Біздің қазақ лақап ат қоюға шебер ғой. Әсіресе, ауылдық жерде еш ойланбастан адамның жеке басының кемістігіне қарай қосалқы атты жапсырып кеп жібереді. Біздің ауылдағыдай «Таз Көкеш», «ақсақ Сәния», «шолақ Төлен» деген есімдер кез келген ауылда бола береді. Және оны қазекем заңдылық сияқты қабылдап, оғаш көрмейді. Лақап аттарға қатысты қызық жайттарды бүгін «Алаш айнасы» оқырмандарына әңгімелеп берейін.
Мен барлықбаласының лақап аты бар бір отбасыны білемін. Ондағы қыздың үлкенін «Әлпеш» дейді. Одан соңғылар Қасқыр, Негр, Таз, Көжек, Маймыл деп кете береді. Олай деп, әрине, бірінің түр-сипатына, енді бірінің мінезіне қарап атаса керек.
Бір күні менің қалада жатақханада тұратын әпкеме ауылдан Қалдыбек атты сыныптасы келеді. Жоғарыдағы бөлмеге көтерілген ол: «Қымбат, астына түсіп келші. Вахтадан «чекушканы» өткізбей тастады, сен алып келші», - депті. Әпкем вахтаға барса, үстел үстінен ешбір шөлмек көрінбепті. Сөйтсе, есіктің жанында бойы бір қарыс болып Бейсен атты ауылдасымыз тұр екен. Қымбат «чекушка» сөзінің төркінін сонда ғана түсініп, ішек-сілесі қатып тоқтай алмай күліпті.
Неге екені белгісіз, біздің бір сыныптасымыз «хохол» атанып кетті. Кезінде мұғалімдеріміздің өзі сабақта тыныш отырмаған балаларға ат қоя беруші еді, әлде сабақта бірдемені қате айтқаны үшін солар қойды ма – ол жағы беймәлім. Сол «хохол» Рамазан айында бір күні біздікіне келді, аздап сыра ішіп алыпты. «Өй, оразада кісі сыра іше ме екен?» - деп едім, «мен қазақ емеспін, хохолмын ғой, маған бола береді», - деп, сөзден құтылып кетті.
Мектепте көзілдірік киетін ұстазымыз болды, жұбайы да мұғалім еді. Ол екеуін бірінің көзілдірігі мен екіншісінің бетіндегі секпіліне қарап оқушылар «соқыр әтеш, шұбар тауық» атандырып жіберді.
Негізі, лақап аттың әдеби шығармадан қойылғаны жақсы еді. Ондайды өз басым бір-ақ рет көрдім. Бір сыныптасымызды судыратып сөйлеуіне қарай апайымыз «Судыр Ахмет» атандырып жібергені бар.
Әкімдерде де лақап ат болады. Біздің ауылдың әкімінің лақап аты – «Пополам». Өйткені ол өзіне өтініш жасап барған адамның бәріне «пополам» дейді екен. «Жартысы – маған» дегені ғой. Сол сияқты, қалада әкімдікте жұмыс істейтін құрбым бірде әкімнің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасарын басқа орынбасарлар «колхозник» деп атайтынын айтқан-ды.
Лақап аттар жан-жануарларға ғана емес, тарихқа да байланысты қойылады. Мәселен, көрші ауылда «Перестройка» атты келіншек бар. Олай аталу себебі: ол сонау қайта құру жылдары кіммен әңгімелессе де сөз басын «қазір перестройка емес пе» деп бастайды екен.
Шашы қап-қара, бұйра-бұйра, мұрны қолақпандай жездеме өз атын атап «Ерғали!» десең, ешқашан селт етпейді. Өйткені оның өмір бойғы үйренген аты – Айдаһар. Ауыл адамдары оның Айдаһардан басқа аты бар деп ойламайды да.
Елді мекенде де лақап ат болатынын кім көрген? Мәселен, Миялы ауылын былайғы жұрт Санта-Барбара дейді. Өйткені ондағы біреулердің жүріс-тұрыс, қарым-қатынастары сол кинодағыға ұқсап кетіпті. Ал жаңағы Айдаһар тұратын көше «Зоопарк» деп аталады. Оның себебі сол көшеде Айдаһардан басқа, Шүрегей, Тырна деген «құстар» да мекендейтіндігінде болса керек.
