Күшті мемлекет азаматтарын азаптан арашалап алады
Қарашаның қарлы боранына барлыққан тікұшақ көкке инелікше ілініп тұрып қалды да биік таудың қолтығын ықтап, көбік қарға қонжия салды. Желмен алысқан тікұшақтың қалшылы ішіндегі журналистерге жеткендей, бәрі бастарын көтеріп, сұраулы жүзбен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа қараған. Облыс картасын алдына жайып тастап, әңгіме айтып отырған әкім: «Е-е, мұндай дауылда бұл қалыпты жағдай ғой. Әйтпесе, осы сегіз айда біз не көрмедік?
Қонатын жер таппай аспанда ілініп қалып, не түк көрінбейтін қараңғыда жерді қолмен сипағандай болып ұшып, жанымызды шүберекке түйген уақыттар болған. Бізді қойшы, ең алдымен ел аман, бір де бір адам тасқын судың астында қалған жоқ. Біздің ең үлкен жеңісіміз, міне, осы» дейді жайбарақат. Шынында да, өткен қаһарлы қыстың әлегі 40 жыл әңгіме болары анық. Әсіресе Шығыс Қазақстан өңірі 40 градус суықта қыстың қылышын жалағандай күй кешті. Толассыз жауған қардың мөлшері жеті еселеп, кей жерде оның қалыңдығы жеті метрге жеткен көрінеді. Көктемдегі тасқыннан кейін келген премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев көлеңкеде ерімей қалған қардың қалыңдығын көріп: «Мен солтүстіктегі Қостанайда біраз тұрдым. Бірақ мынадай қарды көрген жоқпын», – депті. Биылғыдай қалың қар мен алай-түлей тасқынды Өмекең ғана емес, түп-тұқияннан осы жерде өсіп-өнген қариялардың өздері де көрмеген болып шықты. Тіпті «айтыла-айтыла аңызға айналған 69-жылдың қысы да биылғыға астар болмайды» деседі ақсақалдар. Ұлан-ғайыр даланы құрсаулаған сол жеті метр қалың қар көктемде екі күнде ери салып, баратын жер таппай аласұрған ғой. Сөйтіп, жеті ауданның жерін жайпап, елу екі елді мекеннің апай-топайын шығарған. 618 үйді шайып өтіп, 450 шаңырақты бір жамбасына шоңқитып кеткен. Тасқыннан зардап шеккен аймақтың кеңдігін көзге елестету тіпті мүмкін болмағандықтан, облыстың картасына салып, жинап сөз етіп отырмыз.
Сегiз ай бұрын
Ауылдың көшесі осылай тасып жатты
Топан судан кейін...
23 мың бас мал қырылды
Тасқын аздан соң жолды шайып кетті
Қалың қардың астында жан алып, жан беріскен ауыр күндер
Су астында бірде-бір адам қалған жоқ
Көкжыра ауылында сау үй қалмады
Осыдан сегіз ай бұрын жағдайдың қандай қиын болғандығын осыдан-ақ ұға беруге болатын тәрізді. Әйтеуір, облыс басшылығы, жергілікті әкімдіктер, төтенше қызмет пен әскерилер тізе қоса қимылдап, құтқару штабтарын құрып, топан судан 12 мың адамды аман алып қалды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, өткен қыста басталған құтқару жұмыстары сегіз ай бойы толас таппаған. Өйткені 12 мың адамның барар жер, басар тауы қалмады. Бар сүйенері – елі, мемлекеті. Мемлекеті өз азаматтарын азаптан арашалап алып қалуға тиіс болды.
Облыстағы тасқын жайлаған аймақтың картасын қуалап келе жатқан тікұшағымыз алдымен Тарбағатай ауданындағы Жәнтікей ауылына тізгін тартты. Біз жазық далада үр жаңа үйлері қаздың балапанындай қатар түзген, көшелері сымдай тартылған қалашыққа тап болдық. Тасқынға тосқын болған ауыл қайда? Топан су басқан 191 үй еңісте, 500 метр төменде қаңырап жатыр екен. Қыр басынан тура сол ауылдағыдай 191 жаңа үй салыныпты. Жәнтікей ауылы 100 пайыз жаңарған. Емханасы, поштасы, мектебі жаңа.Әр үйдің ауласында құдық бар. Ауылға құбыр жүргізу келесі жылғы жоспарда тұр. Облыс әкімі мен журналистер тобын ардақты аналардан құралған кимешекті апалар ансамблі ән салып қарсы алды. Жағдайлары жаман болса, ән салар ма еді деп ойлайсың!
