Контр-Страйктен асық атқан артық еді ғой
Компьютерсіз, ғаламторсыз мына заманда өзімізді не қолсыз, не аяқсыз мүгедек сияқты сезінетініміз рас. Десек те, ақпарат алмасып, құжат берісуге болмаса, бесіктен белі шықпай жатып денсаулығын құртатын бүлдіршіндерге бұл желі мүлдем арналмаған. Шетелдік мамандар да бұл мәселеге қатты алаңдап отыр. Себебі жасөспірімдер арасында невроз бен психоздың түрлері күннен-күнге дендеп барады.
Бірде сол желінің шұғыл көмегі керек болып, жертөледе орналасқан интернет залына жолым түсті. Терезесі жоқ, тастай суық, қараңғы бөлменің іші лық толы. Мектеп жасындағы балалар мектеп формаларымен кезектен кезек күтіп, әуре болып жүр. Құлақтарын тас жауып, әңгірлеп сөйлеп отырған оқушылардың бірінің бойынан тәрбиенің тіршілігі білінбеді. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, қара түтінге қақалып отырғандардың жасы –шамамен 10 мен 15-тің арасында. Компьютерінің экранына бір үңіліп, жағамды ұстадым. Қып-қызыл қан, атыс-шабыс пен төбелес. Ойнамақ түгіл, қараудың өзі қорқынышты. Есі шығып, ойынға қатты беріліп кеткен жас жеткіншектердің бетіне қарап сөйлемеу емес, маңына жақын барудан сескенесің. Ашуға булыққан балалар үсті-үстіне ақша төлеп, желіде «Контр-Страйкты» ойнап отыр екен. Желіде дегеніңіздің өзі – сол бөлмеде отырған балалар бірін-бірі өлтіріп, қан жосалап жатқаны. Еріксіз кезегін күтіп бұрышта тұрған баладан: «Ойынға не үшін келдің, сабағың қайда? Ойынға ақшаны қайдан алдың?» – деп сұрадым. Айтуынша, басы ауырған соң мұғалімнен сұранып, мектептен шығып кеткен, ал ақшаны әкесі береді. Бір қызығы, ата-анасы балаларының ойын залдарында отыратынын біле тұра, еш қарсылық көрсетпейтін көрінеді. «Бүк» пен «шікті» өмірі естіп көрмеген бала «GTA-сы» мен түрлі «страйктарының» тізімін тізіп, тақылдап тұр. Анасы болса: «Далада ойнама, біреулер ұрып кетеді, одан да сол залыңда тып-тыныш отыра бер», – деп үйретіпті. Қарап тұрсаңыз, таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыста отыратын ата-аналар мұндай орындардың бар болғанына шүкіршілік айтатын тәрізді. Ал ойынның бір сағаты – 100-150 теңге. Бір бала күніне кем дегенде төрт-бес сағат ойын ойнайтын болса, 400-750 теңге төлейді. Сонда бір айдағы сома 20 мыңның үстінде деген сөз. Оның орнына үйірмелерге қатысса шіркін?! Мысалы, домбыра үйірмелерінің орташа ақысы айына 10 мың теңге...
Өткен жылы тағы да осы атыс ойындарына қатысты бір оқиғаны өз құлағыммен естіп, шошыған едім. Алматы қаласында 6-сыныптың баласы «ойынды қой, ұйықта» дегені үшін әжесін ұрып, өлтіріп алған. Ең сорақысы, ойынын одан әрі жалғастырып, ертеңіне мектеп киімін киіп, интернет залына қарай тура тартыпты. Полицейлер де ойынқұмарды дәл сол арадан тапқан. Айта берсе, сол интернеттің пайдасы да, зияны да көп-ақ. Қай сілтемені бассаң да тәрбиелік мәні жоқ бейнеклиптердің шыға келетіні былай тұрсын, «агент» деген аурудың жабысқаны тағы да бар. Түнімен телефонға үңіліп, сабақтан да, ұйқыдан да қалатын бүлдіршіндер мектепке барып, парталардың үстіне бастарын қойып ұйықтаудан тайынбайды.
Осы жерде атам айтқан «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген нақыл сөз ойға келіп, біртүрлі болса да «мына заманда асық ойнаған озар ма еді?» деп тоқталасың. Себебі көк түтінмен көмкерілген күңгірт залдардан жазық жер, ауасы бар ауладағы асық ойыны әлдеқайда пайдалырақ.
Компьютерді қолданудың ережелеріне сәйкес, әрі кетсе 20 минут қана монитор алдында отыруға болады. Яғни көз жанарының зардап шегетіні бір мәселе, онсыз да экологияның зардабынан әлсіз қалған жүйке жүйесінің желідегі атыс ойындарынан тозбаса, пайда әкелмесі анық, бұл – тағы бір мәселе...
Психолог мамандар не дейді?
Ұл бала өсе бастаса қолына ойыншық мылтық пен қылыш ұстататын ата-аналардың өздері мұның неге бұлай екенін түсіндіре алмайды. Әйтпесе қыз бала екі жастан-ақ қуыршағының шашын өріп, өзін құдды анадай сезіне бастайды. Бұрынғының ұл балалары тым болмаса асық ойнап, атқа мінген. Ал қазіргі интернеттегі атыс ойындары балдырғандардың санасын улап, психикасына кері әсер етіп жатыр. Бірақ қоғамда асық ойынынан компьютерлік атыстарды пайдалы санайтындар да жоқ емес, тіпті психолог мамандар да табылды.
