Барлық мамандықтардың ішінде дәрігердің қателікке ұрынуының зардабы өте үлкен. Өйткені дәрігер қателігінің артында әрбір адамның тағдыры, тұтас өмірі тұрады. Әйтсе де қоғамымызда «дәрігердің қателігінен мүгедек атандым», «ақ халаттының жұмысына салғырт қарауының салдарынан туысымнан айырылдым» деп арыз-шағым айтатын жандар жетерлік. Сондағы олардың қалауы – дәрігер қолынан тағы бір науқас зардап шекпеуі үшін, қателік жіберген дәрігердің істеген қателігіне сай өз жазасын алуы. Сондай жандардың бірі – Мәмбетова Анар редакциямызға Қызылорда облысы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінен хат жолдапты.
«2011 жылғы қаңтар айының 24-і күні дәрігерлердің міндеттерін дұрыс орындамауының салдарынан, қайта ана болу қабілетімнен айырылып, мүгедекке айналдым. 22 қаңтар күні таңғы сағат 10:00-да ішімнен суы кетіп аурухананың босану бөлімшесіне бардым. Гинекология бөліміне жатқызу туралы тапсырма берілсе де, акушер-гинеколог Кутекеева Сәуле: «Толғақ басталмайынша перзентханаға жатқыза алмаймыз», – деп өзімнен қолхат алып, үйге қайтарды. Сол күні кешкі сағат 18:00-де әлсіз толғақ басталып, түнгі 23:00-де жедел жәрдеммен ауруханаға қайта бардым. Акушер-гинеколог Ерболатова Оразкүл қабылдап алып, босану бөліміне жатқызды. Толғақ күшейіп, 24 қаңтар күні таңғы сағат 6:00-ге дейін созылып, толғағым 4 минут сайын қайталанып тұрды. Алайда баланың жүрек соғысының әлсіреуіне байланысты, перзентхана бөлімінің бас дәрігері Тәжіғұлова Сара мен гинеколог Айтчекова Адия кесар тілігі арқылы босандырып алды. Операциядан кейін, екі тәулік өзімді жақсы сезіндім. Үшінші тәулікте жағдайым нашарлап, дене қызуым күрт көтеріліп, қан кетті. 28-29 қаңтар күндері дәрігерлер: «Жатырға қан ұйып қалған», – деп операция жасап, жатырымды тазалады. Айта кетер жайт, кейін белгілі болғандай, сол кезеңде жатырыма қан ұйығанынан емес, сәбидің жолдасының кішкене бөлігі жатырымда қалып кеткеннен операция жасалған екен. Жатырымды операция арқылы екі мәрте тазаласа да ыстығым түспеді. Ыстығым түспеген соң, А.Айтчекова мен С.Тәжіғұлова мені облыстық ауруханаға жіберді. Ақпан айының екісі күні облыстық аурухананың реанимация бөліміне түстім. Облыстық дәрігерлер диагнозымды анықтап, қайта операция жасап, жатырымды алып тастап, екінші рет ана болу бақытынан айырды.Өзім жатырымның алынып тасталғанын бір айдан соң естідім. Мен әлі жаспын, көп балалы ана болуды кішкентайымнан армандайтынмын, бірақ қазір ол арманым мәңгі орындалмасқа кетті»,– дейді хат иесі.
