Елімізде ажырасу көп болғандықтан, «көкек әкелердің» де қатары жыл санап артып келеді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, алимент өндіру жөніндегі шыққан әрбір төртінші сот шешімі орындалмайды. Өткен жылдың қорытындыларын назарға салсақ, еліміз бойынша – 87 мың, ал Ақмола облысында 6 мыңнан астам «көкек әкелер» тіркелген. Туған баласынан безген безбүйрек әкелердің балаларын жастай «тірі жетім» атандырып, өз қанынан жаралған ұрпағына қатыгездік жасауы көңілге қаяу салмай қоймайды. Осындай қоғамдық ауыр мәселеден еліміз бойынша 100 мыңнан астам балалар зардап шегіп отыр. Ал алиментін ала алмаған мыңдаған аналар сот орындаушылардың есігін жағалап, ақша өндіру үшін жылап-еңіреп жүргендерін көргенде кірерге тесік таппайсың...
Бірақ сот орындаушыларының айтуларына қарағанда, «көкек әкелерден» алимент өндіру үшін терің қалың, яғни өте шыдамды болуың керек. Өз баласына ақшаны төлемес үшін аталған әкелер түрлі айла-шарғы қолданып, мәселен, жұмыс орындарын жасырып, жалақысын бухгалтерия арқылы бірнеше есе төмендетіп, дүние-мүлкін жақын-жуықтарына таратып, тіпті сот орындаушыларынан қашып-пысып, көздеріне түспеуге дейін барады. Туған баласының несібесін аузынан жырып, қара басының қамын күйттеген мұндай әкелер ар алдында да, Алланың алдында да жауапты екенін ұқпай жүр.
Бас прокуратураның мәліметтеріне қарағанда, қаржы дағдарысы басталғалы бері борышкерлердің қатары да көбейгенге ұқсайды. Сондықтан еліміздің Бас прокуратурасы өткен жылы «Мемлекеттік алименттік қор» құру қажеттігін алға тартқан болатын-ды. Бұл орайда құқық қорғаушылар шетелдердің осы істегі тәжірибелеріне сүйене отырып, алимент өндірудің жаңа тәсілдерін сыннан өткізу дұрыс деп есептейді.
Көкшетау қалалық аумақтық сот орындаушыларының қолындағы мәліметтерге үңілсек, алимент төлейтін отбасылардың көпшілігі расында да, жұмыссыз әрі үйсіз-күйсіз, ішімдіктің арбауында кеткен. Алимент өндіруге, мамандандырылған қалалық №3 аумақтық бөлім сот орындаушыларының қолда бар мәліметтеріне сүйенсек, дүние-мүліктен ада, яғни «бомж әкелердің» саны тек Көкшетау қаласының өзінде ғана 200-ге жетіп жығылған. Ал олардан заңмен бекітілген атқару өндірісі бар құжат қағазың арқылы алимент өндірмек болғаныңмен, түгі жоқ жаннан «тышқақ лақ та» өндіре алмайтының тағы – шындық. Аталмыш аумақтық бөлімнің жылдық қорытындыларына сәйкес, Көкшетау қаласында артқа тастаған 2011 жылда 1862 алимент төлеуші әке болса, соның тек 500-ден астамы ғана жұмыс істейді. Қалғандары одан-бұдан шатып-бұтып тірліктерін жасап жатқан жайы бар. Ай сайын баласына 14 мың теңге алимент төлеуге олардың құлқы да, қаражаты да сәйкес келмейді.
Бақытжан ОРАЗАЛИНА, алимент өндіруге мамандандырылған №3 Көкшетау қалалық аумақтық сот орындаушылар бөлімінің бастығы:
– Күніне бірнеше мәрте келетін жесір аналар сот орындаушыларының өздерін қарғап-сілеп кететін кездері де жиі кездеседі. Мұндай жағдайларды да түсінуге болады, себебі шиеттей балапандарын жалғыз асырап, күнкөрістің қамын күйттеген жесір аналар қоғамнан аз да болса жылылық күтіп, «түйенің танығаны – жапырақ» дегендей, заңды тұрғыдан көмек беруге тиіс сот орындаушысынан өзіне адамгершілікпен қарап, пәленбай жыл өз міндетіне салдыр-салақ қараған ажырасқан күйеуін жөнге салуды талап етеді.
Мұндайда сот орындаушылары «көкек әкелердің» баспанасы мен көлігін, болмаса, дүние-мүлкін қамауға алып, тұрмыстық заттарын аукционға қойып сатуға мәжбүр болады. Бұдан түскен қаражат алименттің аз да болса жыртығын жамауға кетіп, жаңағы ана мен баланың жанарынан аққан ыстық тамшыны құрғатуға жұмсалады.
Базалық мәліметтерге тіркелген мекенжайлары бойынша жұмыс орындарына таңғы алты-жетілерден бастап, күн батқанға дейін есіктерін қағып, зыр жүгіретін сот орындаушылар алимент төлеуге тиіс әкені шырақ алып іздесе де таба алмайтындарын, тіпті, кейде көпқабатты үйлердің жертөлелеріне де кіріп көрулеріне тура келетінін айтады. Ал кейбір жағдайда осындай адамдардың өз-өзіне қол жұмсамақ болып, тіпті сот орындаушыларын мертіктіруге ұмтылатын кездері де жиі кездеседі екен. Мұндайда сот орындаушысы еш қорғансыз қалуы да мүмкін. Сондықтан қауіпті атқару өндірістері, яғни алимент төлемейтін «көкек әке» темір тордың ар жағынан жаңа оралған қылмыскер болған жағдайда құқық қорғаушылары мен психолог қызметкерлерін қоса ертіп жүруге мәжбүр болатын кездер де болады.
Жалпы, дүниежүзілік тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, сот орындаушылары ең қауіпті он мамандықтың бірі болып тізімге енген. Қалтасы қалың, баласын асырауға ақшасы болса бір сәрі, көбінесе, қаражаты жетпеген жаны жаралы жалғызбасты аналар алимент өндіру үшін бастарын тауға да, тасқа да соғады. Ал сот шешімдеріне үңілсек, көп жағдайда, яғни сот процестерінің 99 пайызында ажырасқан жұптардың балалары шешелерімен кететін көрінеді.
Сондықтан бұл мәселенің мемлекеттік маңызы бар мәселе екенін естен шығармай, ертеңгі болашақ ұрпақтың яғни келешек отағасы болар ұлдарымыздың «көкек әке» болмауын ойластыруымыз қажет.
«Көкек әкелер» көбейіп барады
Последние статьи автора