Көріңіз, көңіл бөліңіз: эфирде – «Жетінші арна»!

Қазақтың телеиндустриясы жаңа арнамен толықты. «Жетінші арна». Алаш баласы үшін ерекше киелі санды еншілеген телеарна өзінің көзіқарақты көрерменімен де үш бірдей тоғыз тоғысқан күні (09.09.09 ж.) қауышқан болатын. Кеше Астанада телеарна басшылары оны жалпы жұртқа ресми түрде кеңірек таныстырып, баспасөз мәслихатын өткізді. Тұсауын кесті. «Жетінші арна» үш жылдың ішінде отандық телеарналардың үздік үштігінен орын алуды мақсат етіп отыр.

«Жеті саны – қазақ үшін қасиетті сан. Жеті деген жетістікті білдіреді. Біз де үлкен жетістіктерге ұмтылу мақсатында атын осылай қойып, жаңа арнаның тұсауын кесіп отырмыз», – деді «Жетінші арнаның» бас редакторы Бибігүл Жексенбай баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, ақпараттарды халыққа барынша жедел жеткізу мақсатында еліміздің барлық өңірін және Достастық елдерін қамтитын меншікті тілшілер желісі жасақталған. «Жақын арада бірқатар алыс-жақын шет мемлекеттерде, үлкен қалаларда, атап айтқанда, Мәскеуде, Пекинде және Еуропадағы жаңалықтардың қайнаған ортасы болып табылатын Брюссельде тілшілер қосынын ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Бибігүл Нұрғалиқызы.

«Жетінші арнаның» бас продюсері Михаил Дорофеев телевизия үшін жаңалықтар жанрының орны бөлек өнім екенін, сондықтан да оған ерекше назар аударылып отырғанын айтты.«Біз кәсіби дайындығы өте жоғары команда жасақтап алдық. Арамыздан болашақта жаңа тележұлдыздар шығады деп сенеміз. Біздің арнаға жұмыс істеуге ниет білдіріп, келушілердің ішінде тіпті бұған дейін қонақүйде қызмет еткен адам да болды. Біз оны жан-жақты сынап көрдік. Сынымыздан сүрінбей өтті. Көп кешікпей ол эфирге шығатын болады», – деді Михаил Дорофеев.

Жаңа арна апталық ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларының қазақшасын – «Нысана», орысшасын «Другими словами» деп атапты. Бибігүл Нұрғалиқызы былай деді: «Әр сенбі сайын эфирге шығатын «Нысана» бағдарламасы өзінің аты айтып тұрғандай, аптаның негізгі оқиғаларын нысанаға ала отырып, ең өзекті деген, көрерменге ой тастайтын әрі жалпы жұртшылықты толғандырған тың тақырыптарды қозғайтын болады. Оның форматы да басқа бағдарламалардан ерекше. Мұнда көтерілген әрбір тақырыпты тележүргізушімен қатар, елге белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, Парламент депутаттары да қатысып, талқылай алады». Сонымен қатар телеарнаның бас редакторы «Другими словами» мен «Нысананың» бір-бірінің аудармасы емес, өз алдына жеке-жеке бағдарлама екенін ескертті. «Кейде екеуінің көтерген мәселесі, тақырыбы ұқсас болуы мүмкін. Өйткені бағдарламалардың екеуі де аптадағы ең басты деген оқиғаларға құрылады. Бірақ әр бағдарламаның өз көрермені болатынына сенемін», – дейді ол. Оны бас продюсер де қоштады: «Аталған екі бағдарлама бір-біріне тіптен ұқсамайды, ақпаратты беру тәсілі де басқаша», – деп қосылды Михаил Викторович.

