Күйеуім балалы болғысы келмейді...
«Перзент сүйгісі келмейтін қандай адам?» деп таңғалып отырған боларсыздар? Әсілі, адам өмірінің мәні соңында ізін жалғастырар ұрпақ өрбіту емес пе? Иә, солайы солай ғой. Бірақ қазіргі біздің қоғамда бір балаға зар болып отырған отбасылар қаншама? Әдетте әйелі ұл туған еркекті батырға балап жатамыз. Ал егер әйел бала көтере алмай жүрсе, бұған еркектің еш қатысы жоқтай әйелді кінәлап шыға келетініміз өтірік емес. Өйткені көпшілігімізде отбасында баланың болмауы әйелге ғана байланысты деген түсінік қалыптасқан. Осы бір өзекті мәселеге «Алаш айнасы» да үңіліп көрген еді.
Гүлнұрдың мұңы
«Айдар екеуміздің отбасын құрғамызға он шақты жыл болды. Екеуміз де оқуымызды бітіріп, албырттықпен емес, отбасылық өмірге саналы түрде дайындықпен қадам жасадық. Тұрақты жұмысымыз да, баспанамыз да бар. Бірақ ата-ана болу бақыты бізге бұйырмай тұр. Алғашқы кезде құрсақ көтере алмай қалам-ау деген қорқыныш болмайтын. Өйткені балалы болатынымызға сенетінмін. Алайда жылдар өте келе ешқашан нәресте сүйе алмасам қайтем деген үрей бойымды билеп барады. Ал Айдар маған осы уақытқа дейін «Неге баламыз болмай жүр?» деп реніш білдірген емес. Әрнәрсе өз уақытында болады дейді де қояды. Соңғы уақытта қаралмаған дәрігерім, бармаған емшім қалмады. Олар менің денсаулығымда еш кінәрат жоқ дегенді айтады. Ал Айдар дәрігерге де қаралғысы келмейді, не ашылып сөйлеспейді. Кейде тіпті Айдардың баласы болғанын қаламайтындай көрінеді маған. Әлде ол әке болуға әлі дайын емес пе? Қазір маған айналамдағылардың «жассың ғой, әлі балаң болады» деген жұбатулары мені мүсіркегендей болып тұрады. Ағайын-туыс, дос-жарандар жиналатын жиындарға баруға да қысыламын. Кейбір аналар балаларын көшеге де тастап жатыр ғой, Алла тағала мен сияқты нәрестеге зар болған бейбақтың құшағына неге сәби бермейді деген ой мені жегідей жейді» деп мұңын шақты Гүлнұр есімді танысым.
Гұлнұрды тыңдап отырып, Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» шығармасындағы Шолпанның ішкі күйзелісі көз алдыма келгендей болды. Жатса, тұрса, Алладан перзент тілеген Шолпан жұбайы Сәрсенбайдың ойын ұға алмай қатты қиналған жоқ па? «Бала... бала екеуінің де жоғы емес пе? Екеуіне бірдей керек байлам емес пе? Сәрсенбай сол ортақ жоқты неге бірге іздеспейді? Баласыз өмірдің бос екенін неге сезбейді ол? Ол неге сол іздеу отына Шолпанмен бірге түспейді, бірге жанбайды? Еркек атаулы бала дегенде, ішкен асын жерге қойғанда, Сәрсенбай неге бала деп аузына алмайды?» деп Шолпан шарқ ұрған болатын.
Дәрігерлер не дейді?
Бүгінде Гүлнұрдың отбасындағы жағдай еліміздегі 20 мыңдай отбасында бар. Мамандардың айтуынша, жылына 160-170 мың неке тіркелсе, соның 20 пайызға жуығы бала сүйе алмайды екен. Дәрігерлер қазіргі таңда бұл жағдайға әсіресе еркектердің денсаулығы себеп болып отырғанын айтуда. Мамандар әйелдердің де ерлердің де бедеулігі мен белсіздігі туралы нақты деректер келтіріп, жыл сайын көрсеткіштердің өсіп келе жатқандығына алаңдаушылық танытып, дабыл қағып жатқаны көпшілігімізге аян.
Ерлан МҰСАБЕКОВ, уролог-дәрігер:
– Қазақстанда бедеулік әйелдер тарапынан 50 пайыз болса, еркектер жағынан да – 50 пайыз. Сондай-ақ жастардың салауатты өмір салтын ұстанбай, арақ, сыра, темекіге әуестенуінің салдары да – бедеулікке бастар бірден-бір жол. Онымен қоса адам жүйкесінің зақымдануы да, дәрі-дәрмекті шектен тыс пайдалану да ағзаға кері әсер етеді. Мына дағдарыс кезінде жұмыстан қысқарып қалу секілді фактілердің көбейгендігі де ер-азаматтардың көңіл күйіне ғана емес, денсаулығына да аса зиян келтіруде.
Иә, бүгінде ешкімнің денсаулығы 100 пайыз мықты емес. Бірақ қазіргі медицина дамыған заманда қандай дертті де алдын алып, емдеуге болатынын да дәрігерлер үнемі айтады. Алайда өз денсаулығындағы кінәратты сезе тұра, емделуге, балалы бола алмау себебін анықтауға ерлердің менталитеті, психологиясы мүмкіндік бермейді. Сондықтан да ер адамдар әйелдерге қарағанда дәрігерге 3 есе аз қаралады. Батыс мамандарының зерттеуіне сүйенсек, соңғы бір ғасырда әлем бойынша ер адамдардың бедеулігі мен белсізді 15-20 пайыздан 80-85 пайызға дейін өскен.
