Шұбаттан шу шыққалы тұр! Өйткені, кәдімгі шұбат ауыр дерттерге, тіпті қатерлі ісікке де шалдықтыруы мүмкін екен. Маңғыстаулық түйелердің сүтін екі жыл бойы зерттеген тәуелсіз экологтар осылай деп дабыл қағып отыр. Бірақ мұның рас-өтірігін тиісті мемлекеттік мекемелер тексермеген. Себебі, біздің мамандардың қолынан сүттің қышқылдығы мен ондағы түрлі бактерияларды айырғаннан өзге ештеңе келмейтін көрінеді.
Осы уақытқа дейін біраз аурудан айықтырады делініп келген шұбатқа экологтар күмәнмен қарап отыр. Олар түйе сүтін зерттеп, құрамынан адам денсаулығына қауіпті заттарды тауыпты. Қатарында тіпті мырыш та бар. 200-дей түйенің сүтінен сараптама алып, шетелдік зертханаларға жіберген экологтар қорытындыны естігенде естерінен танып қала жаздаған.
Кирилл Осин, эколог:
-Барлық сүттің құрамы органикалық тұрғыдан ластанған. Мұндай сүтті ішкен адамның ағзасына токсиндер жылдар бойы жинала береді де, уақыт өте келе денсаулығы нашарлай бастайды. Қан азайып, тіпті қатерлі ісік те пайда болуы мүмкін.
Өйткені қазір мал жайылатын таза жер жоқ. Жайылымның орнын күл-қоқыс басқан. Одан қалды, айнала мұнай кен орындарынан қалған зиянды карьерлер мен радиацияланған аумаққа толы. Сол себепті төрт түлік улы жем-шөп жеп, су ішуге мәжбүр. Ал мамандар улы заттар тек сүттің емес, еттің де құрамында бар дейді. Бірақ мыңдаған түйе өсіріп, пайда тауып отырған шаруа қожалықтары бұған сенгісі жоқ.
Сахан Мүлкібаев, шаруа қожалығы иесінің орынбасары:
-Біздің түйелердің жайылып жатқан жері - таза, экологиялық таза аймақ болып есептеледі. Себебі, бұл жерде ешқандай өндіріс орны жоқ. Тек қана жайылымдық жерлер, жұрттың не айтып жатқанын мен қайдан білейін, ата-бабамыздан бері пайдаланып келе жатқан сүтіміз осы біздің.
Шұбаттың ағзаны жасартып, өкпе дертінен айықтыратын қасиетін басты орынға қойған шаруалар түйелерінің таза ауамен тыныстап, шүйгін шөпті қорек ететінін айтып отыр. Сондықтан оның зиянды болуы мүмкін емес екен. Ал шұбатқа қатысты шу шығарған экологтар бұл мәселеге Үкімет араласуы керек дейді.