Қала үстінен қарайтын адамдарымыз бүгінде аз. Расында, күн ұясынан шапағын шашып ата бастағанда атқа қонып, бүкіл қаланың үстінен төне қарап, сұлу табиғатына сүйсіну де ғанибет қой. Бірақ мұндай мүмкіндік әркімге туа бермейтіні тағы анық. Ондай мүмкіндік краншы мамандарға бұйырған. Қалта томпайтары көп болғанымен, қауіпі де жоқ емес. Әрі сұранысқа да ие. Жарнама біткеннің жалаулатқаны да – осы маманға зәрулік. Бүгінгідей бәсекелестік заманында бәсекелесі жоқ жалғыз мамандық та – осы.
Ана бір жылдары еңбек рыногындағы сұранысқа қарамай, өзінің баласы көршісінің, құрдасының баласынан еш кем еместігіне сенімді қазақ елімізді қаптаған заңгерлер мен экономистердің «отанына» айналдырып жіберген-тін. Олар бүгінде қытайдың өтімсіз тауарындай сүрлігіп жүр. Колледж бен лицейге ұсақ-түйек деп қарайтын қазақтың көбі бүгінде жоғары білімді жұмыссыз. Сөйте тұра, прогрестің ғылымның дамуын қажет ететін уақытта білімді кадрларды күндіз шам алып іздесең де таптырмайтын жағдайға жетіп қалдық. Краншыға көкенің де, жәкенің де керегі жоқ. Орта арнаулы оқу орнын бітіріп, бір тілім қағаз алса, жетіп жатыр. Тәжірибе жинақтаса, тіпті қатып кетеді. Құрылыс қарқынды дамып отырған бүгінгі заманда краншының табанын жерге тигізбей қағып кетеді. Содан мұрты майланып, май шайқап отырғаны. Қаланың үстінен қарап... Иә, бүгінде кран машинисі мамандығын бітіргендер – жоғары оқу орындарының емес, колледждердің түлектері. Қара жұмыс демесең, нағыз мал табар кәсіптің өзі, әрі кірістің көзі де. Маман бар, сол маман жұмыс атқаратын жүк көтеретін крандарымыздың халі нешік? Бүгінде құрылыста ұзын мойнын ырғап қызмет көрсетіп жүрген крандардың дені – кеңестің сарқыты. Көбінің қызмет көрсету мерзімі өтіп кеткен. Ал Қытайда құрастырылатын крандар қаншалықты қауіпсіз? Бұған жарытымды жауап беру қиын. Нәтижесі – құрылыста краннан құлап кетіп зардап шеккендердің көбеюі. Осыдан екі жыл бұрын Шымкентте билбордқа жарнамалық плакат іліп жатқан жұмысшы 8 метрлік биіктіктен құлап кетіп мертікті. Сөйтсек, жүк көтергіш кранның темірі сынып кетіпті. Содан бүкіл жауапты органдар алашапқын болып, кран біткенді тізімдеп, тексеруге кіріскен. Ақыр аяғында құмға сіңген судай тыншыды. Не жұмыстың нәтижесі жоқ, не тізімнен алынған кран жоқ. Әйтеуір, тым-тырыс болды. Жұмыс кезінде мертіккен еңбеккерлері жоқ болса да, жамбылдықтар көтергіш крандардың ахуалын назардан тыс қалдырмапты. Бүгінде Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде жалпы саны 2333 жүк көтергіш кран тізімге тіркелген. Ауыр техникалардың басым бөлігі өткен ғасырдың 70-80 жылдары қолданысқа берілген. Тізімдегі крандардың 85 пайызының пайдалану мерзімі біткен. ҚР «Қауіпті өндірістік нысандардағы өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы» Заңы, аты айтып тұрғандай, қауіпті нысандардағы апаттардың алдын алуға байланысты кәсіпорындардың қауіптіліктің алдын алуға қаншалықты мән беріп отырғанын, сол сияқты басқа да қатынастарды зерделейді. Аталмыш заңның 11-бабы 18-тармағына сәйкес, барлық кәсіпорын басшылары мерзімі өткен жүк көтергіш крандарды, техникалық құрылғыларды белгіленген уақытта ауыстыруға міндетті. Крандардың жұмыс істеу мерзімі аяқталған жағдайда, лицензиясы бар мекемелерден техникалық куәландырудан өткізілуі тиіс. Одан кейін әрі қарай пайдаланудың ықтимал мерзімін анықтау үшін сараптама жүргізілуі қажет. Өткен жылғы және ағымдағы жылы тексеру жүргізу кезінде 53 кәсіпорында жүк көтергіш техникалардың қауіпсіздігі тексерілген болатын. Тексеру нәтижесінде қауіпсіздікті сақтауға мән бермеген кейбір кәсіпорындарға сақталуға тиісті нормалар мен талаптардың орындамағаны үшін ұйғарымдама жіберілді.
Шыңғыс МЕЛДЕБЕКОВ, Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:
– Облыс аумағындағы крандардың жұмысын пайдаланатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы ғана өндірісте қауіпті жағдайлардың орын алмауына септігін тигізіп тұр. Соның арқасында өндірісте жұмысшылардың қауіпсіздігіне төнер қауіп жоқ. Әрі бақытсыз жағдайлардың алдын алуға да сеп.
Сондай-ақ департамент тарапынан осы саладағы мамандардың біліктілігі және жұмысшылардың аттестациядан өтуі назарға алынады. Әрине, мұның бәрі де өндірісте еңбеккерлердің бақытсыз жағдайлардан сақтандырылуы үшін қажет. Елімізде құрылыс крандары шығарылмайды. Олардың барлығы да шетелдерден тасымалданады. Әсіресе қытайлық крандар бүгінде құрылысымызға қызмет етуде. Бір сағатының өзі пәленбай долларға жалға берілетін ондай крандарды сатып алу – кейбір құрылыс компанияларына арман ғана. Сол себептен де оны жалдауға мәжбүр. Қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс саласына аса қажетті техниканың қауіпсіздігі басты назарда болса, сонда жұмысшымыз да аман, құрылысымыз да тоқтамас еді.
Жуырда Төтенше жағдайлар министрлігі шағын және орта бизнес субъектілеріне әкімшілік кедергілерді жою мақсатында бірқатар шараларды қолға алған болатын. Министрліктің Мемлекеттік өртті бақылау басқармасының бас инспекторы Мейрамбек Қайсанов: «Министрлік жүк көтергіш механизмдер мен өздігінен жүретін крандарды пайдалану, апатты-құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі қызметтерді лицензиялаудан толығымен бас тартып отыр. Сонымен қатар өнеркәсіп қауіпсіздігі мәселелерін шешуде жеделділікті арттыру үшін Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті өз өкілеттігін аумақтық органдарына бөліп берді. Бұған қоса өрт қауіпсіздігі саласы бойынша лицензияланатын қызмет түрлерінен монтаждау, жөндеу сияқты бірқатар шаралар алынып тасталды», – деген болатын.
Краншылардың жағдайын кім ойлайды?
Последние статьи автора