқарасы позитивті әрқашан,
Қызметіне әрдайым ол адал жан.
Боранбек Лесбеков, мектеп директоры (Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы):
– Теориялық біліммен қатар, практика жүзінде мектептерді, тарихи-мәдени орындарды көріп, көп рухани азық алдық. Алматы мектептерінің ең бірінші безендірілуі, тазалығы, құжаттардың бірізділік жүйе негізінде құрылған қоры тамаша әсер қалдырды. Қазақстанның барлық мектептері осындай болса деп таңдай қақтық. Курс өте жоғары деңгейде өтті. Жетекшімізге, оқытушылық құрамға, бізді қабылдаған мектеп директорларына мың да бір алғыс айтамын.
Ризабек Кәкпенов, мектеп директоры (Солтүстік Қазақстан облысы Петропавловск қаласы):
– Курс нәтижелігі тыңдаушылардың сұранысын қанағаттандыру болса, бұл тұрғыдан институт қызметкерлері қомақты іс атқаруда, әсіресе бірінші кіріс диагностикадан бастап, курс бағдарламасына өзгерістер енгізуге дейін дұрыс жолға қойылған оған күнделікті кері байланыс та жүйелі деңгейге қызмет атқаруда. Ең бастысы, біліктілікті арттыру жүйесінің үш компоненті де жақсы қойылуға тиістілігі қарастырылған, олар: курста оқу, курсаралық кездегі әдістемелік және өз бетімен жасалатын жұмыстар. Яғни курстан кейін көптеген тапсырмалар арқылы біліктілікті арттыруға мүмкіндіктер қарастырылған. Ол бағытта курс соңында барлығымыз электрондық негізде курс мазмұнына сай презентациялармен қорымызды толықтыра отырып, практикаға енгізу бағдарламаларымен қамтамасыздандырылдық. Институт қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз.
Осындай пікірлерді әр тыңдаушының кері байланыс дәптерінен оқуға болады.
Нәтижесінде тыңдаушылар өз жұмыстарын «Бес саусақ» технологиясы негізінде бағалады. Оның мақсаты – біліктілікті арттыру үрдісіндегі іс-әрекетін белгілі параметрлер бойынша бес баллдық жүйе арқылы өзіндік бағалау. Ондағы параметрлер: білім, мақсатқа жетуі, ішкі сезім, жеке үлес, денсаулығы. Бірінші, екінші, үшінші параметрлер бойынша жоғары көрсеткіш байқалса, ал төртінші, бесінші параметрлер бойынша әлі өзімен жұмыс істеу керектігі анықталды.
Республикалық біліктілікті арттыру институтының бастап отырған жаңа істері көп кешікпей өз нәтижесін беретініне сеніміміз мол.
Г.Қ. МЕҢДІҒАЛИЕВА, Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институтының менеджмент және ақпараттық технологиялар кафедрасының профессоры