«Бала, бала, баламыз,
Бала – болашағымыз!
Қамқор болған басшылар,
Аман-есен болыңыз», – деп әндетіп тұр апалар. Ауыл болып қоныстойын тойлап жатқан ауыл – бұл.
Мұқан Сахариев, Тарбағатай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Қарағым, несін айтасың, барлық қиындық артта қалды. Бүгін біздің Үкіметтің нығайып өсіп, қуатты мемлекетке айналғанына көзіміз жетіп отыр. Ел басына күн туғанда бізбен бірге болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз. Біздің жағдайымызды үнемі бақылауда ұстады. Қомақты қаржы бөлдірді. Сол қаржының орнымен жұмсалып жатқанын көзімізбен көріп отырмыз. Қу медиен далада бес айда жаңа қала пайда болғанын тіпті күшті Кеңес Одағының кезінде де көрмеген едік. Енді, міне, қыс түспей тұрып қоныстой тойлап жатырмыз. Бүкіл еліміз үшін тарихи оқиға деп бағалаймын мен бұл күнді.
Ақсақалдың бір ауыз лебізі бізге терең ой салды. Жарты жыл бұрын табиғаттың тентек мінезінен зардап шеккен жұрт бүгінгі тойын мемлекетінің жетістігі, оның нығайғанының белгісі деп біледі екен. Мән беріп көрсек, шынында да, солай ма дейсің. Осыдан 20 жыл бұрын Зайсанда жер сілкініп, ауылдар қатты қираған болатын. Жергілікті жұрт дәл биылғыдай аспанға қарап, алақан жайып қала берген. Ал сол зілзала соққан қара орман қазақты құтқару жұмыстарының қалай жүргенін ел ұмытқан жоқ. Мәскеу «қыңқ» демеді. Уәдені үйіп-төккендердің қарасын қайтып ешкім көрмеді. Ырғап-жырғап жүріп салынған үйлердің есігін жапса, терезесі түсіп жатты. Бұл деректерді салыстырып айтып отырғандар да – сол Тарбағатай ауданының тұрғындары. Олар сегіз айда қандай өзгерістің болғанын көздерімен көріп отыр.
Иә, сапа демекші, Бердібек Сапарбаев әрбір ауылға ат басын тіреген сайын құрылыс сапасын қадағалау комиссиясының төрағасын шақырып алып: «Егер үйдің сапасына көңілдерің толмаса, актіге қол қоймаңдар. Алдымен сол үйдің иесі қабылдап алсын. Оның талабы болмаса ғана актіге қол қоясыздар», – деп талап етеді.
– Біз құрылыс компанияларының 5 пайыз қаржысын бермей отырмыз. Қар жауып, аяз соқпай тұрып 618 үйді салып бітіріп, 450 баспананы күрделі жөндеуден өткіздік. Үш білім ордасы мен төрт емхана салынды. Бірақ сапа дейтін дүниені ұмытуға болмайды. Барлық нысандарды комиссия қабылдап алады, актіге қол қояды. Сол кезде қаржысын төлейміз, – дейді Бердібек Сапарбаев. Мемлекет дегеніміз тек үйіп-төгіп қаржы беру ғана емес, тапсырыстың мемлекеттік деңгейде орындалуын талап ету болып шыға келеді екен сонда. Тарбағатай ауданындағы Көкжыра елді мекені де толықтай су астында қалған-ды. Көкжыра ауылы да бүтіндей жаңарған. Бұл ауылға 210 жаңа үй салыныпты.
Айман ҚҰНАФИНА, көп балалы ана:
– Осыдан сегіз ай бұрын қатты күйзеліске түстік. Сол кезде облыс басшысы келіп, бізге жігер беріп: «Баспаналы боласыздар, қырылған мал да орнына келеді. Тек еңселеріңіз түспесін», – дегенде оның сөзіне сенген адам аз болатын. Күдік пен күмән басым еді. Енді, міне, сол күдіктен жұрнақ та қалған жоқ. Жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанып жатыр. Бұл – біздің мемлекетіміздің қуатының көрсеткіші. Елбасының қамқорлығы деп түсінеміз. Бізге қанша министрді, қанша басшыны бірінің соңынан бірін жіберді. Елім деп еңірейтін ерлер бар екен бізде. Облыс әкімі біздің ауылға биыл 13 рет келді. Ондай жігер мен ұмтылыс бар жерде істің жүретініне әбден көзіміз жетті. Енді осы жаңарған ауылдарды дұрыстап жұтынтып ұстау біздің өзімізге байланысты.