Мәмбетова Анар мен оның күйеуі Сүлеймен Әлібеков осы жағдайға байланысты өз ісіне салғырттықпен қараған дәрігерлердің үстінен ақпан айының 9-ы күні облыстық прокуратураға арызданған. Осыған орай, арыздағы деректерді анықтау мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің 2011 жылдың наурыз айының екісіндегі №40 тексеру тағайындау жөніндегі актісімен комиссия құрылып, Қазалы аудандық ауруханасына жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Нәтижесінде, кәсіптік міндеттерін дұрыс орындамаған дәрігерлер А.Айтчекова, С.Кутекеева, О.Ерболатова, Р.Боранқұловаларға әкімшілік жаза қолданылып, айыппұл төлету туралы комиссия қорытынды жасаған. Редакциямызға арызданған Анар: «Жалғыз мен ғана емес 2009 жылы осы перзентханада босанған, аталмыш дәрігерлердің бақылауында болған туысым 1972 жылғы Алданазарова Динаға да үш рет операция жасалып, жатыры мен қуығын қоса тігіп, қазіргі таңда бүйіріне трубка қойылып, кіші дәреті сол трубка арқылы бөлініп, мүгедек болып қалды. 2011жылдың тамыз айында осы ауданның тұрғыны 1992 жылғы Темірханова Әйгерімді де А.Айтчекова босандырып, жамбас сүйегі шығып кеткен және жатырында баланың жолдасының кішкене бөлігі қалып кетуіне байланысты жатырын алып тастаған. Бұлай бола берсе, қыз-келіншектерді үрей билеп, туудан қалады емес пе?» – дейді.
Айта кетер жайт, Мәмбетова Анардың ісі бойынша екінші қайтара құрылған комиссия тағы да дәрігерлерді ақтап шыққан. Алайда Анар өз бетінше жатырынан айырылған жоқ қой, ендеше бұл тексерулерді «қарға қарғаның көзін шұқымайтынымен» түсіндіруге болатын секілді.
Бақыт ТҮМЕНОВА, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті:
– Дәрігердің қателігінен жапа шегіп, оның қателігін дәлелдей алмаған науқастар бізге жиі шағымданады. Бұл – өте күрделі мәселе. Осындай арыздарды қарау кезінде тәуелсіз сарапшылар жетісе бермейді. Ал шағымды қарауға тағайындалған тәуелсіз сарапшының «тәуелсіз» деген аты ғана. Шын мәнінде, ол тәуелсіз сарапшының өзі бір ауруханада дәрігерлік қызмет атқарады. Осылайша, айналып келгенде, «қарға қарғаның көзін шұқымай» бәрі сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Сондықтан арызға байланысты медициналық сараптама жасау, арыз-шағымдарды тексеру кезінде міндетті түрде қоғамдық сарапшы да тағайындалғаны жөн. Әйтпесе, науқастардың құқын қорғау өте қиын.
Осы орайда, көбінесе дәрігерлердің жіберген қателігіне сай жазасын алу орнына еш жазықсыз болып шыға келетінін түсінуге болатын секілді. Шыны керек, елімізде дәрігер қателігінен мүгедек атанбақ түгіл, адам өлімі тіркеліп жатса да, дәрігердің жазаланатын кезі сирек. Мәселен, жақында кәсіптік міндетін дұрыс атқармай абайсызда қарияны өлтіріп алған медбике екі жыл шартты мерзімге сотталды. Отбасылық дәрігерлік амбулатория медбикесі 2009 жылы Өскемен қаласының тұрғыны 85 жастағы Надежда Угароваға «корглюкон» атты жүрек препаратын өз дозасынан 10 есе артық егіп қойып, өлтіріп алған. Марқұмның туыстары медбикенің салғырттығын екі жыл өткен соң ғана дәлелдеп шыға алған. Айта кетерлік жайт, адамдар көбінесе дәрігер қателігін дәлелдеуге табандылық таныта бермейді. Оның үстіне дәрігер қателік жіберген күннің өзінде оның ісіне тексеруді дәрігерлер жасайды. Осылайша, олар зардап шеккен науқасқа «бетбақтырмай» өз өздерін ақтап шығады. Сондықтан келешекте тиісті орындар науқастардың арызын тексеру кезінде шын мәнінде тәуелсіз сарапшы, қоғамдық бақылаушы тағайындаса, дәрігердің жауапкершілігін күшейтуге сеп болар еді. Мәмбетова Анардың ісіне орай, Қызылорда қаласынан екі қайтара құрылған комиссия да дәрігерлерді ақтап шығарған. Енді Денсаулық сақтау министрлігіне арызданып отырған Анар: «Бар үмітім министрлікте», – дейді. Жоғарыдағы ана атанамыз деп, мүгедек атанған аналар ісіне орай тиісті дәрігерге хабарласқанымызда да өздеріне шаң жуытпайтынын байқадық.