Гүлнар ТҰРАРҚЫЗЫ, дәрігер:
Менің дәрігерлік тәжірибемде көзім жеткені біздің қазақ жігіттерінде жалқаулық басым. Дәрігерге барып қаралауды үлкен проблема санайды уақытын бөлгісі келмейді. Ал емделу курсын бастаған жігіттердің көбі дәрі қабылдап жүріп темекші, шөп шегуін, ішімдік ішулерін тоқтатпайды. Кейбіреуі жаман әдетті уақытша қоюы мүмкін, бірақ қайта жалғасытырады. Олар өздерінің бұл қылығына уәж де табады. «Менің туыстарым мен таныстарымның арасында шылып шегіп те, арақ ішіп те көп балалы болып жатқаныдары бар. Осыған қарап қалып па?» дейді көп жігіттер. Алайда адамдардың бәрінің денсаулығы бірдей емес қой. Біреу генетикалық жағынан, енді біреу иммундық жағынан әлсіз болуы мүмкін. Ер адамның ұрығының аз болуы, ұрық құрамының әлсіздігі, сперматозоидтың қозғалғыштық қасиетінің төмендігі, бала кездегі аурулар иммундік жүйенің бұзылуы да белсіздікке ұрындыруы мүмкін.
Егер Қазақатанның Орта Азия елдері арасында ішімдік ішуден алғашқы орында екенін ескеретін болсақ, онда дәрігердің сөзінің жаны бар екенін түсінудің еш қиындығы жоқ. Ал ішімдік пен шөп шегу ер адамның әке атану қабілетін 70 пайызға төмендетеді екен.
Үш еркетің бірі ғана дәрігерге қаралады...
Деректерге сүйенер болсақ, жалпы мұсылман елдерінде отбасында баланың болмауына негізінен әйелдерді кінәлі де санайды. Сондықтан Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан секілді мемлекеттерде отбасын құрған жұптарда бір-екі жыл бала болмаса, ер адамның бірнеше рет үйленуге мүмкіндігі бар. Мысалы, Тәжікстанда әрбір бес отбасының біреуі бала сүйе алмайды екен. Бірақ дәстүрлі тәжік қоғамында ер адамның белсіздігі мәселесі ашық талқыланбайды. Ал Қазақстанда әрбір төрт еркектің бірі ғана дәрігерге қаралады.
Мамандардың айтуынша, кейбір мұсылман елдерінде ерлер енді-енді бедеулік пен белсіздіктен емделуге бет бұра бастаған. Біздің елімізде де соңғы 15-20 жылда репродуктивті медицина дамып, әйел мен ердің денсаулығы туралы ақпараттар кеңінен тарала бастады. «ЭКО-мед» секілді орталықтардың білікті мамандары дүниеге сау ұрпақ әкелу үшін әйел мен ер адам бірге емделу керектігін айтып, жарнамалап, халықты құлақтандыруда. Кейінгі жылдары денеден тыс ұрықтандыру арқылы дүниеге келген сәбилердің де саны артты. Ал бұған дейін біздің қоғамда да отбасында баланың болмауы еркекке де қатысты деген түсінік тіпті болған емес.
Баладан намыс артық па?
Сәбидің тәтті иісін аңсаған жұптар бала сүю бақытына кенелу үшін ең бастысы әрдайым бірге емделсе ғана нәтиже болатынын ерлерге түсіндіру өте қиын. Психолог мамандардың айтуынша, көп жағдайда шаңырақтың шайқалуына себеп болатын жанұяда баланың болмауы ғана емес, екі жастың бірін-бірі түсінісе алмауы, ер адамның өз кемшілігін мойындауға намыстанатыны. Біз жоғарыдағы Гүлнұрдың оқиғасына қатысты психолог-маманнан кеңес сұрап көрген едік.
Венетта ИМАНҚҰЛ, психолог:
– Әдетте әйел отбасын құрғаннан кейін бірден балалы болғысы келеді. Өйткені қыз балада аналық сезім ер адамдардан әлдеқайда басым. Сондықтан кейде нәзік жандылар бір-екі жыл бала сүйе алмаса, оған бірін бірі кінәлап араларын суытып алады. Бұл жағдайда Гүлнұрдың осыншама уақыт төзімділігіне сүйсінбеуге болмайды. Демек жұптар арасында сүйіспеншілік, қимастық бар. Кейбір баласы бар отбасылардың өздері ажырасып жатады. Айдарға келетін болсақ, оның бала сүюге талпынысының болмауына бірнеше себеп болуы мүмкін. Кейбір адамның мінезінің тұйықтығы оған ашылып сөйлесуге кедергі келтіреді. Меніңше, оған жақындарының қолдауы, білікті психологтың көмегі керек. Ал Гүлнұрға бойындағы қорқынышытан арылып, бір уақыт бала туралы ойдан сергігені жөн.
Психологтың кеңесіне құлақ түріп, ақылға келу, әрине, жақсы. Бірақ жігіттер намысты отбасынан артық қойғанша өз жүректерін тыңдаудан, қабырғаларымен кеңесуден неге қашады? «Адамның бір қызығы бала деген» деп ұлы бабамыз айтқандай, өлшеулі ғана ғұмырда ұрпақ өрбіту отбасының басты парызы емес пе? Біреулер үшін баласыз да отбасын берік ұстауға болатын шығар, дегенмен әке мен ананың ортасындағы дәнекер өз перзентіңнің маңдайынан иіскегенге не жетсін!