Майлы мәзір
«Жетінші арнаның» жұрт күтпеген сыйлықтары да бар екен. Солардың бірі – «Болашақ тобы» деп аталатын 65 сериялы анимациялық мультфильм. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған. Бибігүл Нұрғалиқызының айтуынша, бұл мультфильм әдеттегідей орыс тілінде емес, бірден екі тілде әзірленген. «Жасыратыны жоқ, телеарналарды сынаған кезде, бірінші кезекте балаларға арналған тәлім-тәрбиелік немесе танымдық мәні жоғары дүниелердің жоқтығы айтылады. Біз осы олқылықтың орнын толтыра отырып әрі болашақта елімізде ақсап тұрған анимация жанрына тереңірек бару мақсатында осы мультфильмді қолға алдық», – деп түсіндірді ол.

Жаңа телеарнаның бағдарламалар мәзірі ағымдағы ақпараттардан бастап, дүниежүзілік кино өнерінің жауһарына дейін, тіпті балаларға арналған алуан түрлі, қилы жанрдағы дүниелердің бәрін қамтыпты.

Сәтті сәрсенбі сайын шығатын «Кәсіби әңгіме» бағдарламасын экономист Жанат Ертілесова жүргізеді. «Время решать» аталатын келесі бір сараптамалық ток-шоудың алғашқы көрсетілімі қазан айына жоспарланыпты. Әзірге жүргізушінің аты-жөні құпия сақталып отыр. Би-Би-Си түсірген, талай жүлдені қанжығасына байлаған, әйгілі «Марстағы өмір» атты телехикаяны да «Жетінші арна» бірінші болып көрсетеді. Бір айта кетер мәселе, бұл туынды бұрын-соңды ТМД аумағында да көрсетілмеген. Қазақша сөйлей бастайтын телекөрсетілімдердің ішінде атақты «Бригада» (Ресей) телесериалы да бар. Сонымен қатар телеарна басшылары Би-Би-Си телекомпаниясы өнімдері ішінен Қазақстан үшін айрықша таңдалып алынған деректі фильмдер топтамасын ұсынуға уәде беріп отыр. Бас продюсер кез келген телекөрсетілімді таңдағанда оның біздің елде немесе ТМД-да көрсетілмегеніне көңіл бөлінгенін айтты. Әлемдік кино өнімдерін, телехикаяларды сапалы қазақшалау мақсатында телеарна жанынан екі арнайы дубляж студиясы ең жаңа технологиялармен жабдықталыпты. Сонымен қатар аудармашылар редакциясы құрылып, дубляжға театрда кәсіби шеберліктерімен көзге түсіп жүрген актерлар тартылып отыр.

Ирақ Елекеев, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Елімізде жаңадан ашылып, ақпарат айдынына жол тартқан жаңа 7-арнаның ашылған күні, яғни 09.09.09 саны есімде мәңгі сақталып қалатыны даусыз. Өйткені сол күні мен Парламент Мәжілісінің депутаты болып бекітілдім. Дәл сол уақытта мені келіп түсіріп жатқан камералардың біріндегі «7» деген белгі көзіме оттай басылды. Өзім оны жақсылыққа жорыдым. Себебі «7» саны қазақ үшін киелі сан. Құтты сан деп есептеледі. Сосын сұрадым. «Бұл не арна?» – деп. Оператор бауырым: «Аға, бұл бұрынғы ЭраТВ. Бүгіннен бастап «Жетінші арна» болып қайта жасақталды» деп жауап берді. Сосын «құтты болсын» дедім. Артынан білдім, бұл арнаның басшылығындағы азаматтар бұрыннан бері жұртқа жақсы таныс, танымал дарынды іскер журналистер екен. Бірден өзгешелігі паш етілді. Ақпарат айдынына жарқ етіп өзіндік үнімен, қолтаңбасымен шықты. Ісіне сәттілік тілеймін.