Сара ТӘЖІҒҰЛОВА, Қазалы аудандық аурухананың перзентхана бөлімінің бас дәрігері:
– Мәмбетова Анар ауруханаға құрсақтағы суы кетіп қалған соң келген. Алайда ауруханаға жатудан қорқамын деп, өз қолымен қолхат жазып, кетіп қалған. Бүгінде оның қолхаты істе тігулі тұр. Іштен суы кетіп қалған соң, жатырға инфекция оңай түседі. Толғағы басталған соң, қайта келген сәтте де: «Маған ештеңе жасамаңыздар, өзім босанам», – деп тағы да қолхат жазған. Дәрігерлердің толғақ шақыратын дәрі егуіне де қарсылық білдірген. Құрсақтағы бала тұншығатын болған соң, тез арада кесар тілігі арқылы босандырып алдық.Сол кездің өзінде жатырға инфекция түскенін байқап, емдей бастадық. Операциядан соң жатыр өздігінен жиналмағаннан кейін іште қан жиналып, оны кейін тазаладық. Алайда инфекцияның әсерінен қабынған жатырды алып тастауға тура келді. Дәрігердің айтқанына дер кезінде көнбеу салдарынан Анар өз жағдайын өзі ушықтырып алды. Ал Темірханова Әйгерім бүгінде ауруханадан үйіне шықты. Оған «туберкулез сепсисі» деген диагноздың қойылуына байланысты жатыры алынып тасталды. Алданазарова Динаға кесар тілігі арқылы операция жасау кезінде дәрігерлік қателік орын алғаны рас. Ол жағдайға байланысты сот дәрігерді кінәлі деп тауып, айыппұл төлеттірді.
Мәмбетова Анардың ісіне байланысты дәрігерлер кінәлі болмаса, «А.Айтчекова, С.Кутекеева, О.Ерболатова, Р.Боранқұловаларға әкімшілік айыппұл ретіндегі жаза не үшін белгіленді?» деген сұрағымызға бас дәрігер: «Науқастың қарсылығына қармастан емдеу шараларын жасамағаны, су кетуіне орай, дер кезінде ауруханаға жатқызбағаны үшін», – деп жауап берді. Аналардың да жағдайын білмек болып хабарласқан едік.
Әйгерім ТЕМІРХАНОВА:
– Қызылорда облыстық ауруханасы менде «туберкулездің белгілері жоқ» деп тапты. «Суық тигеннен өкпеге сары су жиналған» деген диагноз қойды. Ал жатырға қан ұйып қалғандықтан, жатырды алып тастаған. Алайда дәрігерлердің үстінен арыздану ойымызда жоқ. Олар да адамдар ғой, әдейі істемеген шығар, жанымның аман қалғанына шүкірлік етіп отырмын.
Дәрігер: «Біздің кінәміз жоқ, бар кінәрат аналардың өздерінде»,– десе, аналар: «Өздігімнен осындай күйге түскен жоқпын ғой», – дейді. Әйтсе де Сара Тәжіғұлованың «туберкулез сепсисі» деп тапқан диагнозының соңында дәлелденбей шығуы да көңілге күдік ұялатпай қоймайды. Ендеше, дәрігерлердің жауапкершілігін қайтіп арттырамыз? Айта кетерлік жайт, елімізде кінәсі дәлелденген дәрігерлердің өзінің жазалануы өте сирек. Осы орайда қателігі, жауапсыздығы дәлелденген жағдайда зардап шеккен науқасқа өмір бойы өтемақы төлеуді міндеттесек, дәрігердің жауапкершілігін арттырар ма едік деген ой келеді. Сонда дәрігердің салғырттығынан өмірлік мүгедек атанған жанға өтемақы алу арқылы бүлінген денсаулығын қалыпқа келтіруге мүмкіндік туар ма еді?! Сондай-ақ үшінші қайтара Денсаулық сақтау министрлігіне арызданып отырған Мәмбетова Анардың ісіне орай, әділ шешім шығарса, аналардың үмітінің ақталғаны болар.
Кінәлі мен кінәсізді қалай ажыратамыз?
Последние статьи автора