Қарғыба өзенінің бойындағы республикалық маңызы бар көпірдің үстінде тұрмыз. Тарбағатайға сыймай, лықсып шыққан топан су өзен бойындағы бірнеше көпірді көтеріп тастап кете беріпті. Міне, сол Зайсан өңірін Аягөз қаласына жалғайтын күре жол бойындағы екі көпір де салынып бітіп, пайдалануға берілді. Жалпы, көктемгі тасқын 21 көпірді лақтырып тастап, 177 шақырым автожолды шайып кетіпті. Ал жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу жаңаша өсімге жеткізетін тәрізді. Қызу қарқынмен жүрген құрылыс, жөндеу жұмыстары қосымша керек-жараққа, материалдарға, жұмыс күшіне қажеттілік туғызған. Сөйтіп, Өскемен мен Семей қаласындағы керек-жарақ өндіретін комбинат, зауыттарға тың тыныс біткен. Олар ауылдардан түскен тапсырысты орындау үшін бірнеше ауысыммен жұмыс істеуге мәжбүр болған. Ол – қосымша табыс деген сөз. Осылайша, тасқын зардабын жою барысында 481 шақырым автожол, 17 шақырым электр желісі, 56 су құбыры жөндеуден өткен.
«Шығыстағы көктемгі тасқын бүкіл елімізге сынақ болды», – деп түйіндейді Бердібек Машбекұлы. Үкімет бірден 8 миллиард теңге бөлді. Ал әрбір облыс пен ірі компаниялар 50 миллион теңгеден қаржы аударса, Ақтөбе облысы 100 миллион теңге беріпті. Әсіресе қоғамдық ұйымдар мен осы аймақтан шыққан азаматтардың көмегін айтпауға болмайды. Олар қаржы аударып қана қоймай, туған-туыстарына, ауылдастарына азық-түлік, киім-кешек те жеткізіп беріп жатты. «Парыз» қайырымдылық қорына – 568 миллион, «Қасиет-бірлік» қорына 36 миллион теңгенің түсуі – соның айғағы. Оның бір тиыны да шашау шыққан жоқ. Бәрі де құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалды. Сондықтан да Шығыстағы тасқын зардабымен жеңісті біз бүкіл Қазақстан халқының жеңісі деп бағалағанымыз дұрыс болады», – деп тұжырымдады ойын Бердібек Сапарбаев.
Осы сапар барысында біз Тарбағатай, Зайсан, Күршім аудандарындағы бірнеше елді мекенде болып, сегіз айлық жанталастан соңғы сегіз минуттық салтанатты тамашаладық. Ол – жаңа пәтерлердің кілтін тапсыру салтанаты. Журналистер де жаңа пәтер иелеріне кілт тапсырып тұрып, құтқару мен қалпына келтіру жұмыстарына қатысы барын, мемлекеттің бір жүгі оның иығында жүргенін сезінсе керек. Сол шығыстан түйіп қайтқан үш анық бар:
Бірінші анық: қазақ елі мемлекет ретінде күш алып, нығайып келеді.
Екінші анық: білікті басшы – елге құт.
Үшінші анық: бірлігі күшті елден береке қашпайды.
Өскемен-Ақсуат-Зайсан-Күршім – Өскемен-Алматы
Қазіргі жағдай
Су басқан жеті ауданның көлемін тек картадан көруге болады
Қирап қалған ауыл мен опырылып ортасына түскен көпір қайта салынып, ел игілігіне айналды
Ел еңсесін тіктесе, есіл еңбек жанғаны, «елім» деген басшының орындалып арманы
Оңалған өңірде қан қысымы да қалпына келеді (120х80)
Жаңа мектеп – жанған шырақ
Дала төсін жаңғыртқан жаңа ауылдың еңсесі биік
Баспана кілтін баспасөз өкілдері табыстады
Тарбағатайдың төсінде қайта түлеген ауыл – бұл
PS:
Сегіз айлық жұмыстың нәтижесімен танысқан сапарымыздың соңында Қаратоғайда ауылдық емхананың ашылу салтанатына қатыстық. Жаңа емхананың бірінші емделушісі ретінде Бердібек Машбекұлы өзінің қан қысымын өлшетті. Дәрігер: «Бір қалыпты, 120*80», – деп жымиды. Біз сенген жоқпыз. Мынадай аттың жалындағы, түйенің қомындағы жанталаспен жүрген адамның қан қысымы бір қалыпты болуы мүмкін емес. Бірақ дәрігерге сенгіміз келді. Өйткені бәрі де ретке келді, қан қысымы да қалыпқа түсуі керек қой.