Жуырда Жамбыл облыстық прокуратурасы «Білім туралы» Заң талаптарының орындалу барысына және орта кәсіптік білім ошақтарының лицензиясының дұрыстығына тексеру жүргізген болатын. Әсіресе жекеменшік оқу орындары тек ақша табуды ғана көздеп, сапалы білім беруді ұмытқан ба дерсің. Білім беру ошақтарын лицензиялау ісінде көптеген қателіктер кеткен.
«Инемен құдық қазғандай» саладағы басты тұлға оқытушы десек, осы оқытушыларға қойылатын қарапайым талаптардың өзі сақталмаған. Тіпті білімдері нан тауып беріп отырған кәсіптеріне мүлдем сәйкес келмейтіндері көп. «Өркениет» колледжі өзінің атына сай білімді ұрпақ тәрбиелеудің орнына, сапасыз кадрларды жинап алған. Үкіметтің №452 қаулысына сәйкес, оқу орындарында жоғары және бірінші категориялы оқытушылар құрамы 40 пайызды құрауы керек. Ал өркениеттіктерде, керісінше, 10-ақ пайызды құрайды. Қазбизнес колледжі мен Тараз кәсіптік колледжінде жоғары категориялы оқытушылар құрамы – 15 пайызды, Тараз политехникалық колледжінде – 14 пайызды, Информатика, байланыс және технологиялар колледжінде 20 пайызды ғана құрап отыр. А.Асқаров атындағы Меркі экономика және құрылыс колледжі мен Шу теміржол колледжінде «Білім туралы» Заңның 51-бабын өрескел бұзу фактілері анықталды. Онда оқытушылық қызметке арнайы педагогикалық немесе кәсіптік білімі сай келетіндер қызметке алынуы тиіс болатын. Алайда Шу теміржол коледжінде денешынықтыру пәнінен оқу орнын локомотив және вагондар мамандығы бойынша бітірген Н.Қалынғараев және физика пәнінен 2008 жылы Қазақ көлік және коммуникация академиясын автоматика, телемеханика және байланыс мамандығы бойынша тамамдаған Е.Васильева сабақ беріп келген. Прокурорлық тексеруден кейін олар жұмыстан босатылды. Ал тексеру болмаса олардың жылы орнын суытпайтыны анық еді. Тараз медицина колледжінде де медициналық білімі жоқ оқытушылар сабақ беріп келген. Біліктілік талабы бойынша оқу орнында штатқа алынған оқытушылар саны 70 пайызды құрауы тиіс. Алайда бұл мәселеге мән бермегендер көп. «Байбура» колледжінде штаттағы оқытушылар саны 38 пайызды ғана құраған. Мұндай жағдай Тараз гуманитарлық-техникалық колледжі, көпсалалы «Әулие ата» колледжінің басында да бар. Ал талып түсердей таңғаларлық жағдай – Қазбизнес колледжінде. Онда штаттық оқытушылар мүлде жоқ болып шықты.
Кітапхана қорын толықтыруға мән бермейтіндер көп. Талапқа сай оқу орындары әр білімгерді 25 оқулықпен қамтамасыз етуі тиіс. Алайда «Өркениет» колледжінде бір студентке – екі ғана оқулық, Тараз политехникалық колледжінде төрт оқулықтан келеді екен. Білім және ғылым министрлігінің №673 бұйрығы бойынша, еліміздегі барлық оқу орындары мемлекеттік білім беру стандартына сай, білім ордасының материалдық-техникалық базасы сай болуы тиіс. Бірақ оқу орындары жауапкершілікті ұмытып, дауға қалып отыр. «Байбура» колледжінің екі қабатты ғимаратында төрт оқу аудиториясымен қоса, қонақүй де орналасқан. Оған ірі әріптермен HOTEL деп бадырайтып жазып қойыпты. «Өркениет» колледжінің ғимараты 4 қабатты жайға орналасқан. Бір қызығы – бірінші және үшінші қабатта Жамбыл политехникалық колледжінің жатақханасы орналасқан. Тексеру жүргізген күні «Бейнелеу өнері» бөлімінде оқып жүрген жеті студенттің алтауы сабаққа қатыспаған. Ал дәл осы пәннен беретін оқытушы болмағаннан кейін студенттер өз беттерінше «оқи» береді екен. Бұдан да қызығы – Тараз политехникалық колледжінде зертхана, шеберхана кабинеттерін «Өрт сөндіруші» ЖШС-ға, №5 емханаға жалға берген. Жамбыл экономика және құқық колледжі білім талаптарын өрескел бұзғаны үшін жабылды. Мұнда тіпті күндізгі оқу бөліміне қабылданған студент жоқ. Бар болғаны – 26 студентті сырттай оқытып келген...
Заң талаптарын өрескел бұзған оқу орындарына прокурорлық ықпал ету нәтижесімен 8 заңбұзушылық, 48 әкімшілік іс қозғалды... Міне, Жамбыл жерінде жаға ұстатарлық осындай жағдаяттар да болып тұрады... Аты аталған «Байбура» колледжінің директорынан пікір алмақ болып, апта бойы қоңыраулатқанымыздан түк шықпады. Орнында жоқ, ұстатпайды. Орынбасарларының да бірі жоқ. Ақыры кадр бөлімінің бастығымен тілдесудің сәті түсті. Оның айтуынша, директор жаңадан тағайындалыпты. Жұмыс орнында болмауының себебі де осы екен. Өзге өңірден болғаннан кейін әлі көшіп-қонумен жүргенге ұқсайды. «Отделкадрдың» айтуынша, қонақүй деп шошынудың қажеті жоқ көрінеді. HOTEL деп жазылып қойылғаны да рас. Бірақ онда тек спортшылар ғана түнемекке келеді екен... Байбуралықтардың басындағы жағдай – осы.
Бейқұт ЖАМАНКӨЗОВ, Жамбыл облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары:
– Прокурорлық тексеруден кейін аталмыш колледждерге әкімшілік айыппұл салынғаны рас. Жаңадан ашылған колледждер болғаннан кейін, әрине, кемшіліктер болады. Әр колледждің құрылтайшылары кеткен кем-кетіктің орнын толтыруға күш салып жатыр. Жуырда ғана осы мәселеге байланысты алқа мәжілісі болып өтті. Колледж басшыларымен түсінік жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, осы оқу орындарына тексеру жұмыстары жүргізілді. Білім басқармасы тарапынан, жалпы, әдістемелік, қолдан келген көмекті аянып қалып жатқан жоқпыз. Оларға қатаң талап емес, қолдау керек. Алдағы уақытта орын алған кемшіліктер жойылатын болады.