Бұлай демеске лаж да қалмағандай. Себебі елімізде техникалық мамандарға деген сұраныстың артып, ал оған техниканың тілін білетін мамандардың табылмауы ақиқатқа айналып барады. Қазіргі жаһандану заманында қазақтың ғылымы мен техникасын өрге сүйрейтін жас ғалым-техниктердің, өкінішке қарай, азайып, тіпті құрып бара жатқандығын айтсақ та жеткілікті.
Өйткені 90-жылдары бюджеттің бүйірі ортайған соң балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп, әрбір өңірде техникалық мектептер мен оқу орындарындағы конструкторлық үйірмелер көзден бұлбұл ұшты. Осылармен бірге аспанға қалықтап өздігінен ұшатын ұшақтар мен қолдан батпырауық құралдарын жасайтын балалар да жоғалып кеткендей. Бұл, әрине, қазіргі балалардың техникадан мақұрым қалғандығынан, яғни ешқандай қарым-қабілеті жоқтығынан емес, осындай іске үйрету істерінің кенжелеп қалғандығында болса керек.
Келмеске кетті деген кеңестік жүйенің даму жүйесін қаншалықты сын садағына алғанымызбен, ішінде іліп алып дәл қазір басты мәселеге айналған қазақ индустриясы мен инновациясын дамытуға, сондай-ақ жетіспей жатқан кадр резервінің қалыптасуына қолдануға болатынын ескермей келеміз. Кезінде тұтас КСРО-да техника саласында өнертапқыш атанған қаракөз жастардың елдің игілігіне тың серпін бергені, сөйтіп, болашақ ғалымдар мен он саусағынан өнер тамған майталман мамандар нақ осы жас техниктер стансысынан шыққаны тайға таңба басқандай анық. Қай жағынан алып қарасақ та, бұл жүйені қайта қалпына келтіру қазақ баласының техника саласындағы көзқарасының жетіліп, өнертапқыш балалардың ортамыздан шығуына септігін тигізбей ме деген ой да мазалайды.
Жалпы, қазір қазақтың техникалық ғылым саласы қандай деңгейде? Оның дамуына тың серпін берер жаңалық ашатын жастардың саусақпен санарлық болуына не себеп? Жастардың ғылыми-техникалық кәсіпте жетістіктерінің аз болуына қандай кедергілер бар?
Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, соңғы жылдары қазақ ғылымының, өкінішке қарай, қартайып бара жатқандығының куәсі боламыз. Өйткені бұрынғы ғалымдар мен өнертапқыштар, техник мамандарын ауыстыратын жастар қасқалдақтың қанындай қат. Бүгінгі жастардың көбісі әуе техникасының кішкентай үлгісін жасамақ түгіл, оның қандай болатынынан да хабарсыз. Ауылдық жерлерде техникалық саланы игеріп, қолдан түрлі ойыншық техникаларын жасауға құмар, соған бейімі мен икемі бар балалар бар болғанымен, олардың осы саладағы білімдерін жетілдіретін арнайы үйірмелер жоқтың қасы. Тіпті бір облыста бірде-бір техникалық салаға маманданған үйірме болмауы алаңдатады.
Марат ЫБЫРАЕВ, Ақмола облыстық білім басқармасының бастығы:
– Иә, шынымен де, басқа үйірмелер әрбір мектепте жетіп-артылғанымен, арнайы техникалық салаларға мамандандырылған үйірмелер жоғы рас. Кеңестік жүйе құлдыраған тұста уысымыздан шығарып алған «Жас техниктер стансысын» қайта қалыптастыруға, біріншіден, қаржы тапшы, екіншіден, үйретуші мамандар қасқалдақтың қанындай қат. Қазір бізде үйірмелермен «Әулет» орталығы айналысады. Бірақ онда да техникалық үйірмелер қолға алынбаған.