«Неміс», «шешен» деген лақап аттарды да кездестірдік. Бұлар, енді, адамдардың бір тиянақтылық немесе ширақтық, үнемділік қасиетіне қарай қойылған атаулар. Мысалы, Бағлан деген бауырымды жұрт «неміс» деп атайды. Себебі Бағлан уақытпен жүріп-тұратын, қалтасынан жөн-жосықсыз ақша шығара қоймайтын тиянақты адам.
Біздің ауыл өз айналасы жетпегендей, сонау Алматыдағы әншілерге де ат қоятын болыпты. Ана бір шашы ұзын, мойны да, бойы да ұзын әншіні «зубочистка» деп кетті ақыры.
Көпшілікке жайылмаған, белгілі бір ұжымда немесе ортада, яғни, тар шеңберде қолданылатын лақап аттар болады. Ветеринарлық салада еңбек ететін бір ағамыздың арасында қолына қалам алып өлең жазатын өнері бар екен. Шабыты тасығанда ол кісі айналасындағы құбылысты таңдамай-талғамай өлеңге қоса береді. Бір күні ол өз мамандығына қатысты, малды қолдан ұрықтандыру ісіне қатысады. Сөйтіп, көрген-білгенін өлең етіп газетке жолдапты. Өлең дегеніміз артық болар, ойын ұйқастырып, шумақ-шумақ қылып жазыпты. Әлгі өлеңнің ішінде «ұрықты катетермен салды-дағы» деген жол бар еді. Осыдан соң ағамызды біраз адамдар «катетер» деп атап кетті.
Ауылымызда телебағдарламалар мен сериалдарға қатысты да есімдер баршылық. Мәселен, тау жақта тұратын, бертін ғана көшіп келген Беріктің сырнаймен ән айтатынын білгенде, ойланбастан біздің жастар оны «Әнші балапан» атандырды. Дәрігер Хамит «доктор Гомес» болып кетсе, тігінші Рахима «просто Марияға» айналды. Ал жүргізуші Ақанды «әкім» дейді. Өйткені ол – әкімнің шопыры. Өзін тәкаппар ұстап, ылғи да жұмысбасты болып шаршап, ешкіммен сөйлесуге қолы тимей жаны «қиналып» жүргеніне қарап көпшілік оны «әкім» деп атауды лайықты санапты. Өмірден «полковник» атанып өткен марқұм көршім Сұңғатты шынымен де полковник шешіне ие болған адам шығар деп ойлайтынмын. Бірақ ол кісі әскерде де болмапты. Шамасы, өктем сөйлейтініне қарай ие болған болуы керек әлгі атқа. Ал анадайдан Еркін келе жатса, «Катюша келе жатыр» дегенді естисіз. Өйткені Еркін қай тойда отырса да, «Катюшадан» басқа әнді шырқамайды.
Негізі, Құран кәрімде: «...Бір-біріңді міндемеңдер, жаман ат тағыспаңдар»,-деп әмір етілген. Яғни, шариғат бойынша лақап ат қою - тыйым етілген әзіл-оспақ түрі. Адамға естісе жақтырмайтын және ел алдында масқара ететін ат беруге болмайды. Адамның өзінің діндес бауырына лақап ат қоюы әдепке жат және араздықты тудыратын жайт саналады. Алайда адамның түр сипатын суреттеу мақсатында айтуға болады. Мәселен, «қай Әлиді айтып тұрсың?» дегенде «ұзын бойлы, қара торы Әлиді» дегендей.
Әйтсе де, қарап отырсаң, ат қоюдың өзі бір өнер сияқты кейде. Дәл қойылған аттарды естіп айызың қанады. Ондай «өнер», әсілі, әр ауылда бар шығар. Қызық-қызық лақап аттар болса, айта отырыңыз, ағайын!
Лақап атыңыз кім?
Последние статьи автора