Жаңа арна болған оған жүктелетін міндет өте ауыр болады. Солардың ішінде Парламент қабырғасындағы дүниелердің бәрін халық біліп отырғаны дұрыс. Кімнің не істеп отырғанын, халық алдында жүктелген міндетін қай депутат қалай алып келеді дегендей. Осының барлығы ашық көрсетілуі тиіс. Жалпы, қай арна болсын оның халықпен тығыз жұмыс жасай білгені керек. «7-арнаны» мұндай асуды бағындыра алатынына мен өз басым толық сенімдімін. Алғашқы қадамын халық жақсы қабылдап жатыр деп айта аламын. Бұл арнаның өміршеңдігін көрсетеді.

Нұртай Сабильянов, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Мен өз басым бұл арнаның «7-арна» болып ашылуын бір ерекшелік, ұмтылыс деп есептеймін. Жеті санын халқымыз жақсы көреді. Қастерлейді. Мұндай ұмтылыспен, заманауи технологиямен бұл арнамыз арқылы күллі әлемге хабар таратуға болатын секілді. «Эра» телеарнасының бұрынғы ұмтылысы да өте қарқынды болатын. Жедел, сауатты, салихалы болатын. Ең бастысы, қоғаммен тығыз байланыста болды. Түбегейлі, жаңашыл бағдарламалар ұсыну арқылы халыққа түбегейлі бет алып келеді. Ол анық байқалып тұр. Болашақта ұлттық сана-сезімімізді қалыптастыратын дүниелер көреміз деген ойдамын. Халық отандық кинолар мен жаңа түсіріліп жатқан дүниелерді көруге ынтық. Жаңа арнаға қатысты атыс-шабыс кинолар мен өзгенің мәдениетін дәріптейтін дүниені арнадан аластатса деген тілегім бар. Ол аздаған топтың алдында ғана тиімді болуы мүмкін. Ал жалпы халық алдында керек емес. «7-арнаға» жемісті ғұмыр тілеймін. Еліміздің 18 қаласына хабар таратады екен. Бұл да үлкен жетістік. Болашақта ауылды жерлерге шарапатын тигізетініне сенімдімін.

Телеарна ұрпақ тәрбиесіне өте үлкен ықпал етеді. Сонымен қатар кез келген арнаның қазақ тіліне деген құрметі алғашқы сатыда тұруы тиіс. Аталмыш арна жақсы бағдарламаларымен оза шауып келеді. Бағдарлама жақсы болса, оны халық талғамайды. Ешкімнің діні мен тіліне қарамайды. Жалпы, халықты баурап алып жүре береді. «7-арнадағы» жаңашылдық осының бастамасы болса керек.

Әзімбай Ғали,  саясаттанушы,
– Қазіргі заманда теледидар – ең маңызды ақпарат көзі. Газет-журналдан да артық. Елімізде телеарна көп. Дегенмен отандық теларнаның бәрі бірдей емес. Бірі АҚШ-тан үлгі алса, көбі ресейлік арналар дәстүрімен қызмет етіп жатыр. Қандай елдің телеарнасы болсын ұлтқа, халыққа қызмет етуі тиіс. Алайда кейбір отандық арналар бұл дәстүрді ұмыт қалдырып жататыны құпия емес. Жаңадан бастау алған арна осы бағытта жұмыс істейді деп ойлаймын. Ол арнаның тізгінін ұстап отырған басшылыққа байланысты. Байқаймын, «7-арна» басшылары әбден ысылған телеөнердің ыстық-суығына төзген азаматтар екен. Олардың ұлт мүддесіне қызмет ететініне өз басым толық сенімдімін.

Кез келген телеарна бір жағынан дәстүрлі, екіншіден, модернистік болуы керек. Кезінде қазақ халқына тән ерекше дүниелерді өзге елдер, өзге каналдар алып алды ма деп ойлап жүретінмін. Енді, міне, бұл қаупімді жаңадан ашылған «7-арна» сейілтіп отыр. Ашылғанына көп бола қоймаса да, халықтың жүрегіне жол тауып жатыр. Қазіргі заманғы технологиямен жабдықталған жаңашыл арна екені байқалады. Мақсаты айқын, болашағы бар жоба екені көрініп тұр.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста