Күйеуі күштеп хиджаб кигізетін келіншек жұмысқа барарда хиджабын шешіп, жақын маңдағы дүкенге тастап кететінін айтты. Күйеуінің діни көзқарасына көңілі толмаған ол енесінің де ұлы үшін уайымдап, тіпті сақалын ұйықтап жатқан жерінен кесіп тастамақ болғанын айтады.
Бұл туралы NUR.KZ порталының тілшісі хабарлайды.
Айнұрдың айтуынша, (аты-жөні автордың сұрауы бойынша өзгертілді) оның тұрмысқа шыққанына бірнеше жыл болған. Бүгінде күйеуімен бірге бір ұл, бір қызды тәрбиелеп отырған ол ірі қаржылық ұйымда басшылық қызметте жұмыс істейді.
Алайда күйеуі діни ұстанымына байланысты оның хиджаб киюін талап етеді екен. Қомақты жалақысы бар, басшылық қызметтегі келіншек жұмыстағыларынан қысылып, хиджабын күйеуіне көрсетпей шешіп тастайды екен.
"Жұмысқа барарда хиджабымды дүкенге барып шешемін де, қайтарда қайта киіп аламын. Күйеуім бұл туралы білмейді. Себебі мен жұмысымнан айырылғым келмейді. Айына 300 мыңнан астам жалақы аламын, егер жұмыстан шығып кетсем ондай жұмысты кім береді маған. Ал жұмыс істемейін десем, күйеуім үйде отыр.
Оған тұрмысқа шыққалы бері еш мандытып жұмыс істеп, табыс тапқан емес. Анда бір, мында бір жұмыс істейді, оқыған оқуы да жоқ. Тұрақты жұмысқа тұруы да екіталай. Балаларымыз өсіп келе жатыр. Сондықтан мен жұмыстан шыға алмаймын. Ал күйеуіммен сол үшін ажырасқым келмейді. Сондықтан мәселені осылай шешіп, екі жаққа да ыңғайлы болатындай жасадым", - дейді ол.
Айнұрдың айтуынша, оның күйеуі сақалын өсіріп, қысқа балақты шалбар киеді. Тіпті ол жалғыз қызына хиджаб кигізгісі келітінін айтқан. Алайда Айнұр қызына хиджаб кигізгісі келмейді. Ол баласының еркін өскенін қалайды.
"Оның мұндай діни көзқарасына анасы да қарсы. Тіпті ұйықтап жатқан жерінен ұлының сақалын да кесіп тастамақ болды. Анасы уайымдап қатты жылайды. Ал күйеуім болса менің төркініме қонаққа шақырса мүлдем бармай бас тартады. Кейінгі кезде туыстарым жалғыз келгеніме ренжіп, жесір әйелдей жалғыз келме деп ұрсатын болды", - дейді ол.
Білім қуып, еліміздің белді университетін заңгер мамандығы бойынша бітіріп шыққан әйел күйеуін сүйетіндіктен ғана онымен ажыраса алмайтынын айтып отыр.
"Ол өздігінен отбасын асырай алмайды, тұрақты жұмысы жоқ. Сондықтан жұмыс істеп, ақша тауып отырған мені күнкөріс көзінен айырып, хиджаб киюді талап етуі орынсыз деп ойлаймын", - дейді әйел.
Болашағына қатты алаңдайтын ол күнде түнде жылап алатынын жасырмады.