Бүгінгі заман – электронды техниканың заманы. Бүгінгі заманды электронды техникасыз елестету мүмкін емес. Тіпті ол күнделікті тіршіліктің ажырамас бір бөлігіне айналды. Күнделікті ақпарат алуда, ақпарат алмасуда оның маңызы зор. Баласының компьютерді жетік меңгергеніне ата-ананың да қуанатыны анық. Алайда оның зиянды жағын ескеріп, баласының тәулігіне қанша уақыт компьютерге телміріп отыратынын бақылап, қадағалап отырған ата-ана жоқтың қасы. Ал мамандар болса компьютерді пайдалану ережесін ескермеу баланың денсаулығына зиян екенін айтады.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні бесіктен белі жаңа шыққан баланың компьютерден, ұялы телефоннан ойын ойнап отырғаны қалыпты жағдайға айналған. Тіпті екі-үш жасар баламыздың компьютерді меңгергенін айтып мақтанамыз. Ал оның зияны жайлы ойламаймыз да. Мамандар «компьютерге телміріп, уақытының басым бөлігін виртуалды әлемде өткізу бала денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, оның психологиялық құбыжыққа айналуына ықпал етеді. Сондай-ақ компьютерлік тәуелділікке, психологиялық күйзеліске ұшыратады» дейді.
Ресми мәлімет бойынша елімізде 700-дей компьютерлік клуб жұмыс істейді екен. Ал сол клубтардың бәрі бірдей санитарлық талаптарға сай емес көрінеді. Бірінде жарық аз болса, енді бірінде желдеткіш жоқ. Тағы бірінде тазалық сақталмаған. Сарапшылардың мәліметінше, сол компьютерлік клубтарда бір жарым мыңнан астам бала күнделікті екі сағаттан төрт сағатқа дейін отыратын көрінеді. Тіпті кей жеткіншектер уақытын таңертеңнен кешке дейін компьютерлік клубта, кештен түн ортасына дейін үйдегі компьютер алдында немесе ұялы телефон мониторына телмірумен өткізеді екен. Алайда санитарлық нормаға сай жас жеткіншектер компьютер алдында тәулігіне 20 минуттан артық отырмауы тиіс. Зерттеу барысында мамандар 12-13 жастағы балалардың 80 пайызының компьютерлік тәуелділікке бой алдырғанын анықтап отыр.
Қазіргі жеткіншектер тамақтан бас тартуы мүмкін, бірақ компьютер алдынан тұрғысы келмейтініне бүгінде бәріміз де куә болып жүрміз. Әрине, бұл алаңдатарлық жағдай.
Жанат ГАЙБУЛЛИНА, психолог:
– Соңғы уақытта балалардың компьютерлік тәуелділігі жайлы жиі айтылып жүр. Бұл келешек ұрпағымыз үшін өте қауіпті екені сөзсіз. Өкінішке қарай, компьютерлік ойындардың көбі атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа негізделген. Бұл жеткіншектің жүйкесіне кері әсер етеді. Үнемі осындай ойынды ойнаған бала ашушаң, ұрысқа бір табан жақын, түнеріп жүреді. Компьютер алдынан тұрған соң да, ойыннан шығып кете алмайды. Ойша әлі де ұрыс алаңында жүреді. Ондай балаға басқа дүниенің бәрі кейінгі дәрежелі болып қалады. Ештеңені ойлауға шамасы жетпейді. Басында үнемі қарсыласын қалай жер жастандыру, қалай жеңіске жету туралы ғана ой жүреді. Бұл баланың денсаулығына да, психологиясына да қауіпті. Кей жағдайда бұл балаларды өз-өзіне қол жұмсауына да апаруы мүмкін. Сондықтан ата-ана баланың компьютерде отыру уақытын қадағалап, шектеп отыруы қажет.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы компьютерлік ойынға құмарлықты нашақұмарлық, араққұмарлық дертімен қатар қойып отыр. Өйткені мамандар мұндай құмарлыққа бой алдырған баланың дерттен айығуы өте қиын деседі. Балалардың ұзақ уақыт тапжылмай отыруы өскелең жеткіншектің физиологиялық дамуына, дене бітімінің дұрыс қалыптаспауына кері әсер етеді екен. Ең бастысы – жүйке жүйесі өзгеріске ұшырап, бала ашуланшақ болып, агрессивті мінез қалыптасады. Сондай-ақ баланның оқуға деген ынтасы жоғалып, мектептен компьютерлік клубқа қашады, тіпті кейде балалардың үйден қашып, компьютерлік клубта қонып қалу жағдайлары да жиі ұшырайтын болған.
Жеткіншектер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі компьютер алдында көп отыратын балалардың 20 пайызында – бас ауруы, 33 пайызында – көздің ауруы, 14 пайызында – көздің бұлыңғырлануы, ал 5 пайызынан ұйқының бұзылуы секілді дерттер анықталған. Дәрігерлер балалар бойындағы ауру белгілерінің мұндай көріністерінің бара-бара әртүрлі ауруларға ұласып, асқынып кетуі мүмкін екендігін айтады.
Жұмаш ТІЛЕУБЕКОВА, педиатр:
– Соңғы кезде балалар арасында көз ауруының көбейгендігі байқалады. Әрине, мұның бір себебі – балалардың күнделікті теледидарға, компьютерге, ұялы телефонға ұзақ көз алмай қарауы салдарынан орын алып отыр. Сонымен қатар қазір жеткіншектер қатарында ішек, асқазан ауруымен шағымданатындары да жиі кездесіп отыр. Өйткені қазір компьютерден бас көтермей, уақтылы ас ішпейтін балалар көп. Олар тамақ ішуге уақытын қимай, тез дайындалатын тағамдарды ойыннан бас алмай отырып, компьютер үстелінің үстінде ішеді немесе тұрып-жүріп жей салады. Ал бұл баланың ас қорыту жүйесінің бұзылуына әкеледі. Сондықтан әрбір ата-ана баласының әр уақытта дұрыс тамақтануына аса мән беруі керек.
Өкінішке қарай, қазір баласының компьютерді пайдалану уақытын бақылап, шектеу орнына, үйінде бірнеше сағаттап баласымен бірге компьютер ойнайтын ата-аналар да бар.
Балаларды қорғау мақсатында көптеген елдерде компьютерлік клубтардың жұмысы қатаң бақылауға алынып, жеткіншектердің клубқа кіретін, онда өткізетін уақыты шектелген.
Бүгінгі таңда біздің елімізде де балалардың денсаулығына, дұрыс өсуіне зиян келтіретін ақпараттардан қорғау мақсатында бірқатар заңдар қолға алынып жатыр. Соның бірі – компьютерлік клубтарда зорлық-зомбылыққа, сексуалды сипатқа негізделген ойындардың болмауы. Алайда бала мәселесі сөз болғанда тек заң қабылдаумен шектеліп қалуға болмайды. Ең бастысы, жауапты органдар сол заңның орындалуын бақылап, қатаң қадағалауы қажет. Сондай-ақ әрбір азамат «бұл құқық қорғау органдарының жұмысы» деп қарамай, заңбұзушылық орын алып жатса, жедел құзырлы органдарға хабарласуы тиіс. Қоғам болып күрескенде ғана заңбұзушылыққа тосқауыл қою оңай боларын және ол әрбір азаматтың міндеті екенін ұмытпағанымыз абзал.
Компьютерлік ойындарға тәуелділік нашақорлық дертімен тең
Последние статьи автора