Кезінде еліміздің барлық облысында техникаға бейім өрендерді топ-тобымен даярлаған «Жас техниктер үйірмесінің» бүгінде жұрнағы да қалмаған. Бұл жөнінде Шоқан Елемановпен кездескен кезде білдік.
Шоқан ЕЛЕМАНОВ, жеке кәсіпкер, ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаушы:
– Шынын айтсам, қазіргі кезде техниканың тілін білетін өнертапқыштардың және осы салаға бейімі бар жас ұрпақтың азаюының себебі салаға үйрететін техникалық үйірмелердің жоқтығынан дер едім. Тәуелсіздік алғанымызға дейін сақталып тұрған «Жас техниктер стансысы» жүздеген талапты жасты шығаратын. Олар өз бұйымдарын облыстық, республикалық көрмелерге шығарып, жыл сайын өткізілетін республикалық сайыстарға қатысып қайтатын. Бұл жас буынның жанарындағы отты одан сайын үрлеп, олардың техникалық салаға мамандануына қызығушылығын арттыра түсетін.
Шебердің айтуынша, ол кезде балалар авиамодель, суда жүзетін модель, автомодель сияқты түрлерді жасаған. Республиканың әр түкпірінен жиналған талантты жас техниктер өздерінің қолымен жасалған ұшақтарын «Байсерке» алаңында ұшырып, жас өнертапқыштардың табыстары лайықты бағаланады екен.
Алайда жас техниктердің стансылары 90-жылдары тоз-тоз болып ыдырап, құрал-жабдықтар мен станоктар ондағы мамандарға жалақы есебінде үлестіріліп берілген көрінеді. Сөйтіп, Ақмола өңіріндегі Щучинск, Макинск, Саумалкөл, Көкшетау мен Чкалов қалаларындағы техникалық стансы құралдары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіпті. Мұндай ақылсыздықтан өнердің өкпесі қабынатынын түсініп, кежегесі кейін тартқанымен, басқа амалы қалмаған соң өзі пайдаланатын құрал-жабдығын жалақы орнына алған бұл азамат кәсібін әрі қарай өз бетінше жалғастыруға мәжбүр болған.
Қазір Шоқан ақсақал нарықтың заманына көндігіп, ұлттық қолөнер бұйымдарын шығарып, халықтың сұранысын қанағаттандырып отыр. Тұрмысқа қажетті жиһаздың барлық түрін жасайтын кәсіпкер әлі күнге дейін өзінің техникалық авиамодельдерін жасауды да тоқтатпаған. Оның қолынан шыққан «Аврора» атты суда жүзу құралы және әуе планері оны Кеңес Одағының спорт шебері де етіпті. Бірақ өнерлі азамат өз білгенін кейінгі ұрпаққа үйрете алмай құса болып отыр.
Сонда шынымен де білім ордаларындағы технология пәні ұстаздарының үйірме жүргізу қолдарынан келмегені ме? Әлде оған мүмкіншілік берілмеген бе?
Дулат ҚҰСАЙЫНОВ, технология пәнінің мұғалімі:
– Мектепте қолөнер бұйымдарын жасайтын үйірмені бірнеше жылдан бері жүргізіп келемін. Алайда сіз айтқан әуе планерлері сияқты модельдер жасауға, біріншіден, құрал-жабдықтар жоқ. Одан кейін оны оқушыларға үйрету үшін ең алдымен өзіміз біреуден үйренуіміз қажет қой.
Жалпы, елімізде бірен-саран облыстарда техникалық стансыларды қалпына келтіріп, жас техниктер мен конструкторларды дайындап жатқандардың барлығы қуантады. Мәселен, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында бұл іс алға дами бастапты. Ал жанымыздағы көршілес Ресей «Жас техниктер стансысын» тіпті мұртын да бұзбастан сақтап қалыпты. Еліміздің ертеңін ойласақ, талапты балалардың техникаға қарай мойын бұруын ойластырғанымыз жөн емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?
Конструктор балалар қайда кеткен?
Последние статьи автора