Көне заман батырының соңғысы
«Қасым Қайсенов қайтыс болды» деген қаралы хабар жетті...Таныстыруды қажет етпейтін есім. Қазақтың қара шалы, қара нары! Сол кісі мен үшін қазақы болмыс пен қазақы мінездің символы сияқты көрінетін.
Сол кісі...
Нар тәуекел, көзсіз ерлік —
болмысы.
Көшенейлер жырға қосқан кешегі
Көне заман батырының соңғысы!
Баяғының Батырлары қандай-ды:
«Суға салсаң батпайды,
Отқа салсаң жанбайды!»
Бүгін де көп «батырлар» –
Біреуіне мал қайғы
Біреуіне жан қайғы.
Сөз етейін бұ заманның
қай кейпін –
Ажа да жоқ «ай» дейтін,
Қожа да жоқ «қой» дейтін.
Тығырыққа тірелгенде иесі
«Астыңғы ерні жер тіреп,
Үстіңгі ерні көк тіреп»
Тұлпар да жоқ сөйлейтін!
Сол кісі...
Даңқына сай кең
пішілген мол кісі.
Қарғыс атқыр соғыс
мәжбүр етті ғой
Келмеп еді оның батыр болғысы!
Тұлпар енді түсіме –
Қылбұрауды салғандайын кісінеп
Жануар-ай, не айтқысы келді екен
Алмадым ғой түсіне...
Біреу тұрды жалын сипап тұлпардың
Ту сыртынан ұқсаттым Сол кісіге!
Біздің ұрпақ үшін Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетовтер «суға салсаң батпайтын, отқа салсаң жанбайтын» көне заман батырларының жалғасы іспеттес еді. Оларға батыр атағын алдымен халық берді.Олар шын мәнінде халық қаһарманы болып халық жүрегінде қалды!
Арамыздан бір-бірлеп бірнеше ұрпақ үлгі тұтқан тұлғалар кетіп барады. Қайсеновтермен бірге өзі де,сөзі де аңыз Ірілік, Кісілік кетіп барады. Тұтас бір кезең кетіп барады...
Сенің қаһарманың кім, интернет-ұрпақ?