Қызыл кітапқа енген дүниелерге қырғидай тиетін әдеттен арыла алмай-ақ қойдық. «Ит қорыған жерге өш» демекші, басқа аң-құс, басқа жәндік құрып қалғандай Қызыл кітаптан орын алған, өзі де жойылудың аз-ақ алдында тұрған тіршілік иесіне кегіміз кеткендей тиісетініміз несі екен?
Шілденің аяқ кезі. Марқакөлге бармақ ниетпен такси іздеп автобекет басына келдім. Барар бағытын айтып шу-шу еткен таксистердің бірінен «Марқакөл, Күршім жаққа баратын такси бар ма?» деп сұрадым.
– Ешкім жоқ. Ол жақтың таксистерінің бәрі құртта жүр, – деді.
Расында да, ешкім жоқ екен. Алайда «Құрты несі?» деген сауал санаға маза бермеді. Содан не керек, ақыры Марқакөлге де жол түсті-ау, әйтеуір. Құрттың не екенін, таксистердің бәрінің неге құртқа кеткенін сонда анық түсіндім.
Бұл қай жұрттың құрты екен?
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл құрт Алтай тауының биігінде өсетін тау шымылдық (шұғынық деп те атайды) атты гүлдің тамырының маңайын мекен етеді екен. Бұл құрттың құдіреті неде дейсіз ғой? Бұл құртты Қытайда рак, сүйек құрылысы, өзге де ауруларға қарсы ем ретінде пайдаланады екен. Содан болар оның бағасы да удай. Бірден айтайық, Алтай тауында, оның ішінде Марқакөлдің Қаба өңірінде ғана кездесетін бұл құрттың басты тұтынушысы әзірге қытайлықтар болып тұр. Біздікілер Қызыл кітапқа енген тау шымылдық гүлін қорғағанның орнына қорлап, оны тамырымен қоса қопарып, түбіндегі құртын қазып, соны өткізгеніне мәз.
Көпті көрген көнекөз қариялардың сөзіне сенсек, бұл гүлдің түп мекені – Қытай елі. Оның ішінде Хынан өлкесінің Лояң қаласының тұрғындары таушымылдық гүлін айрықша қадірлейтін көрінеді. Тіпті бұл қалада 1982 жылдан бері жыл сайын осынау гүлдің құрметіне сәуірдің 15-і мен 25-і аралығында «Лояңның таушымылдық гүлі мерекесі» атты арнайы мереке ұйымдастырылады екен.
«Гүлдердің патшайымы» саналған таушымылдық экономикалық құндылықтарға да ие. Таушымылдық тамырының қабығы ( – данпи ) жайшылықта шөп дәрі ретінде үнемі қолданылады, ыстық қайтару, қан қысымын төмендету, қан жүргізу, ұйыған қанды тарату сияқты шипалық рөлі бар; оның гүлінен арақ ашытуға болады; таушымылдық тұқымын машинада тартып өнеркәсіптік май ретінде пайдалануға болады, оның қолданылым аясы аса кең» деп жазады Қытайдағы қандасымыз Екпін Сабырұлы бұл гүлдің қыры мен сырын тәптіштеген бір мақаласында.
Орыстар бұл гүлді «марьин корин» немесе «пион уклоняющийся» деп атайды. Бұл гүлдің атауына қатысты орыс ғалымдары мынадай бір қызықты деректі алға тартады. «Бұл гүлдің атауы белгілі грек емшісі Пеонның есімімен тығыз байланысты. Ол Троян шайқасы кезінде жауынгерлерді осы гүлдің құдіретімен емдеген.
Шәкіртінің мұндай айрықша қарым-қабілетін көре алмаған ұстазы, дәрігер Эскулап оны осы гүлмен уламақшы болады. Алайда адамдарға жақсылық ойлаған Пеонға Тәңірінің мейірі түсіп, оны өмір бойы адам жанына араша түсуші әдемі гүлге айналдырған деседі» деп жазады орыс ғалымдары өздерінің жазбаларында.
Сібірдің халық емшісі А.В.Емельянцев өзінің бір еңбегінде тау шымылдық гүлінің тамырын Сібір тұрғындары емдік дәрі ретінде ғана емес тұрақты ауқат ретінде пайдаланатынын, аштық жылдарында гүлдің тамыры талай адамды ажалдан алып қалғанын тамсана жазады. Сонымен қатар емші Моңғолияда бұл гүлдің тамырын қайнатып, кәрілікті жеңу, организмнің қуатын арттыру бағдарында пайдаланатынын айтады.
Алайда қазақ «Қызыл кітапқа» енген бұл гүлдің қадіріне әлі жете қойған жоқ. Табиғаттың тұнық дүниесін қорғағанның орнына қол салудан аса алмай отыр.
Құрт бизнесі қызып тұр
Жергілікті тұрғындардың сөзіне сенсек, құрт жинау науқаны 2010 жылдың көктемінен басталған көрінеді. Құрт жинаудың да өз уақыты, өз аймағы бар. Кез келген уақытта жинай алмайсың, сен іздеген «бақыт» кез келген гүлдің астынан табыла бермейді. Білетіндердің айтуынша, құрт жинау мерзімі – көктем мен күз мезгілі.