Анна Құдиярова, Қазақстан Ұлттық психоанализ қауымдастығының президенті:
– Баланың дамуы үшін кез келген ойын керек. Бірақ кезіндегі асық ойыны мен қазіргі интернет ойындарын салыстыра келіп, бірі зиян, бірі пайдалы дей алмаймын. Себебі екеуінде де құмарлық бар. Ал тәуелділіктің түбінде эмоциялық тәуелділік жатыр. Балаларды тәуелсіз қылып өсіруге тиіспіз. Оның үстіне, қазіргі заманда интернет пен компьютерді білудің еш ағаттығы жоқ деп есептеймін.
Бірақ балалар психологы мұндай пікірге қосылмады. Оның айтуынша, балалар өмірде сырқаттың, кәріліктің, өлімнің бар екенін білулері керек. Бірақ олар мұның барлығын өмірдің ақиқаты ретінде таныса, жеткілікті. Оның ішіне еніп, адам өлтіруге деген құлшынысын оятуына ересек адамдар жол бермеуі тиіс. Атыс ойындарын ойнайтын бала бұйығы болып қалады. Яғни оның өз замандастарымен қарым-қатынас жасауында қиындықтар туындайды. Себебі олар үшін жансыз кейіпкерлер мен мылтық ату ғана жандарына майдай жағатын көрінеді.
Атыс ойындары жүректі жаншып, теріде дақтар қалдырады...
Шетелдік ғалымдар балалардың көз бұлшық еттері тез талып, көз ішіндегі тамырлардың ересектерге қарағанда жылдам жарылып кететінін дәлелдеген. Сондай-ақ компьютерден бөлінетін толқындар бүлдіршіндердің орталық жүйке жүйесіне қатты әсер ететінін айтып, атыс ойындарын және жалпы компьютерді қолданбайтын балалар мен ойынқұмарларды салыстырып, зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, бір аптада бес-алты сағат компьютерге телміретін балалардың бас және ми ауруына шалдығуы, қолданбайтын балаларға қарағанда 15-25 пайызға артық болған. Ұзақ уақыт бір орында тапжылмай отыратын балғындардың бұлшық еттері қатып, өспей қалатыны тағы бар. Ең басты қорқыныш – қан айналымының бұзылуы мен жүрек тамырларының соғуы сирей беруінде. Ал мойынның сирек қозғалуы миға қанның толық баруына кедергі жасайды. Соның салдарынан балалар «бас сақинасы» ауруына шалдығады. Айта берсек, компьютерден бөлінетін ультракүлгін сәулелерден келетін кеселдің аз еместігі анық және мұның барлығы тек жүйке мен жүрекке қатысты. Керек десеңіз, компьютерлік ойындар балалардың терісін де бүлдіреді екен...
Айта кетейік, тақырыптың мақсаты компьютерлік ойындарды қаралап, «бәріміз асық ойнайық» деп үгіттеу емес.
Олеся Нұғаева, балалар психологі:
– Компьютерлік ойындар агрессиялық балаларды стреске матап қояды. Күні бойы экранға телміріп отыратын балаларға сыртта болып жатқан жайттар әсер етуден қалады. Бір нүктеге қадалуды әдетке айналдырған балалардың қан айналымы бұзылып, мидың жұмысы да нашарлай береді. Ал күнделікті қобалжудың жүрекке де кері әсер ететіні анық. Тіпті сол стрестен психосоматика ауруы туындайды, бала терісінде қызыл дақтар пайда болып, қышымаға айнала бастайды. Бір жағынан ауасы тар, түтіннен көрінбейтін залдардың да әсер ететіні сөзсіз. Бүлдіршін терісі жұмсақ болғандықтан, кейін сол қызыл дақтардың орындары қалып қалатын кездері бар.
Қазіргі қоғамда агрессияға бой алдырған адамдар онсыз да жетерлік. Өскелең ұрпақ қолына мылтық алмай, ұлтқа пайдасы бар іспен айналысса екен. Себебі «Болашақ бүгіннен басталады» емес пе?!
Совет-Хан Ғаббасов, медицина және педагогика ғылымының докторы, профессор:
– Жасыратыны жоқ, біздің елде қоғамдық тәрбие, адам тәрбиесі, ұрпақ тәрбиесі дегеннің бәрі өте жайсыз халде. Әрине, балаларымыздың аулаларда асық ойнағаны қамалып, атыс ойнағаннан мың есе артық еді. Себебі қазіргі балалар невроз бен психоздың құрбандары болып жатыр. Онсыз да ұрығынан уланып туылған балалардың арасында ақыл кемістігіне шалдыққандар өте көп. Өмірде жұқпалы аурулардан өзгенің барлығы да психикаға салмақ түсудің салдарынан пайда болады. Ал асық ойыны денені шынықтырып, физикалық тұрғыда байытатыны былай тұрсын, баланың ойлау қабілетін жетілдіріп, сабырлылыққа, төзімділікке үйретеді емес пе.