Құрт жинауды ойлап тапқан, өңірдегі халыққа әдіс-тәсілдерін үйреткен Қытайдан келген оралмандар деседі жергілікті жұрт. «Құрттың қандай гүлдің астында мол болатынын, қандай гүлде болмайтынын да білетін солар. Бізге бәрін солар үйретті. Әйтпесе құрт дегенің өңіміз түгіл түсімізге кірмейтін дүние еді» дейді жергілікті тұрғындар.
Басқа өңірлерді қайдам, Марқакөлдің Қаба өңірінде құрт дегенің қып-қызыл бизнеске айналып тұр қазір. Әсіресе жаз маусымында құрт қазу науқаны қыза түсетін көрінеді. Жергілікті тұрғындарды қойып Астана, Алматы, Қарағанды секілді еліміздің өзге де қалаларынан арнайы келіп (отбасыларымен келіп жатқандар да бар), жата-жастана құрт қазып жатқандар да бар екен.
Бұл жыбырлақ бәлеге жұрт неге соншалықты үйір дерсіз, бәлкім. Бар гәп оның бағасында болып тұр. Жергілікті тұрғындардың сөзіне сенсек, жергілікті саудагерлер бұл құрттың келісін бастапқыда 300 мың теңгеден қабылдаған. Қазіргі құны 450 мың теңге шамасында. Зайсандағы шекараға жеткенде құрттың бағасы тіпті аспандап кететін көрінеді. Қытайдағы бағасы тіпті қымбат. Қытайда бұл құрттың келісі 8 мың АҚШ доллары (!) шамасында деседі жұрт. Бәлкім, одан да жоғары.
Бір қызығы, құрттың арқасында жергілікті тұрғындар әлеуметтік жағдайын оңдап, қоңданып, қорланып алған секілді. Осы кәсіптен еншісін айырып, байып, асып-тасып кетпесе де қомақты қаржы жинаған тұрғындар бар. Мәселен, осы өңірдің бір тұрғыны бір жазда құрт қазудан 16 мың АҚШ долларын тапқан. Құрт жинап тойын өткізіп жатқан тұрғындар да бар көрінеді.
Өкініштісі, сол құртқа құныққандар «Қызыл кітапқа» енген тау шымылдық гүлін түбірімен қопарып, табиғаттың төл баласының тамырына балта шабуын доғарар емес. Оларға «қой дейтін қожа, әй дейтін ажа» де табылмай тұр әзірге. Бұл іске құзырлы орындар тарапынан қашан тыйым салынары әзірге белгісіз. Белгілісі – құрт жинаушылардың саны күннен-күнге артып, тұмса табиғаттың тұнығынан айырылып бара жатқандығы. «Қызыл кітапқа» енген, мың да бір науқасқа ем боларлық тау шымылдық гүлінің түп-тамырымен жойылып бара жатқандығы. Бізді алаңдататыны – осы.
Марқакөлдегі сапар кезінде осы аумақтың орман шаруашылығына жауапты азаматтармен тілдесудің сәті түскен-ді. Олар құрт жинаушылар қатарының қалың екенін, алайда орманшылардың оларды құрықтауға шамасының жетпей жатқанын айтқан-ды. Сондықтан бұл мәселе облыс тарапынан назарға алынса тиісті нәтижеге қол жеткізер едік деп ойлаймыз.
Серікбек ҚАШҚЫМБАЕВ, Шығыс Қазақстан облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары:
– Біздің басқарма құрт қазу оқиғаларына байланысты тиісті іс-шараларды қолға алып жатыр. Мәселен, тамыз айында Марқакөл орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесіне жедел топ өкілдерін жібердік. Орманшылармен, Марқакөл табиғи қорығы инспекторларымен және Теректі учаскелік инспекторларымен бірге бірлескен іс-шаралар жүргізілді. Жедел іс-шаралар кезінде құрт қазумен шұғылданып жүрген 30 адам ұсталып, әкімшілік заңбұзушылық жөнінде протокол толтырылды. Дегенмен құрт қазумен айналысушылар легін азайту үшін бұл іс-шаралардың өзі жеткіліксіз деп білемін. Сондықтан біз облыстық табиғатты қорғау прокуратурасына, орман және аңшылық шаруашылық аймақтың инспекциясының бастығына, облыстық Ішкі істер департаментінің ветеринарлық полициясына бірлескен рейдтер өткізу жөнінде өтініш хат жолдадық.
Ермек БАҒЛАНҰЛЫ, Марқакөл мемлекеттік мекемесі орман шаруашылығы директорының орынбасары:
– Біздің инспекторлар рейдке шығып, тексеріп жатыр. Алайда орманшылардың саны аз болған соң, құрт қазушыларды құрықтауға шамамыздың жетпей жатқаны рас. Аумақ үлкен. 150 мың гектарға қырық адам ие бола ала ма?
Бұған дейін құрт қазып жүрген бірнеше адамды ұстап, айыппұл салдық. Алайда барлығына бірдей тоқтау сала алмаймыз. Бұған адам саны қолбайлау болып отыр.
Мамырбек ЖАЛЫНХАНОВ, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:
– Бұл мәселені біз бақылауда ұстап отырмыз. Аудан әкімінің бастамасымен арнайы кеңес құрылды. Кеңес құрамына аудандық ішкі істер бөлімі, Марқакөл мемлекеттік қорығының мамандары мен мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мамандары енгізілді. Қазіргі уақытта бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Марқакөлдіктер құрт теріп кетті
Последние статьи автора